Оғыз Доған: Біз Қазақстанда тұрып, тек қана қазақша қызмет алғымыз келеді
2018 ж. 28 сәуір
4030
4
Қазақ тілінің мәртебесін қорғаймын деп көпшіліктің назарына іліккен Түркия азаматы Оғыз Доған мемлекеттік тілде қызмет көрсетпеген казкоммерцбанкті сынап тастаған болатын. Ал қазақ тілінде қызмет бере алмағанымен қоймай, күзетшілердің күшімен оны қуып шыққан банк басшылығы бұл істеріне өкінетіндіктерін айтып, кешірім сұрады. Бұл даулы мәселеде заңгерлер де тіл жанашырының жағына шығып отыр.
Бұл туралы Еуразия бірінші арнасы хабарлады.
Түрік азаматы бар қаражатын жинақтап, осы банкте сақтауға бел буған. Қаржы институтын таңдауда да өзіндік ұстанымы бар екен. Бірақ, банк қызметкерлері, тіпті бөлімше басшысы да қазақ тілінде қызмет көрсетпек түгілі күзетшілердің күшімен клиентті ғимараттан қуып шығыпты.
«Есепшот ашу мақсатында бір күн бұрын желіде, одан қалса достарымнан сұраған едім. Қандай банкті таңдауға кеңес бересіздер деп. Түрлі пікір айтылды. Ал мен казкоммерцбанкті таңдадым. Таңдау себебім, мынадай. Банктің атында «қаз» деген сөз бар деп. Қазақтың аты бар деп, әдейі сол банкті таңдадым», – дейді журналист Оғыз Доған.
Тіл жанашырының айтуынша, алғаш кезіккен қызметкер өзін өзге ұлттың өкілі ретінде таныстырып, бұл тілде сөйлеуге міндетті емес екендігін алға тартқан. Бірақ, кейін оның бәрін жоққа шығарып, видеоүндеу түрінде кешірім сұрады. Өкінішке орай, тағы да ресми тілде емес.
«Астанадағы банк бөлімшесінде болған жайтқа қатысты кешірім сұрағымыз келеді. Онда тұтынушыға қызмет көрсету ережесі сақталмаған. Бұл оқиға бізге үлкен сабақ болды. Сондықтан, өз тарапымыздан қызмет көрсету сапасын арттыратын боламыз», – деді банктің басқарма төрағасы Ульф Вокурка.
Түрік азаматының әрекетін заңға салып, қай қырынан алса да дұрыс, дейді заңгерлер. Қызметті мемлекеттік тілде талап етуі заңды. Сондай-ақ, банкті камераға түсіруге тыйым салатын бізде ешбір заң жоқ екендігін айтады.
«Қазақ тілінде сөйлеуін талап еткеннен кейін, оның нәтижесі болмағаннан кейін әрине дәлелдеме ретінде түсіріп тұр. Сол себепті, оның іс-әрекетінде заңға қайшы әрекет жоқ. Неге? Өйткені, ол азамат бейнетаспаға түсірмеген болса, ол өзі жеке болғандықтан, кейіннен оны дәлелдеуде қиындықтар туындайтын еді» – дейді заңгер Жандос Тұяқов.
Тіл үшін күресіп жүрген шетелдік азамат былтыр отандық әуе компаниясының қызметкерлерін де сабасына түсіргені еді. Ал оның кезекті жеңісін отандастарымыз үлгі етуге тұрарлық деп баға беруде. Осы бейнежазбаның ізінше ғаламторға тіл мәселесін қаузаған тағы бір материал жарияланды.
«Біз Қазақстанда тұрып, тек қана қазақша қызмет алғымыз келеді. Масқара. Осы сендер сияқтылар бәрін құртады. Не мынау?», – деген Оғыз Доған.
Қазір Қазақстанда түрік тілінде «Алашорда» жайында кітап жазып жүрген Оғыз Доған әрбір адам өз құқықтарын осылайша қорғай білуі керек, дейді. Әрі өзіне әділетсіздік танытқандарға кешірім жасаған. Бірақ, сол күні бөлімшеге алып барған 4 млн теңгесін енді өзге банктің шотында сақтайтын болыпты.