«Мал секілдісің…». Қытайда жазықсыз отырып шыққан қазақ басынан өткен сұмдық жайттарды айтты (видео)
2018 ж. 19 сәуір
12350
8
Жазықсыз түрмеге 8 ай қамаған Қытай елінен Қазақстан азаматы моральдық өтемақы талап етуден бас тартты. Себебі ол сол жақтағы туыстарын көре алмай қаламын ба деп қорқады.
Жергілікті құзырлы орган өкілдері солай деп қоқан-лоқы да көрсеткен. Бұл туралы Еуразия телеарнасындағы „" target="_blank" rel="noopener">Кеш қалмайық„ бағдарламасында зардап шегуші Қазақстан азаматы Бегалы Өмірбек айтты, - деп жазды kaz.365info.kz.
Ол түрмедегі қорлығы туралы шешіліп көп айта алмады, бірақ суыртпақтап отырғанда сыздықтатып айтқанынан төбе шашыңыз тік тұрады.
— Ол жаққа ЕХРО-ға турист тарту мақсатында барғанбыз. Жолай Шыңжаңдағы әке-шешемнің халін білмек болып ат басын бұрдым. Бастығым бір күнге босатты. Сөйтіп түнде Қарамайға келдім. Ал таңертең 11-де үйге бес сақшы кеп тұр. Қолдарында ешқандай қағаз жоқ.
„Сіздің көмегіңіз болсын, бізбен бірге жүріп, бір-екі сұрағымызға жауап берсеңіз„ — деді олар. Бәрі мәдениетті. Содан еріп кете бардым. Олар солай мені алдап соқты. Қалай сақшыханаға кірдік, бәрі өзгеріп шыға келді. Қалтамдағының бәрін сыпырып алды, Қазақстан төлқұжатын, телефонның бәрін. Ешкіммен байланыстырмай қойды.
Содан компьютерлерін ашып көрсетті, міне күмәнді қылмыскер ретінде сізді ұстау туралы бұйрық тұр деді. Болды, солай сегіз ай жаттым, 40 келі жоғалттым.
Маған тағылған айып — виза жасаумен айналысқансыз, Сіз жасаған визамен адамдар Сирияға, Түркияға барып жатыр деген секілді әңгімелер айтылып, жала жабылды. Бірақ ешнәрсе таппады.
Әке-шешем, әйелім іздеу салып, елшілікке хабарласқан. Елшіліктегілер „Сіз Қазақстан азаматысыз, сіздің ісіңіз біздің қадағалауда, уайымдамаңыз„ — деді. Ақыры босап шықтым. Босап шыққанда Қытай жақ айтты, мұнда туған-туысың бар екен, олармен байланысты үзбейін десең, қарсы арызданба деді. Менде амал бар ма? Басымның, туған-туысымның амандығына шүкірлік етіп, елге қайттым, — дейді ол.
Мал секілдісің…
Ол жақтағы елді қинап отырған „Саяси үйрену„ сабақтары деген бар екен. Бұл кісі де сол „сабақтан„ өтіпті.
— …Компартияның адамдары. Солар өздерінің саяси қағидаттарын миыңызға сіңіреді, тамақ ішер алдында Қытай елінің әнұранын орындатады, туы көтеріледі. Қызыл ән деп айтылады, коммунистердің екі әнін орындауға міндеттеледі. Иманың болса, сені лаңкестікке дайындалып жатқан адам деп есептейді екен.
Қонақ шақырып, той-думанға жиналғаны үшін сотталып жатқандар бар. Менімен бірге Ақан деген кісі отырды, 11 жылға сотталған. Жазықсыз. Кез келген сылтауды айтып, сол араға тығып жібереді. Қазақстаннан бір туысың звандаса болды, соның өзі жетіп жатыр. Ұсталып кетеді. Бір жыл сол арада оқу керек болады. Мен ұсталған сегіз айдың 20 күнінде сол „Саяси үйрену„ орталығында болдым.
