Соғыс жылдарындағы тыл тауқыметі
2018 ж. 05 мамыр
6629
0
1941-1945 жылғы Ұлы Отан соғысының ауыртпашылығы тылдағыларға оңай тимеген. «Бәрі майдан үшін!» деген ұранмен еңбек еткендер Жеңіс күнін жақындатып, өздерінің үлестерін қосқаны белгілі. Әр отбасы жұмыс істей жүріп, майданға жылы қолғап пен шұлық тоқып көмектерін бергені рас. Ал тікелей жоғары жақтың арнайы тапсырмасымен жұмыс істеген жұмыс орындары болғандығын көбіміз білмейміз де. Алматы облысы Кеген ауданында және Райымбек ауданың Нарынқол ауылының күн батысындағы тау етегінің Ақбұлақ сайындағы «Промкомбинат» деп аталып кеткен ауыл солардың бірі. Соғысқа дейін ол жерде Байынқол өзенінің мол суын пайдаланып, су пилорамы жұмыс істепті. Онда таудан әскерилер қарағай жығып, тақтай тілген.
Тілінген тақтай Кеңес-Қытай шекарасындағы заставаларды құрылыс материалдарымен қамтамасыз етіпті. Пилорам қасында казарма мен өгіз қора ғана болған екен. Соғыс басталып, елдегі ауыр жағдайдан кейін жоғары жақтан арнайы шешім шығып, майдандағы жауынгерлерге жылы киім, пима-байпақ, күртеше, тон және басқа киімдер тігу үшін өндіріс орынын ашуға тапсырма келген. Аудандық әскери комиссариат арқылы қолынан іс келетін ісмер шеберлерді соғысқа жібермей бронь беріп, еңбек майданына алғызыпты. Әр ауылдан қолдарынан іс келетін отызға жуық отбасыны көшіріп әкеліп, пима-байпақ басатын, киім тігетін, жүн жуу, тері илейтін және ағаш бұйымдарын жасайтын цехтар ашқан. Таудан қарағай кесіп, тақтай тілетін жұмыскерлері де жұмысқа алынған. Сол жылдардан бастап, бұл жерді ел «Промкомбинат» деп атап кеткен екен. Соғыс аяқталғанша «Промкомбинатта» қайнаған еңбек әскери тәртіпте бағынып, майдандағы жауынгерлерге бар көмегін беріпті. Шикізатты әскерлер қамтамасыз етіп, жұмыстың тоқтамауын қадалаған. Әкелінген жүн мен теріні тазалап,жуып, түтіп, пима басса, терілерде илеп, тон, қолғап, бас киім тіккен. Тәртіп бойынша жұмыс ертеңгі сағат 8-ден түнгі 22-ге дейін жалғасқан. Өз істерін жетік білетін небір шеберлер жұмыстың ырғағын тоқтаусыз жүргізіпті. 1942 жылдың қаңтарында «Соц. қазақ» колхозынан көшіріліп әкелген Темірбек Тойшиев әйелі Сүлейхан, балалары Құдайберді, Нұр, қызы Мария соғыс біткенше «Прокомбинатта» жұмыс істепті. Темірбек 13 жасар баласы Құдайберді екеуі пима-байпақ басу цехында 20-ға жуық жұмыскерлермен пима басқан. Жастайынан әкесіне көмекші болған өрімдей Құдайберді өз кәсібін жақсы меңгергендіктен, көп кешікпей цехты басқарып, еңбек етсе, оның 9-10 жасар інісі Нұр және ағаш цехының бастығы болған Дәуітәлі Сауданбековтің баласы Жұмағазы Сауданбеков те да пима цехында жүн түтетін 3 барабанды машинаның тұтқасында тұрып, септіктерін тигізген. Киім тігін цехында да 20-ға тарта әйелдер Сүлейхан мен Мария тон, күртеше, қолғап, бас киім және жылы киімдер тігіпті. Оны текестік Әлімбай басқарған. «Промкомбинатқа» отбасымен қақпақтық Сұлтанбай Тасыбеков, Батыбай Құрманбаев, жамбылдық Жұмаділ Жарылғапов, сарыбастаулық