Сыртқы істер министрлігі "Ақ жол" партиясының Қытайдағы қандастар мәселесіне қатысты сауалына жауап берді
2018 ж. 18 мамыр
8436
0
"Қазақ үні" ұлттық порталы Қытайдағы қандастардың тағдырына алаңдаушылық білдіріп, бұл мәселені басты назарда ұстап отырғаны қалың оқырманға белгілі. Осыған дейін Бейжіңдегі әлемдік саяси партиялар жетекшілерінің I xалықаралық форумында «Ақ жол » партиясы төрағасы, Мәжіліс депутаты Азат Перуашев пен партия төрағасының орынбасары, "Қазақ үні" газеті президенті Қазыбек Иса Қытайдың мемлекеттік төрағасы Си Жинпинге жазылған, Қытайдағы қамалған 112 қазақ тізімі бар хатты Қытай Коммунистік партиясы Орталық Комитетінің Халықаралық істер департаменті меңгерушісінің орынбасары (министрдің орынбасары) Шэн Бэйли xанымға тапсырғаны туралы жазған болатынбыз. Қандастардың қиын тағдырын бейжай қарамайтын "Ақ жол" партиясы мен "Қазақ үні" басылымы содан бері де бұл тақырыпты ұдайы қозғап келеді. Мәселен, Мысырдан Қазақстанға ұшып келген қандасымыздың кері қайтарылғаны туралы "Қазақ үні" порталында "Әуежайдан жүкті әйелді кері қайтарған шекара қызметі сауатсыз ба, әлде жауапсыз ба?" атты мақала жарияланып, қоғам ішінде үлкен резонанс тудырған болатын.
Сол секілді елеулі ақпаратты қалт жібермей, қадағалап отыратын портал редакциясы "Ақ жол" партиясының төрағасы, Мәжіліс депутаты Азат Перуашев пен Мәжіліс депутаттары Ерлан Барлыбаев, Берік Дүйсембинов Қазақстанның Сыртқы Істер министрі Қ. Әбдірахмановқа Қытайдағы қандастардың мәселесіне байланысты ресми сауал жолдағанын хабарлайды. Сыртқы істер министрлігінен келген ресми жауапты оқырман назарына ұсынамыз.
Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттары
А.Т. Перуашевқа,
Е.Х. Барлыбаевқа,
Б.С. Дүйсембиновке
2018 ж. 18 сәуірдегі
№ 10-11-639 хатқа
Құрметті Азат Тұрлыбекұлы, Ерлан Хайланович,
Берік Салимжанович!
ҚР Сыртқы істер министрлігі Сіздер жолдаған Қытай Халық Республикасындағы (ҚХР) этникалық қазақтар төңірегінде қалыптасқан жағдайға қатысты ақпаратты қарастырып, келесіні хабарлайды.
ҚР Сыртқы істер министрі Қ.Абдрахмановтың ҚХР Сыртқы істер министрі Ван И-мен болған кездесуінде (2018 ж. 24 сәуір, Бейжің) және ҚР СІМ бірінші орынбасары М.Тілеубердінің ҚХР Үрімші қаласына арнайы жасаған сапары барысында Шынжаң ұйғыр-автономиялық районының (ШҰАР) басшысы Чэнь Цюаньгомен және басқа жергілікті басшылармен өткізген келіссөздерде (2018 ж. 17-19 сәуір) бұл мәселе көтеріліп, олардың назарына жеткізілді.
Қытайдан шыққан қандастарымыздың Еліміз тәуелсіздік алғаннан бері екі ел арасын "жалғастырушы көпір" ретінде екіжақты достықты нығайтуға қосқан үлестерін қытайлық тарапқа атап айта отырып, қордаланған сұрақтарды шешу жөнінде өтініш білдірілді. Қос азаматтағы үшін ұсталған ҚР азаматтарын босату (сапар алдында өткен келіссөздердің нәтижесінде 5 ҚР азаматы, одан бұрын 4 ҚР азаматы босатылды), ҚР азаматтарының Қытайға барып шыға алмай отырған туыстарының (ҚХР азаматтары) отбасына оралуы туралы және екі мемлекет арасындағы көші-қонға қатысты т.б. өзекті мәселелер талқыланды.
ШҰАР басшылары этникалық қазақтар жөніндегі мәселелерді Қытайдың ішкі заңнамасына сәйкес, Қазақстан мен Қытай арасындағы достық қатынастар және тығыз ынтымақтастық негізінде қарастыратынын мәлімдеді.
Қытай азаматтары болып табылатын қазақтарға қатысты енгізілген қатаң тәртіпті Қытай басшылығы терроризм мен экстремизмге қарсы іс-қимылдар бойынша қабылданған қытайлық жаңа ережелерді іске асыруға байланысты барлық ҚХР азаматтары үшін заңды орындауға бағытталған шара деп түсіндіруде.
ҚР Сыртқы істер министрлігі қазақстандықтардың Қытайдағы қазақ ағайындарын шақыртып келтіре алмауы, Қытайға барып, қамауға алынып, кері қайтарылмауы, онда қалып қойған отбасы мүшелерінің Қазақстанға жіберілмеуі, тарихи Отанына қоныс аударуы және ағайындардың барыс-келістері жөніндегі қиындықтарды қытай тарапымен өткізілетін түрлі деңгейлердегі кездесулерде көтеруде. Қытайлық тарап Қытай азаматтарына қатысты мәселелер толығымен Қытайдың ішкі ісі деп қарастыруда.
Бұл ретте, 1963 жылғы 18 сәуірдегі Консулдық қатынастар туралы Вена конвенциясының 55-бабының 1-тармағы бойынша бір мемлекет екінші мемлекеттің ішкі істеріне қол сұғуына құқығының жоқ екеніне назар аудартамыз.
Қазақстан азаматтарының Қытайдағы туыстарының барыс-келісін жеңілдету, Қазақстандағы отбасымен қауышуы, тарихи Отанына көшу мәселелері бойынша туындаған сұрақтарды қарастыру жөнінде қытайлық тараппен пысықтау жұмыстары жүргізілуде.
Сауалға жауап ретінде хабарлануда.
Министрдің орынбасары Е. Ашықбаев
17 мамыр 2018 жыл.