Қазыбек Иса: ӘКІМ АНТ-СУ ІШСЕ ДЕ, БҰЛ АБАЙДЫҢ МҮСІНІ ЕМЕС!..
2018 ж. 24 мамыр
5835
2
Кешелі бері әлеуметтік желілерде Лениннен айнымай қалған Абай Құнанбайұлының бюстін түсірген видео тарауда.
Бұл ескерткіш Ақмола облысы Степногорск қаласындағы №6 мектеп-гимназиясының аумағында тұр екен.
"Мұнда бұрын Лениннің ескерткіші тұратын. Енді қазір ескерткішке тақия кигізіп, Абай деп жазып қоя салған. Бұл не сұмдық", - деп жазыпты видео авторы.
Осы мәселеге байланысты, Степногорск қаласының әкімі Әнуар Күмпекеев түсінік берді. Шаһар басшысының сөзінше, әлеуметтік желіде дауға іліккен бюстің орнатылғанына 40 жылға жуықтаған. Абайдың бюстіне дейін мектептің алдында ешқандай ескерткіш болмаған.
«Степногорск қаласының №6 орта мектебі 1977 жылы ашылды. Оның ашылуы 31 тамызда өтті, ҚазССР Халыққа білім беру министрлігінің шешімімен мектепке А.Құнанбаевтың есімі берілген. Мектеп екі корпустан (бастауыш және жоғары блок) тұрады, 2000 оқушыға есептелген. Екі жылдан кейін Алматы қаласында атақты жазушы және ақынға бюст құйылды. 1979 жылы қазан айында бюст Степногорск қаласына жеткізіліп, сәулетшілердің жоспарлауы бойынша №6 орта мектептің алдына орнатылған», – деп мәлім етті Әнуар Күмпекеев ҚазАқпарат тілшісіне.
Әкім қанша жерден «Бұл Абайдың ескерткіші» деп жанталасып, ант-су ішсе де. БҰЛ АБАЙДЫҢ БЮСТІ ЕМЕС!
Мен мұны тура осы ескерткіш қойылған 1979 жылы осы Ұлы Абайдың атындағы Қазақ педагогикалық институтының көркемсурет-графика факультетіне түсіп, 1984 жылы (Степногорск қаласының әкімі Әнуар бауырымыдың туған жылы) бітірген, жоғары білімді суретші, ақын ретінде мәлімдеймін.
Бұны тек суретші-мүсіншілер ғана емес, бюсті бір көргеннен кез келген қарапайым адамдар да айтады және айтып жатыр. Әлеуметтік желіде Қазақтың ұлы ақынын пролетариаттың көсеміне айнымай ұқсатып қойғаны үшін қатты наразылық өршуде.
Мен бұл бюстің суретін Қазақ педагогикалық институты көркемсурет-графика факультеті түлектері ашқан чатқа салып, көптеген суретшілердің (бұл топта елімізге белгілі дарынды суретшілер бар) пікірлерін де сұрадым.
Бәрі шошып кетіп, бір ауыздан «Мынау тақия кигізіп қойған Ленин ғой. Абайға еш ұқсамайды. Қазақтың ұлы ақынын осылай мазақ етуге болады ма?-деп наразылықтарын жазуда.
Кеше ақын Ғалым Жайлыбайдың 60 жасқа толуына байланысты Қарағандыда өткен үлкен жиында ақын-жазушылар мен зиялы қауымның ортасында отырып, бюст фотосын көрсетіп едім, бәрі бір ауыздан «Мынау Абай емес, Ленин ғой. Бұл қай жерде, кім қойып жүр бұны» деп, наразы болды.
Осыдан 4 жыл бұрын, 2014 жылы Өскемен қаласында Абай мен Михаэлиске ұсқынсыз ескерткіш орнатылып, «Қазақ үні» сайты үлкен шу көтеріп, оны бүкіл БАҚ қодап, ақыры ол ескерткіш алынып тасталған болатын. «АБАЙДЫ МАЗАҚТАҒАН ЕСКЕРТКІШ АЛЫНЫП ТАСТАЛДЫ!»
Енді міне, бұндай келеңсіз көрініс жастай қалай әкім болу керектігі туралы ақыл айтып жүрген Степногрск қаласының әкімі Әнуар Күмпекеевтің айтуынша 40 жылдан бері тұр екен!?.
Біз Степногорск қаласында тұратын, тұрған таныстарымызға хабарласқанда олар да бұны растап, елдің бәрі оны: «Бұл –Абай атамыз емес, тақия кигізіп қойған Лениннің ескерткіші ғой» деп, айтып-айтып қойғанына талай жыл болды. Бұны көтеріп жатсаңыздар, дұрыс болған екен, қолдаймыз» деп жазып жатыр.
Ескерткішке тапсырыс берген тарап, Степногорск қаласының әкімшілігі немесе гимназия басшылығы бұл ескерткіштің Абайдың бюсті екеніне шынымен «сенетін болса» онда оларды бюсті жасаған мүсінші жақсылап тұрып алдап кеткен. Ол кезде ең көп қолданылатын, сондықтан дайын тұрған Лениннің бюстін нашар өзгерте салған. Адамның ешкімге ұқсамайтын ең өзгермейтін бейнесі көзі мен қас-қабағын өзгертусіз қалдыра салған.
Енді мүсінді жасаған мүсіншінің кім екенін айтуды қажет деп таппаған Степногорск қаласының әкіміне бірер сұрақ:
1.Әрине, Әнуар Күмпекеев мырза, сіз қол астыңыздағылар дайындап берген жауапты жариялап отырсыз. Тиісті жауапты қызметкерлердің, мектеп басшылығының ақпары солай болуы керек. Бірақ сіз өзіңіз әкім болған 3 жылдан бері (оған дейін әкімнің орынбасары) сол Ұлы Абай атындағы мектеп-гимназияға бір рет барып, осы «Абай» ескерткішіне көз салып қарадыңыз ба осы уақытқа дейін?!.
- Бюсті көрсеңіз, қарапайым тұрғындар көз жеткізген масқара шындықты сіздің және Степногрск қаласы басшылары мен жауапты идеологтары неге көрмейді?
- Енді бұл ел наразылығын тудырып, 40 жылдан бері мазалап келе жатқан «ескерткішті» қашан ауыстырасыздар?
Бұл мәселеге Ақмола облысы әкімі Мәлік Мырзалин назар аударып, шешімін табуға ықпал етуі тиіс!
«Қазақ үні» ұлттық порталы бұл тақырыпты қадағалап, жұртшылықты хабардар етіп отыратын болады.
Қазыбек ИСА
Qazaquni.kz