ҚАРЖЫ САЛАСЫНДА ҚАШАН ТӘРТІП ОРНАЙДЫ?
2018 ж. 12 мамыр
5216
0
Қазіргі капиталистік жүйеде барлық мәселені ақша ғана шешетініне көз жеткізіп болдық. Қаржысыз ешқандай мемлекет алға қарай қадам баса алмайды. Экономикасын дамытамын деген ел ең алдымен қаржы мәселесін мықтап қолға алтынын да көріп жүрміз. Өкінішке орай, басына бақ, қоржынына құт қонбаған біздегі қаржы саласы ширек ғасырдан аса халыққа лайықты қызмет көрсете алмай келе жатқаны жалпыға мәлім. Жиырма алты жылдық тарихында Қазақстан банктері бұқарадан бір жылы сөз естіп көрмепті. Қарапайым халықтың алғысын емес қарғысын алып келеді десек те қателеспейтін шығармыз. Оған дәлел ретінде банктердің тойымсыздықпен тағайындаған жоғары мөлшерлемесін төлей алмай, жалғыз баспанасынан айырылған жүздеген алымшылардың жанайқайын айтсақ та жеткілікті.
Жаза-жаза жауыр болған осы бір тақырыпқа қайта-қайта оралуға тура келеді. Өйткені біздің банктердің жұмысы ешқандай сын көтермейді, тіпті солардың не істеп жатқанын адам түсініп болмайды. Білетініміз – мемлекет пен халық ақшасын тиімсіз, мақсатсыз жұмсау, одан қалды қазанның қақпағы қолына тигендер қаржы қымқыру ғана. Арғысын айтпағанда Ұлттық банкті 1998-1999 жылдары Қадыржан Дамитов, 2004-2009 жылдары Әнуар Сәйденов басқарғанда, бірде-бір болжамы орындалмаған, халық арасында "сақалды көріпкел" атанған Григорий Марченкодан бастап бірнеше басшы ауысса да, банк саласының бағы ашылмай-ақ қойды. Ұлттық банктің төрағасы болған Қайрат Келімбетов те көпшіліктің көңілін құрғақ уәдені үйіп-төгіп "көншітуімен" ғана есте қалды. Жаңадан келген Данияр Ақышев та айды аспанға шығарды, тыңнан түрен салды деп айта алмаймыз. Сол баяғы бірін-бір жетектеген соқырдай – шиырланған соқпақ жолдың шаңын шұбатып келеді. Халыққа қызмет көрсетуді жақсартайық деген ниет атымен жоқ. Осыған қарап бұл саланы сиқырлап, банкирлердің басын біреулер дуалап тастаған ба деген де ой келеді. Әйтпесе, жиырма алты жылда банк жүйесінің жұмысын жөнге келтіруге болар еді ғой. Ал, қаржы саласы ел экономикасында елеулі рөл атқаратынын ескерсек, бұл істі жедел қолға алып нақты шешпесек халықтың да әлеуметтік жағдай жақсармасы және белгілі. Біздегі банктердің жұмысында орын алған кемшіліктерді көрсетіп, оның негізгі себебтерін "Қазақ үні" газеті саусақпен санап беріп, талай рет сынға да алған болатын. Бірақ одан не пайда, сыннан қорытынды шығарған ешқандай оң нәтиже көріп отырған жоқпыз.
