Мешіт салғанша, неге мектеп салмайды?
2018 ж. 28 мамыр
6200
0
Алматы қаласының Алатау ауданында, Алғабас ықшам ауданында 7000 адамдық зәулім мешіт салынбақшы. Ол мешіттің орны 16 мың шаршы метрді құраса, мұнараларының биіктігі 75 метрге дейін жетпекші. Атаулы мешіттің 9 мұнарасы болмақ. Сонымен бірге, ол жерде діни кітапхана, әкімшілік мекеме, діни рәсімдер залы, діни шәкірттер тәрбиелейтін медресе және дүкендер бой көтермекші.
Жалпы бұл мешіттің жерінің өзі үлкен орын алып жатыр. Соның орнына замануи білім ошағын ашса, жастар үшін қандай пайдалы болар еді.
Мысалы, Назарбаев мектебінің біреуі қазақтар тығыз орналасқан Алғабас ықшам-ауданында орналасса, бұл отаншыл әрі білімді жастардың қалыптасуына зор ықпал етері сөзсіз. Алатау ауданындағы мектептердің сапасы сын көтермейді.
Сол мешіт орнына халықаралық стандартқа сай сапалы білім ошақтарын көптеп ашуға көңіл бөлсе, бұл ұлт болашағы үшін өте маңызды қадам болар еді.
Интернетте жүрген макеті бойынша мешіт мұнарасы сары, алтын түсті (араб елінің үлгісінде) етіп жасалған, ал кесенелерден негіз алған дәстүрлі мешіт мұнарасы көк түсті болатын. Осыдан-ақ мешіттің болашақ бағытын аңғарғандай күй кешеміз.
Кейінгі жылдары Қазақстанның аймақтарында мешіт ашу «модасы» белең алды. Ауыз суы жоқ, жолы ойдым-ойдым, түрлі әлеуметтік мәселелері үйіліп қалған ауылдарда екі, тіпті үш мешіттен салынған жайттар кездеседі.
Бірақ содан халыққа не пайда? Қаптаған сансыз мешіттер тек діни фанаттардың қатарын көбейтуге қызмет етіп жатыр.
Егер билік Ислам дініне қолдау көрсетіп, мешіт салып берсе, онда еліміздегі өзге діндер мен діни бірлестіктерге де ғибадатхана мен шіркеулер салып беруі тиіс болады.
Өйткені, зайырлы қоғамда барлық діннің дәрежесі тең емес пе? Екіншіден, зайылы мемлекет дінді дамытуға қаржы бөлмейді, тек оны бақылауда ұстауға ғана қаражат бөледі. Бұл тұрғыдан да заңға томпақ жағдай қалыптастып отыр.
Үшіншіден, мешіт құрылысы мемлекет тарапынан салынса, ол қарапайым халықтың да қаржысы. Әрі-беріден соң елдің еңбегінің салығынан түсетін қаражат. Елдің қаржысына балалардың болашағын қамтамасыз ететін білім ошағын салған әлдеқайда ұтымды болмақ. Бұл шенеуніктердің де ар-ұятын қорғайтын нағыз ізгі іс аталар еді.
Зайырлы қоғамда діні өзге жұрттардың мазасын қашырып аңыратып азан шақыру қаншалықты орынды? Мысалы, 28 панфиловшылар саябағында орыс шікеуі қоңыраулары арқылы кейде санаңызды сансыратып жібереді. Будда ғибадатханасын да салайық, олардың ламалары ұратын даңғырлақтары бар. Әрбір діннің зікір салып ән айтып, би билейтін түрлі рәсімдері жеткілікті.
Солардың бәрін микрофон арқылы далаға айқалатып шығарып, елдің бір есін шығарайық. Себебі, бір Ислам дініне ғана жағдай жасап зәулім мұнаралардан айқайлатып азан айтқызған соң өзгелердің де меселін қайтару дұрыс емес болады ғой…
Бүгінде діншілдер араб-парсы елдерінің ортағасырлық салт-дәстүрлерін діни догматикалық тұрғыдан қабылдап, зайырлы қоғам ерекшеліктеріне қарсы келіп жүр.
Қазақ ұлты мен мемлекетін құрышы қанғанша жамандайтын олар араб елі туралы бір жағымсыз сөз айтылса, тұра ұмтылады. Діни араб халифатын құруды аңсайды. Мұны қазақ елінің тәуелсізігіне қарсы сатқындық дегеннен басқа амал жоқ.
Интернетте ғылым-білімге, ұлттық дәстүрге, гендерлік саясатқа, толерантты қоғам ерекшеліктеріне қарсы молдалардың уағыздары өріп жүр. Күннен күнге көбейіп жатыр. Қытай билігінің қандастарымызға деген теріс көзқарасы да Қазақстандағы уаһабизмдік синдром салдарын жақсы білгендіктен туындап отыр. Өйткені, мемлекеттік қызметте де теріс діни идеологиямен ауыратын қызметкерлердің жұмыс жасайтыны көпшілікке белгілі.
Қазыбек САРҚАСҚА,
Алматы қаласы
“Дат” газеті