Әнұранын, қызыл әндері жадымда әлі сарнап жатыр. Ұмыта алмаймын соларды. Содан соң сан санай беремін. Цифрлар қайталана береді санамда. Өйткені онда ұйықтай алмайсыз (жылап жібереді). Аяғымды кісендеп тапшанға байлап тастады. Екі ай солай отырдым. Сол арада тамақ ішесің, сол арада үлкен, кіші дәрет сындырасың, мал секілдісің. Жуындырмайды. Рұқсат жоқ…
Қытайда қамауға алынып жатқан қазақтардың 90 проценті Қазақстанда туысы бар, Қазақстанмен байланысы барлар екен.
Әйелімнің ішіндегі баласын күштеп алдыртып тастады
Бұл туралы осы бағдарламаның екінші қонағы Аман Аңсаған баян етті. Оның айтуынша, арғы бетте үй қамақта отырған әйелінің ішіндегі баласын Қытай билігі күштеп алдыртып тастаған, яғни аборт жасатқан.
— Шынын айтқанда, ол менің екінші әйелім. Ажырасқан соң мен қазақ дәстүрі бойынша әмеңгерлікпен үйлендім. Ағам 2015 жылы қайтыс болған еді. 2017 жылы көктемде Қытайға барып, жеңгемнің туысқандарының алдынан өтіп, рұқсатын алдым. Сөйтіп үш баламен оны алып кетейін дегем. Сөйтіп виза жасаттырамын дегенде бірінші кедергі пайда болды. Тура сол кезде жергілікті билік қазақтардың барлығының төлқұжатын жинап алыпты. Ал төлқұжатсыз біз виза жасата алмаймыз ғой. Төлқұжатты кейін береміз дейді. Бірақ қашан екенін нақты айтпады. Содан қысым болған соң некемізді жасырын түрде қидырып, мен кері оралдым елге.
Осы арада тілші бағдарлама қонағынан қысым туралы тереңірек айтуды сұрады.
— Дін жағынан, негізі. Намаз оқуға, ауыз бекітуге тыйым салынады. Дінге байланысты нәрсенің барлығына тыйым салынады. Ең бастысы — Қазақстанға жібермейді. Төлқұжаттарын жинап, алып қойған. Қазір қудаланып жатқан кімдер ол жақта десеңіз, осы таза Қазақстанмен байланысы бар адамдар ғой. Олардың тең жартысы түрмеде жатыр десек болады. Өздері „саяси үйрену„ деп әдемі ат беріп қойған, бірақ оның түрмеден еш айырмасы жоқ. Қолдарын қайырып, өздері „саяси үйрену„ деп атап алған түрмеге апарып тыға береді.
Біздің ең бірінші мақсат ықтияр хат алу керек болатын мұнда. Содан соң ғана азаматтық тіркеуге құжат тапсыра алады екенсіз ғой. Балалардың құжатын жинап, осында мектепке бердік. Соған ғана үлгердік. Басқасына үлгере алмадық. Өйткені арт жақтан қудалау басталып кетті. „Мына жақтағы дүниелеріңнің құжатын түгендеңдер„ деп қайтадан шақыра бастады бізді. Барған соң құжат та, бәрі жайына қалды.
„Некедегі адам екенсіз, енді Қазақстанға баратын болсаң, ол жаққа шектеулі уақытқа ғана бара аласың. Бір ай ма, бір жарым ай ма, оны біз шешеміз„ депті. Қазір келіншегім үй қамақта. Денсаулығына байланысты солай етіпті. „Мына дертің болмағанда „саяси үйренуге„ баратын нағыз адамның бірі сенсің„ депті өзіне.
Қаңтарда келіншегімнің ішінде үш айлық бала болған. Соны зорлықпен түсірді. „Жоспарлы туу„ деген Қытайдың ішкі саясатына байланысты.
Оның молда ағасы болған, баланы түсірмесең сол ағаңды әкетеміз деп қорқытқан.