Бұл жолы қолға қалам алуға Данияр Ақышевтің екінші деңгейлі банктерге БЖЗҚ есебінен тағы да 200 миллиард теңге қаржы беріледі деген жақындағы мәлімдемесі түрткі болғанын айта кетейік. Қартайған шағында қамсыз өмір сүру үшін миллиондаған тұрғындарымыздың жылдар бойы тірнектеп жинап келген зейнетақы қорының қоржынына үкіметтің бұл бірінші рет қол сұғуы емес. Қариялардың қаржысына бірінші болып Келімбетовтың көзі түскен-ді. Тұралаған экономикамызды тік тұрғызамыз деген желеумен қыруар қаржыны екінші деңгейдегі банктерге еншісін үлестіргендей бөліп берді. Жіліктің майлы басы қолына тиген "Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің" ол қаржыны қалай талан-таражға салғанын өздеріңіз білесіздер. Қаржы мекемесінің аты айқайлап тұрғандай баспанасыз жүргендердің басым бөлігі осы банк арқылы несие алып, қоныс тойын өткізуге тиісті болатын. Бұл жерде де былықтың беті ашылды. Бір қызығы, өз туыстары мен таныстарына кезектен тыс пәтер әперумен айналысқан "Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің" бұрынғы басшысы Нұрбибі Наурызбаева қазір әңгімемізге арқау еткен, қаржысы ең көп БЖЗҚ-ны басқарып отыр. Бір мекеменің көсегесін көгертпеген адам екінші бір үлкен қаржылық ұжымға қалай ғана басшы бола қалғаны көпшілікті кезінде қайран қалдырған-ды. Зейнеткерлердің ақшасы мақсатсыз жұмсалғаны соншалық біздің қомақты қаржымыз Каспий асып, Әзірбайжан елінен бір-ақ шықты. Оны дереу қайтарып алу да мүмкін болмай қалды. Шетелге кеткен ол қаржыны енді алдағы 10-15 жылда қайтарып алсақ та жаман емес. Оған дейін біз берген ақша құнсызданып, қолымызға құр сүлдесі ғана жетері айдан анық. Бұл жерде де банк өзінің бас пайдасын ғана ойлағаны, сол арқылы өз қалталарын қалыңдатып қалғаны айтпаса да белгілі, қаржылық қылмыстың исі аңқып тұр. Осындай жағдайдың боларын алдын-ала сезген сол кездегі Мәжіліс депутаты Мұхтар Тінекеев еліміздегі барлық зейнетақы қорларын біріктіреміз деп 90 миллиард теңгені "жоғалтқанын", біздегі банктер халық сенімінен жұрдай екенін айтып жанайқайға басқаны есімізде. Сол кезде Мәжіліс отырысында депутаттардың сауалдарына жауап берген Ұлттық банк төрағасының орынбасары Дина Ғалиева бұл ақша барлық қордың 2 пайызын ғана құрайтынын айтып жұбатқысы келгені ұмытылған жоқ. "Сонша не болды, әкелерің ақшадан өлді ме?" дегенге келтірген қаржыгер 90 млрд. емес, 90 тиынды ғана садақаға салғандай өзін Мәжілісте емін-еркін сезінгені әлі де көз алдымызда. Бұл не деген жауапсыздық? Зейнеткерлер болса әрбір тиынын санап отырғанда осыған жауапты лауазымды маманның айтып тұрған сорақы сөзін қалай түсінуге болады? Егер өз қалтасынан осыншама қаржыны жоғалтса жаны шығып кетер еді. Бұл зейнетақы қорына жауаптылар мен жалпы қаржы саласының, оның ішінде банк жүйесінің мүлдем жүгенсіз кеткенін көрсетеді емес пе?
2013 жылдың 22 тамызында мемлекеттік ұлттық зейнетақы қорларының негізінде құрылған БЖЗҚ басынан не өткермеді. Құрылтайшысы мен акционері болып табылатын ҚР Үкіметі бұл қаржылық ұйымға тиімді басшылық жасап, болашақ зейнеткерлердің сенімін ақтап, ақшасын еселеді деп айту қиын. БЖЗҚ зейнетақы активтерін Қазақстанның Ұлттық банкі жүзеге асырып келеді. Бұл ірі қаржылық ұйым өз қарамағындағы мекемелерге бақылау жасауға шамасы келмей отыр. Қаржылық қылмыстың алдын алудың орнына болар іс болып, бояуы сіңген кезде ғана құқық қорғау орындарынан көмек сұрау ғана қолдарынан келді. Ақырында «БЖЗҚ» АҚ экс-басқарма төрағасы Руслан Ерденаев 12 жылға сотталды. Басқаруға сеніп тапсырылған мүлікті иемдену мен талан-таражға салғаны үшін БЖЗҚ топ-менеджерлері – Д.Медетбеков пен М.Бахтов, «АлатауАлтынМұнай» АҚ бақылау кеңесінің төрағасы Б.Кенжебаев, «БузулАргум» ЖШС А.Найзағарин, «Мегатрансазия» ЖШС директорының орынбасары Т.Тұртаевтар да қаржылық қылмысқа қатысты ретінде іске тартылды.
