Қазақстанда жүрген қытайлар кімге сүйенеді?
2018 ж. 30 сәуір
6999
1
Қытайлықтар бүгінде Қазақстанның 132-ші этносы болып қалыптаса бастады. Келесі санақта бұл жаңа этнос ретінде анық көрінетін болады. Ұлты қытай жиендеріміз де дүниеге келіп жатыр. Бір күндері олар Қазақстан халықтары ассамблеясы аясында Парламенттен орын алады. Оған күмәніңіз болмасын. Кез келген шет елдік мемелкет қазақ жеріне ие болып отырған өз азаматтарының мүддесін қорғауға құқы барын тағы ескерейік.
Қытай адам құқықтарының халықаралық норма талаптарына сай қорғалуына аса назар аударып отыратын ел. Ол жақта 150 миллионнан астам адам жұмыссыз екен. Қытай үкіметі қабылдаған «Батысты игеру» бағдарламасында осы жұмыссыздар Қазақстан рыногын игеруге жұмылдырылмақшы. Бүгінде Жетісу өңіріне қытай жағынан келушілердің ағыны толастар емес.
Үлкен жауапкершілікпен айтамын, егер алдағы уақытта да осы айтылған жайларға шыныменен көңіл аудармасақ, бұл мәселелер болашақта Қазақстан мен Қытай арасында геосаяси жағынан да, этникалық жағынан да түрлі әлеуметтік түсінбестіктерді туындатуы мүмкін. Қазақстанды тізерлетіп болғасын Қытай таяудағы 15-20 жылда Еуроодақ елдеріне де ықпалын жүргізіп, оларды кез-келген мәселе төңірегінде мәмілелер жасауға мәжбүр ете бастайды. Қытайдың «қатал ойыны мен жұмсақ экспанциясы» Еуропаға Қазақстан мұнайына иелік ету арқылы ашылған қақпа арқылы жүзеге аспақ. Талай қанды қырғын, қып-қызыл соғыспен ала алмаған Қазақ жерін екі арадағы осындай құйтұрқы тәсілімен қолдарына іліктірген қытайлықтарды ол кезде күштеп те кетіре алмайсың!
Қытай диаспорасы кімге сүйенеді? Олардың иммигранттары әлемнің қай түпкірінде болмасын қытайдың әскери және қаржылай көмегіне арқа сүйейді. Ендеше, бүгінгі қал-ахуалымыз шығыстағы көршіміз Қытаймен байланысымызға баға беруді талап етеді. Қытайдың соңғы жылдардағы экономикалық жағынын тез өркендеуі мен оның әскери күшінің өсуі ерте ме, кеш пе аймақтағы мемлекеттердің өзара ықпалының ара-салмағын өзгертуі мүмкін. Уақыт өте келе екі ұлт өкілінің арасындағы керіс туындап, ол екі мемлекеттің мәселесіне дейін көтеріліп, дауына айналса, сонда кімнің мүддесінің үстем шығатынын өзіңіз аңғара беріңіз. Оларға әскери тойтарыс беремін деп ойлаудың да қажеті жоқ.
Н.Қошаманұлы
Abai.kz