Ақтөбеде «Социализм дәуірі» атты аллея ашылмақ
2018 ж. 21 мамыр
4433
2
Ақтөбенің шенеуніктері қаланың ең көрікті жерінен «Социализм дәуірі» деген аллея ашпақ. Ол жерге күнкөсем Лениннің, Фрцунзенің және Левон Мирзоянның ескерткіштерін қоймақшы. Бұл туралы zhasalash.kz сайтының өңірдегі тілшісі хабарлайды.
Аллеяға деп қаланың бас даңғылындағы «Нұр ғасыр» мешітінің артынан 1,12 гектар жер бөлген. Қазір дайындық жұмыстары жүріп жатыр.
— Тұңғыш президент саябағының кеңейту мақсатында, Сазды өзенінің жанындағы жерді бірнеше аумаққа бөлдік. Өнер орталығының артында саябақ жасамақшымыз. Тарихи аумақты «Социализм дәуірі» деп атасақ па деп жоспарладық. Тәуелсіздік алғанымызға 25 жылдан асып кетті. Қандай нәрсе болса да, тарих болып қалады ғой. Идеология өзгеріп жатыр. Сол социализм кезіндегі ескерткіштердің бәрін өңдеуге жібердік. Аумақты реттеп, көгалдандырып, кейін құрылыс жұмыстары біткенде тарихи аумаққа қоямыз деген жоспарымыз бар, — дейді Ақтөбе қалалық сәулет және құрылыс бөлімінің басшысы Таңат ШЕГЕБАЕВ.
Қалалық әкімдіктің бұл әрекетін әркім әртүрлі қабылдады. Біреулер бір түнде Левон Мирзоянның ескерткішін орнынан алып тастағанына шүйліксе, екіншілері құптап жатыр.
— Көше атаулары қазақшаланатын кез келді. Шыны керек, мен мысалы, осы Левон Мирзоян көшесінің байырғы тұрғынымын. Бірақ, ол кісінің тарихта аты қалатындай қандай шаруа тындырғанын білмейді екем. Біздің көшеге Бөкейханов аты берілсе, құптаймын,- дейді қала тұрғыны Серік МАХАНОВ.