Бағдарлама барысында басына іс түскен азаматтар мен елшілік арасын байланыстырып, көмек көрсететін „Жебеу„ қоғамдық бірлестігі жұмыс істеп жатқаны айтылды. Оның өкілі Құрмет Қаділғазыұлы өздеріне көп түсетін арыздың бірі зейнетақыға байланысты екендігін айтты. Оның бірі шешіледі, бірі шешілмейді екен. Сондай бір оқиға бағдарлама барысында мысалға келтірілді.
Зейнетақыны тоқтатып, Қытайға келтіріп алып ұстап жатыр
— 2017 жылы қаңтарда бізге Алдырайхан деген кісі келді. Ол кісі Қытайда жүргенде ресми түрде зейнетке шыққан. Әйелі екеуі Алматыда тұрады. Заң бойынша басқа елге кетсе де зейнеткерлер сол елдің зейнетақысын алып тұруға құқылы екен. Осында келген соң Қытай зейнетақы беруді доғарған. Алты ай алмаған. Осы секілді кісілер көп. Олар Қытай азаматы, бірақ Қазақстанның ықтияр хатын алған (вид на жительство).
Зейнетақы тоқтаған соң соның жайын білмек боп Қытайға барады. Өзі барады, не болмаса баласын, келінін жібереді дегендей. Сөйтіп қап кетіп жатыр олар. Сол арада олардың төлқұжатын да, ықтияр хатын да жинап алып қояды. Сөйтіп оларды себепсізден себепсіз ұстап отыр қазір.
Төлқұжатты неге жинап алады, неге оларды кері жібермейді. Бұған Қытай тарапы жауап бермейді. Мұны елшілік те шеше алмай отыр. Ажырап қалған отбасылар бар. Олар неге солай қалып қояды. Бұл сауалдарға да ресми органдардан жауап ала алмай отырмыз.
Сыртта сотталған қазақтардың құқығын қорғау мақсатында „Атажұрт„ атты ұйым да құрылыпты.
Мақсаты — әр азаматты қатаң бақылауда ұстау, мүмкіндік болса қамап тастау
Қыдырәлі Оразұлы, Атажұрт ұйымының төрағасы:
— 200-ге жуық қандасымыз еш себепсіз сотталып кетті. Бар кінәсі — Қазақстанда туысы, байланысы бар болғаны. Қазір елшілікпен тығыз байланыста жұмыс істеп жатырмыз. Соның арқасында бір кісіні босаттық.
Жалпы, қазақтардың ізіне түсу 2017 жылдан басталды. Мақсаты Қазақстанға баратын адамдардың барлық іс-әрекетін бақылауда ұстау секілді. Мысалы, Қазақстан азаматтығын алса да осы жақтағыларға әлеуметтік желі арқылы шығып, Қытай сақшылары сұрақ-жауап алады. Бұл кісілер бүкіл мәліметті береді, табысы қанша, көршісі кім деген секілді. Әрине, жауап бермей қоюларына да болады, бірақ олардың ар жақта туыстары бар ғой, солар қиналып қалмаса дейді.
Содан соң келтіріп алады бір себеппен, сонымен түрлі анкета толтыртады. Телефонның ішіндегі ІМЕІ кодты алтыртады. Сөйтіп телефон арқылы олардың қай жерде жүргеніне дейін біліп, бақылап отырады. Мысалы, біреуден сұраған қайда тұрасың деп, Сергей деген орыста пәтер жалдап тұрамын десе, одан Сергейдің төлқұжатын түсіріп жіберуді талап еткен. Көрдіңіз бе?..
2017 жылдың мамырында ешбір себепсіз қазақтарды топырлатып ұстап әкетіп жатты. Ват-саппен қазақстандағы туысымен сөйлескені үшін әкетіп жатқандар болды. Біз бірден конференция өткіздік. Елшілікке шықтық. Негізінен, мәселе елшілік араласқан соң ғана шешіліп жатыр. Енді олар Шыңжаңдағы жағдайды, лаңкестікпен күресті алға тартады. Қазір, мысалы зейнетақы беруді Қытай тағы тоқтатып тастады…