Қаржы саласының мәселесі күн тәртібінен түсіп көрген емес. Былтыр банк секторын сауықтыру үшін Ұлттық қордан 1 триллионнан аса қаржы бөлінген болатын. Соңғы жылдарда жалпы сомасы 3 триллион теңге өз пайдасын ғана ойлайтын банктерді қолдау үшін беріліпті. Ал, сол ақшаны қай банк қалай жаратты? Бюджеттен алған триллиондар жайлы қаржы ұйымдары неге ашық мәлімет бермейді? Соған қарамастан «Дельтабанк», «Қазинвестбанк» және де бірнеше банктер сол қаржыны ұқсата алмай өздері қарызға кіріп кетті. Ұлттық банк кейбір қаржы институттарының лицензияларын сот шешімі арқылы қайтарып алды. Оларға салынған мемлекеттің және ұлттық компаниялардың қаржысы қалай және қашан қайтарылатыны да белгісіз. Осыған байланысты мыңдаған жеке тұлғалардың, яғни салымшылардың да мәселесі шешілген жоқ. "Астанабанкінің" де жағдайы мүшкіл. Астана, Шымкент қалаларында бұл банктің салымшылары шу шығарып жатыр. Жеке тұлғалар 1 айда шұғыл қажет бола қалса 100 мың теңгеден артық ақша ала алмайды екен. Қаншама адам өз ақшасын ала алмай шырылдап жүргенде Ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышев «Астанабанкінің» жетекшілерімен келіссөз жүргізіп жатырмыз» деп жайбарақаттылық көрсетіп отыр. Бұл келіссөздер қашанға дейін созылатыны және қандай шешім шығатыны белгісіз. Осы «Астанабанкінен» депозит ашқан салымшылар туралы ешқандай нақты ақпарат жоқ. Әйтеуір, заңға сәйкес салымшылардың 10 миллион теңгеге дейінгі қаржысы сақтандырылатыны белгілі. Бұл ретте Ұлттық банктің кеңес бергеннен басқа жағдайды түзетуге бағытталған қимылы байқалмайды. «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің» салымшыларының да жағдайы мәз емес. Өйткені 300 тұрғын өздеріне тиесілі пәтерлерге әлі кіре алмай жүр. Наразылық білдірушілер бірнеше жыл бұрын арнайы байқаудан өтіп, үй алулары керек болған. Алайда, осы уақытқа дейін салымшылар несиені алмаған, не баспана дайын емес.
Бұл жолы да халық қалаулылары БЖЗҚ ақшасын сенімсіз банктерге беруге қарсы шықты. Екінші деңгейлі қаржы институттарының құнды қағаздарын сатып алу арқылы оларды инвестициялауға күдік келтірді. Бірінен соң бірі онсызда тақырға отырып, шатқаяқтап тұрған банктерге халықтың миллиардттарын тағы да ұстата салудың соңы немен аяқталады деген сұрақтарын ашық қойды. Ертеңгі күні қыруар қаржының әдеттегідей талан-таражға түспесіне кім кепілдік бере алады? Ал, Ұлттық қорды басқару жөніндегі комиссия болса 200 миллиардты бөлу туралы алдын ала шешім де шығарып қойыпты.
– Халықтың ақшасы жеке меншік қаржы институттарын дамыту үшін жұмсалмау керек. Неге олар ақшаны ұрлап байып жатыр? Одан қалды шетелге алып кетіп жатыр. Ал мына жақтағы банктің салушылары зиян шегіп отыр. Ашығын айтсақ, сол банктердің кейбір иелері билікте де жүр. Неге соны сұрамасқа, неге жауапқа тартпасқа оларды? - деді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Омархан Өксікбаев. Депутат ашығын айтты. Банк иелері билікте болған соң оларға Данияр Ақышевтің да әмірі жүрмейтіні белгілі. Өкініштісі, Өксікбаев заңға қайшы келетін болса да сол мемлекеттік қызмет пен бизнесті қатар иемденгендердің атын атап, түсін түстеп бермеді. Оған батылы жетпеді. Атап берген күннің өзінде оларды кім тексермекші, кімнің қолынан келе қояр еді? Құқық қорғау орындары ма, олар да биліктің құлы болып кеткен...
