Әкімінің орынбасары қағып өлтірген жігіттің туыстары әділдік талап етуде
2018 ж. 02 мамыр
2573
0
Риддер қаласының тұрғындары араққа сылқия тойып, көлікпен адам қағып өлтірген әкімнің орынбасары Бауыржан Құрманбаевқа қатысты тергеу ісін әділ өткізуді сұрап отыр. Бүгін қала тұрғындары қайғылы оқиғадан көз жұмған 19 жастағы Евгений Смольниктің жақындарына көңіл айтып, жергілікті атқамінерлердің бассыздығына наразылық білдірді, - деп хабарлады КТК арнасы.
Наталья БАХШИ, Риддер қаласының тұрғыны:
-Билікте отырған адамдар керісінше, қарапайым халықты қорғап, үлгі болу керек. Алайда, атқамінерлердің көбісі заң бұзып, жазадан оңай сытылады. Бұл жағдайда барлық құзырлы органдар ат салысу қажет. Заңды белшеден басатын шенділерді тоқтату керек. Бұл не сұмдық?! Арақ ішіп алған әкімнің орынбасары көлік тізгіндейді. Ал, жанында отырған тағы бір әкім оны тоқтатуға да асықпайды.
Қала тұрғындары оқиға орнында тіл тартпай көз жұмған баланың әкесі Виктор Смольниковты қолдауға келді. Жұртшылық билік өкілдерін жазасыз қалмауын талап етті. Сондай-ақ, көлік апатының куәгерлеріне қысым көрсетуге жол бермеу керектігін жеткізді. Қайғыдан қан жұтқан Виктор Смольниковтың айтуынша, апатты видеоға түсірген куәгерге Риддер полициясы бөлімінің басшысы сес көрсеткен. Қапыда көз жұмған ұлын жоқтап жүрген әке прократураға арыз жазыпты.
Еске салсақ, 15 сәуір күні кешкі сағат тоғыздарда мас күйінде көлік жүргізген Риддер қаласы әкімінің орынбасары Бауыржан Құрманбаев, жол жиегінде кетіп бара жатқан 19 жастағы Евгений Смольникті басып өтіп, тайып тұрған. Жедел жәрдем жеткенше Евгений тілге келместен көз жұмды. Қазір адам қағып өлтірген шенеунік қамауда отыр. Оның қылмысы дәлелденсе, 5 жылға бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Сондай-ақ, көлікте Өскемен қаласының әкімі Қуат Тумабаевтың да болғаны расталған еді.