Солтүстікке мыңдап қазақтарды орналастыру керек - аймақтанушы
2018 ж. 20 мамыр
4740
0
Ия, бәлкім көпшілікке утопия шығар, бірақ кезінде Ресей патшалығының тұсында Орталық Ресейден орыс-казактарын Қазақияға қоныс аудартулары утопия болған жоқ. Оларда сол кезде қазіргі "Серпін" бағдарламасынан күшті "Қарқын" деген шартты түрде мықты бағыты болды.
Бұл бір арба қоянды атып түсіретін бағыт - аграрлық, өндірістік, этникалық саланы күрт өзгертуге әкелді. Өкінішке орай, осылардың саясатына неге мән бермейміз?! Мысалы, 1763 жылғы генерал Шпрингердің айтуы бойынша, 100 мыңнан астам казактарды әскери өмірден - тұз шығару, отын тасу, пошта қызметі, баржаның жұмысына, диірмен, егіншілікке баулу үшін арнайы төлемақы төлеген. Мұндай әлеуметтік жағдайдан бөлек, 1861-1885 жылдары тағы да жүз мыңдай казак, орыс, украин шаруаларын қазақтың шұрайлы жерлерінен мәңгілік 30 соток жер, 10 жылға дейін салықтан босатылу жасалған. Генарап Гауфманның айтуынша, аграрлы саясатта шаруларға арнайы ақысыз құрал-саймандар, тыңайтқыштар тарытылып отырған. Ал Калпаковскийдің басшылығымен Жетісуға қонысы аударту саясатында әрбір орыс-казактың жанұсының әрбір ер адамына 30 десятина жер, бес жылға дейін салықтан босатылу қарастырылған, бұл Уақытша ережеде 1868 жылы бекітілген. Керек десеңіз, 1885 бекітілген Ережеде Шығыс Түркістаннан қоныс аударылған 71 мың ұйғыр-дүнген отбасыларына арнайы 10 десятина және үш жылға дейін салықтан босатылу жасақталған екен. Тоқетеріне келсек, 1926 жылғы санақ бойынша 6 млн. астам халықтың тек 51 пайызы қазақ болып, қалған жарты этникалық құрамы өзге ұлттардан құралды. Бұл сонау патша заманынан басталған "қарқын" деген реформаларының арқасында. Ал өзімізге келсек, өткен жылғы 7500-8000 отбасыны бес облысқа жеткіздік деп бөркімізді аспанға атқан "Серпінмен" сеңкілдеп қайда барамыз? Мына түрімізбен, 15 пайыз қазақ бала-бақшасы бар Солтүстік Қазақстандағы қазақтың санын 35-40 пайызға қашан жетеміз?! Осы туралы алдыңғы посттарымда да айтқан болатынмын. "Серпінге" қарқынды ұлттық стратегиялық мәртебе беріп, арнайы ауқымды көмекпен, үлкен жеңілдіктермен халықты көшіру керек. Жоғары да келтірген фактілерге қарасақ, ең болмағанда барлық елге ортақ бағдарламалардан өзге, арнайы жер телімдерін беріп, салықтардан босатып, инфрақұрылымды күшейтіп, керек-жарағын беріп, кәсіпкерлікті дөңгелететін арнайы бағдарламаларды жасақтауға болады. Егер де ұлттық бағдарламаға енсе, онсыз да сорлаған банктерге қайта-қайта қаржыны Ұлттық қор мен Зейнетақы қорынан бөліп жатырсақ, осындай стратегиялық бағыттарға неге бөлмеске?! Бұл ұлттық қауіпсіздік пен ұлттық саясаттың мәселесі ғой. Келешекте қит етсе қазақтың саны аз осы солтүстіктегі бес облыстарынан қорқамыз, себебі, кешегі "бесмертный полк", казактардың тайраңдай бастауы бұл үлкен сигналдың белгісі. Сырттағы ағайынды да осыған белсендіретін саясатты да күшейткен абзал. Сондықтан, арнайы "Ауыл жылы" сияқты бес-он жылдық ұлттық бағдарлама керек. Жыл сайын 50-60 мыңдап халықты Солтүстікке шақырып, жағдай жасап отырмасақ, бармағымызды шайнап қаламыз, насырға шапқан күндері... Екіншіден, міндетті түрде, басы сәтті басталған "Дипломмен ауылға" бағдарлмасын "Дипломмен отанға" дейміз бе, әйтеуір осы бағытты жасақтап, диплом алған жас маман, жас кәсіпкер, жас аграном, жас менеджерлерді арнайы күшейтілген мүмкіндіктер мен жеңілдіктерді қарастыратын Солтүстік бағытына бағдарлау керек. Және, солтүстіктегі абитуренттерге отандық ЖОО-нда оқу бағытында жеңілдіктер мен арнайы гранттарды ойластыру керек, Себебін жақсы білесіздер, көрші елде оқу әлде-қайда тиімділікке айналған. Сол стереотипті бұзып, расымен жастардың білім мен кәсіп алу бағытында аймақтық бағдарламалар жасақталса деген ой біздікі. Бәрі ниеттегі іс бұлар, мемлекеттің ертеңін ойлайық!
Мақсат Жақау, Аймақтанушы