Данияр Ақышев банк секторының жағдайы мәз емес екендігін өзі де мойындап отыр. Ұлттық қордан бөлінген триллиондардың тиімсіз нәтиже беріп жатқанын да жоққа шығармады. Сөйте тұра, бұл саланы ілгерілету үшін Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының 200 миллиардын банктердің облигацияларын сатып алуға жұмсаймыз дейді. Неге? Тағы да талан-таражға түсіру үшін бе?
Мектепте жазылған шығармадан кеткен қатемен жұмыс істеу деген тәжірибенің бар екенін білетін шығарсыздар. Ол не үшін жүргізіледі? Жіберген қатені келесі жолы қайталамас үшін жасалады. Біздің банктер осы жылдарда қаншама қаржылық қателер жіберді? Қыруар қаржы ұрланып қолды болды, қаншама адамдар сол үшін түрмеге қамалды. Сол сабақ болмады ма? Әлде біздің банкирлер мектепте мүлдем оқымаған ба? Сауатсыз деген оқушының өзі қатемен жұмыстан соң кемшілігін қайталамайды. Табақтай дипломы бар банкирлер екіліктен көз ашпайтын оқушыдан да әрмен болғаны ма? Ондай мамандар қалай ғана экономиканың ең жауапты деген қаржы саласында жұмыс істеп жүр?..
Жуырда ғана Елбасы банк секторын сауықтыруға қаржы беруді доғарыңдар, банк пен оның акционерлері жымқырған ақшаларын қайтарып, мемлекеттен алған қаржыны орнына қойсын деп қатаң тапсырма бергенін білеміз. Осы орайда Парламент екінші деңгейлі банктердің акционерлерінің жауапкершілігін арттыруды заңнамалық тұрғыда реттеуді ұсынып отыр.
– Банктердің өз акционерлері мен олармен байланысты тұлғаларды несиелендіруін заңмен шектеу қажет. Бұл - активтерді алып кетуге жол бермейді. Сенат бұл іске өз үлесін қосуға дайын,-деді Парламенті Сенатының төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мақұл, тиісті заң қабылданды делік. Оны кім орындамақшы? Бұған дейін де банк жұмысына байланысты талай заңдар қабылданды. Нәтиже болмаса ондай заңнан не қайыр? Халыққа қызмет көрсетуден өзара ашық бәсеке болады деген желеумен бактерді жауыннан кейінгі саңырауқұлақтай қаптатып жібердік. Бәсекенің көкесін мөлшерлемені көтеру мен қаржыны жымқыру жағынан ғана көріп отырмыз. Нарықтағы ашық, әділ бәсеке заңын қолдана алмасақ оның керегі қанша? Сондықтан иелеріне ғана пайда әкелетін жекеменшік банктерді түгелдей жауып, бір ғана мелекеттік банкті қалдырғанымыз жөн. Біздегі банк жүйесіндегі ашық бәсеке деген - бос сөз. Толып жатқан банктер мемлекет пен бұқар арасындағы өзіне пайда табатын ортадағы делдалдар ғана. Бәрі де жоғарыда отырған бір-бір мықтылардың ақша табатын табыс көзі. Ондай арамтамақ, халықтың мойнына масыл болған қаржы мекемелерінің пайдасынан бұрын зияны шаш етектен. Осы қаптаған мекемелерді жапқанда ғана билік басында отырған жекеменшік банк иелері қаржы саласына ықпал етіп, әмірін жүргізе алмайды. Сонда ғана қаржы саласында тәртіп орнайды. Ал, темірдей тәртіп орнаса ешқандай жерде заң бұзушылық та болмайды. Қашанға дейін қарапайым халық қымбат несиенің қамытын киіп, тойымсыз банкирлердің қанауы мен қорлығына шыдап жүре бермекші?..
Зейнолла АБАЖАН
qazaquni.kz