ағаш ұста Рысбек, кегендік Сағынбай, шалкөделік Әділ Ысқақов, Дәуіт Есенов, Ахмет Шотбаев, нарынқолдық Дәуітәлі Сауданбеков, Қинаш Қанапияев және басқаларда әр цехта еңбекке араласып, жұмыс жасапты. Жалғыз басты әйелдерде жұмысқа тартылып, комбинаттағы бар жұмысқа бір кісідей араласыпты. Комбинатта жұмыстың ауыр болғаны соншалық, түскі үзіліс пен кешкі үзіліске бір сағат беріліп, күнделікті тапсырманы орындау үшін аянбай жұмыс істеген. Дайындалған киімдер мен тілінген тақтайларды кешке қарай әскери машинамен алып кетіп отырыпты.Ең ауыр жұмыс таудан қарағай құлатып, өгізбен қарағай тартып, су пилорамға жеткізу оңайға соқпаған екен. Тақтай тілуде ер адамдармен бірге әйелдер де істепті. Сейілхан Құлымбетова, Сүйімхан Сембаева, Бүбіхан, Шайымхан Теңгебайқызы, Бағай Дігарбекова, Нұриха Тоғанбаевалар пилорамда еркектерше қимылап, ауыр еңбекте жүрген. Жоспар орындау кезінде екі кезекте, кейде тәулік бойы тақтай тіліп, өгіз арбалармен жұмыс жасаған күндері де аз болмаған. Жұмыстан себепсіз қалу, сұранып кету, ауырып, не болмаса келмей қалу атымен болмаған. Себепсіз қалғаны үшін 3 ай, немесе 6 айға дейін соттап та жіберген. Жұмыс «Бәрі майдан үшін!» деген ұранмен жүріп, аптаның жексенбісінде демалыс беріліпті. Ол күні әскерилер соғыстың қалай жүріп жатқаны туралы ақпарат беріп, майданың жағдайынан хабардар етіп отырыпты. Жұмысшылар үшін арнайы дүкен ашылып, жан басына шағып, зығыр майы, қара бидайдың ұны, консервіленген балық, ет те берілген, бірақ бәрі өлшеммен шектелген. Соғыстың зор ауыртпашылығын өз иықтарымен көтере білген жұмыскерлер майдан үшін, жеңіс үшін күн-түн демей еңбек етіпті. Олардың қолдарынан шыққан пималар мен тондар, қолғаптар мен шұлықтар, жылы киімдері Жеңіс күнін жақындатса, жауынгерлерге зор көмек болған екен. Тылда майдан үшін еңбек еткен ауыл жұмыскерлерінің еңбектері үкімет тарапынан бағаланып, марапатталыпты. Сұрапыл соғысқа көмек беру жолында еңбек еткен пима-байпақ басатын цехта жұмыс істеген әкелі –балалы Темірбек Тойшиев пен Құдайберген Темірбековті КСРО Жоғары Кеңесі Президумының 6-маусым 1945 жылғы Жарлығымен «За доблестный труд в Великой Отечественной войне 1941-1945 г.г.» медалімен марапаттаған болса, Темірбек Тойшиев Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасына ие болған. Тігін цехында жұмыс істеген Сүлейхан Тойшиева мен Мария Темірбековаға майданға көмек берудегі еңбектері үшін іс тігетін машинасын беріпті. Басқа да жұмысшылар да түрлі марапаттар мен сыйлықтарды иеленіпті. Өндіріс комбинатында ата-аналарымен бірге балалық жастық шағын жоғалтып, ерте есейген балалар да аз болмаған. Жұмағазы (9-10 жаста), Исатай (12-13 жаста) Сауданбековтер, Құдайберді (13 жаста), Нұр Темірбековтер (9-10 жаста) және басқалар да майданға зор үлестерін қосқан. Олардың бірі пима басуда, енді бірі ағаш өндеуде, киім тігуде, жүн жуып, тазалау цехын да жұмыс істеп, әке-шешелерінің қасында жүрген.
