«Хирург шыдамапты…». Мәскеуде көз жұмған қазақ қызының анасы сұмдық жайтты айтты
2018 ж. 20 мамыр
20303
0
Мәскеуде тергеушілер қаза тапқан Томирис Байсафаның өліміне қатысты істің бабын осымен үшінші рет өзгертіп отыр.
Дағыстандық жігіттің сөзіне сүйенген тергеушілер оқу орнының төртінші қабатынан құлап кеткен қыз өзіне қол жұмсады деген тоқтамға келген, деп хабарлайды КТК арнасы.
Қайғылы оқиға орын алған күні Томиристің жанында болған дағыстандық жігіт күдіктіден куәгерге айналып шыға келді. Алайда марқұмның анасы Жанна Ахметова қызына қастандық жасалғанына сенімді. Сондықтан істің бұлайша насырға шапқанына наразылық білдіріп отыр. Ендігі ол бұған дейін тергеушілер айтқызбаған сұмдық жайттарды айтып беруді ұйғарды.
Жанна Ахметованың сөзінше, күні кеше Томиристің өліміне қатысты «кісі өлімі» бабына сәйкес іс қозғалғанымен, ендігі «өзіне қол жұмсау» бабына өзгертіліпті.«Тергеу қызды суицид жасады деп отыр. Меджидовтың берген жауабына сәйкес сондай шешімге келіпті. Меджидов деген істің басында күдікті еді, енді куәгер боп шыға келіпті. Мұндай тергеуге қалай сенуге болады, айтыңызшы? Сенбеймін, істі бұрмалап жатыр», – дейді марқұм Томирис Байсафаның анасы Жанна Ахметова. Ахметованың сөзінше, бастапқыда ол тергеуге сенгендіктен, іске араласпауды жөн көрген. Алайда тергеушілер қыздың өзін кінәлі қылып шығарған соң, араласуға мәжбүр. Оның сөзінше, қызы оқу орнының терезесінен құлап кеткенде, куәгерлер терезенің ар жағында біреудің тұрғанын көріпті.
«Қызды лақтырып жібергенін көрдік деген куәгерлер болған. Ол куәгерлерді кейін таппай қалдық. Көше бойынан көрдік деп болған жайтты айтып берген еді. Енді тергеу оларды жоқ деп отыр», – дейді марқұм Томирис Байсафаның анасы Жанна Ахметова.Ал Дағыстанның бұрынғы Үкімет басшысының баласы Муртузали Меджидов тергеу барысында жауабын бірнеше рет өзгерткен. Мұнан соң оны сұрақтың астына алған тергеуші ауыстырылған. Қаралы отбасын күдіктендіріп отырған да дәл осы жайт көрінеді. Аталған іске қазақстандық елшілер де араласқан. Олар марқұмның анасына қорғаушы тауып бергенімен, тергеуге әсері болмапты. «Қорғаушыны ұйымдастыру шараларын тағы да жасадық. Қорғаушыны бердік, ұсындық. Әрине, елшілік басшылығы бұл істі жіті бақылап отыр және үнемі байланыста барлық құзырлы орындармен. Іске араласуға ешқандай дәрменіміз, құқығымыз жоқ, бірақ дегенменде біз бақылауда ұстап отырмыз», – дейді Қазақстанның Ресейдегі елшілігінің баспасөз хатшысы Жанар Колбачаева.
Ал Томиристің өзіне қол жұмсағанына ресейлі дәрігерлер де сенбей отыр. Ахметованың сөзінше, қызына ота жасаған хирург оның қолынан біреудің күштеп ұстағанынан қалған ізді байқапты.Сондай-ақ, оқиға орнына тексеру жүргізген мамандар да терезенің жақтауынан қыз терісін тауып алған. Өз кезегінде бұл Томиристің өлер алдында әбден жанталасқанын аңғартуы мүмкін.