Соғыстан кейін мұндағы комбинат мемлекеттік өндірісі болып қайта құрылып, директорын сайлапты. Күні кешегі ауыр тіршілік артта қалып, жаңа өмірге бет бұрған. Соғыс жылдары көшіріп әкелген отбасылар келген жақтарына кетіп, майданнан аман-есен оралғандар олардың орынын басқан. Ауданда соғыс кезінде құрылған «Алтынкен» мекемесі таралып, ондағы көптеген жұмысшылар «Промкомбинатқа» отбасымен босаған үйлерге кіріп, жұмысқа тұрыпты. Тақтай тілетін су пилорам аудандарға тақтай тіліп, құрылыс материалымен қамтамасыз етсе, су диірменде елге ұн тартып жұмыс істеген. Соғысқа дейінгі кішкентайлар есейіп, жаз айында кірпіш құйған. Олардың құйылған кірпіштерін қыста Иван Карчин күйдіріп, кірпіш жасап, құрылысқа пайланған екен. Карчиннің балалары Иван мен Анатолиийдің еңбекқорлығы комбинат пен Нарынқолға белгілі болыпты. Таудың ақ тасын күйдіріп, известь өндірген Жұмаділ Жарылғапов та көп еңбек сіңіріпті. «Промкомбинат» қайтадан өндірістік мекеме болып құрылғаннан соң, жұмыскерлерге айлық төлеп, ақша бере бастауы елдің тұрмысын түзеген. Дүкен ашылып, азық-түлік пен киім-кешекпен қамтамасыз ету де жолға қойылыпты. Сол жылдарды көзімен көргендердің айтуыша, соғыс жылдары мектепке бармай, цехта әке-шешелеріне көмекші болғандар оқуларын жалғастырып, орта білім алғандар да болған. Солардың ішінде Жұмағазы Сауданбеков пен Нұр Темірбеков екеуі де Нарынқолда 10 жылдық мектепті бітіріп, бір жылдай комбинатта жұмыс істеп, таудан қарағай жығып, еңбек еткен. Кейін КазМУ-ды бітіріп, мектепте мұғалім, ауданда партиялық қызметтерде жұмыс атқарған. Соғыстан кейін ес жиған ауылдың бастауыш мектебі де ашылып, 1-4-сыныпқа балалар барып, білімнің есігін ашқан. Сол бір ұмытылмас күндердің алғашқы мұғалімдері Шура Келекева, Жалғас Келдібекова, Әбділдә Тұңғышбаев, Жанәбіл, Құдайберді Темірбековтер ұстаздық еткендерін оқушылардың есінде қалғаны әлі де айтылады. Жаңадан бала-бақша ашылып, Шайым Сауданбекова мен Айша Келекеева тәрбиеші болған жылдарда ауыл үшін қуанышты болған.
Комбинат соғыс уақытысында майдан үшін еңбек еткен болса, бейбіт өмірдегі негізгі жұмысы аудан шаруашылықтарын ағаш материалдарымен қамтамасыз етумен айналысыпты. Таудан күніне 2 рет қос өгізбен қарағай түсіп, пилограмда тақтай тілу жұмысы елдің әлеуметтік жағдайын көтерген. Ағаш цехын басқарған Дәутәлі Сауданбеков ағаш шеберлері аудан мектептеріне парта, есік, терезе жасаумен айналысып, өздерінің көмектерін берген екен. Оның баласы Исатай да шеберлігімен танылып, құрылыс жұмыстарының ең керекті тапсырыстарын орындапты. Пима басу цехындағы әкелі-балалы Темірбек пен Құдайбердінің қолынан шыққан ақ пималарын аудан, колхоз басшылары арнайы тапсырыс беріп киген. Ал тігін цехында тігіншілердің киімдері де елдің қажеттілігін өтепті. Олардың тіккен кителдеріне сұраныс көп болыпты.
Соғыс жылдарында дүниеге келген балалардың мектепке барған қадамдары олардың жақсы азамат болып қалыптасуына жарқын жол ашқан. «Промкомбинаттың» бастауыш мектебінен білім алғандардың арасында ел құрметіне бөленген зиялы азаматтар аудан емес облысқа танылыпты. Ал елімізге танымал тұлғалардың ішінде белгілі мүсінші Құрақбай Егізбаев, Ресей мен ТМД елдеріне көрнекті ғалым, биология ғылымдарының докторы, профессор, Мәскеу облысы Ступен ауданың Құрметі азаматы, Бүкіл Одақтық өсімдік (ВАСХНИЛ) институтын басқарған, Темирязов атындағы алтын медальдың иегері Сұлухан Темірбекова «Промкомбинатта» білім есігін ашып, балалық шақтарын өткізіпті.
Міне, біз сөз еткен «Промкомбинат» ауылы соғыс жылдарында ауданда майданға бірден-бір көмек берген өндіріс орны болғанына аз да болса да жеткіздік. Соғыс аяқталып, 1955 жылға дейін шағын ауыл болған «Промкомбинат» кейін тарап, ондағы ел Нарынқолға қоныс теуіпті. Бұл күнде «Промкомбинаттың» орыны ғана бар. Бір кезде тақтай тілген су пилорамасының орнымен, су диірменнің тасынан басқа жерлер қазір төмпешік ғана. Ал ол жерде дүниеге келгендер қазір 70 пен 80-дегі көнекөз қариялар.
Жексен АЛПАРТЕГІ
qazaquni.kz