ҚАНДАСТАРЫМЫЗДЫҢ ТАҒДЫРЫН ҚЫТАЙҒА ТАПСЫРЫП, ҚАРАП ОТЫРА БЕРЕМІЗ БЕ?
2018 ж. 17 сәуір
11228
25
Қазақстан Үкіметі, Үрімжіге баратын Сыртқы істер министрлігі делегациясы алдын-ала Қытай ырқына жығылуға дайындалып бармай, тең атаның ұлы ретінде теңдік сұрап, қандастарымыздың халін жақсартуға күш салуы керек деп білеміз.
Қазір Қытайдағы қазақтардың қиын жағдайы еліміздегі ең басты тақырып болып тұр. Қытайдағы 1,5 миллионнан астам қандасымыздың заңды құқықтары мен діни құқықтарының шектеліп жатқаны белгілі жәйтке айналды.. Былтыр 23 маусымда Дүниежүзі қазақтарының құрылтайында Елбасының ерекше тапсырмасын алған ҚР Сыртқы істер министрі Қ.Әбдірахмановтың өзі де жақында бұндай қиын жағдайдың растығын айтып, ресми мәлімдеме жасады.
Қытайдағы қандастарымыздың жағдайына алаңдаған «Ақ жол» партиясының төрағасы Азат Перуашев бастаған фракция депутаттары бүгін тағы да ҚР Сыртқы істер министрі Қ. Әбдірахмановқа ресми хат жолдады.
«Қазір Қытайдағы кейбір қазақ қандастарымыздың жағдайы елімізді де алаңдатып отыр. Бұл көрші елдегі 1,5 миллионнан астам қандасымыздың заңды құқықтары мен діни құқықтарының шектеліп, паспорттарының жинап алынып, ал елден шығуы үшін шетелдік паспорттардың берілуіне кедергі жасалып жатқаны жайлы ақпарат баспасөзде аз жазылып жатқан жоқ. Былтыр 23 маусымда Дүниежүзі қазақтарының құрылтайында өзіңіз де бұл мәселе туралы хабардар екеніңізді айтқансыз.
2017 жылдың 2 желтоқсанында Қытай астанасы Бейжіңде Әлемдік саяси партиялар көшбасшылары форумына қатысқан «Ақ жол» партиясының төрағасы, Мәжіліс депутаты Азат Перуашев пен партия төрағасының орынбасары Қазыбек Иса Қытайдағы қамауда отырған 112 адамның тізімі жазылған хатты Қытай Коммунистік партиясы Орталық Комитетінің Халықаралық істер бөлім меңгерушісінің орынбасары Шэн Бэйли ханымға тапсырды.
Сонымен бірге біз қандастарымызға зияны тимесін деп,әділеттілік сұрадық. Бұл мәселе сол сапар барысында, ҚКП ОК Халықаралық бөлімінің басшысы Сун Тау мырзамен кездесуде де ауызекі айтқанбыз. Осы тізімді дәл осы сұрақтармен "Ақ жол" партиясы атынан Қытай Халық Республикасының Қазақстандағы Елшілігіне де жібердік.
Кейін, Астанаға келген Қытай Коммунистік партиясы Орталық комитеті Канцелярия Меңгерушісі Лэн Жун мырзамен де "Ақ жол" партиясындағы кездесуде бұл мәселе сөз болды. Бірақ Қытай тарапынан осы үндеу-хаттарымызға жауап әлі ала алмай отырмыз.
Осыған орай, Қытай мемлекетіне сапар шеккен СІМ-нің делегациясына тағы да "Ақ жол" басшылары мен ҚР Парламент депутаттарының қазақ қандастарымыздын тағдырына байланысты көтерген мәселелері мен сұрақтарына тағы да назар аудара отырып, олардың азаматтық, мәдени, діни құқықтарын қорғауды, қолдауды сұраймыз» - деп жазылған ресми хатта.
Иә, Қытай билігіне тапсырған бұл тізімді Астана мен Алматыдағы партия кеңселеріне біз Бейжіңге жүрер алдында Қыдырәлі Оразұлы, Серікжан Біләш, Құл-Керім Елемес пен Бейсен Аxметұлы бауырларымыз әкеп өткізген болатын. Сонымен қатар қытай билігіне «Ақ жол» партиясы атынан да арнайы xат тапсырылды. Екеуінің де қытайша аудармасы да қоса берілді.
Біз бұл қамаудағы қандастарымыз Қытай азаматы болып табылатындықтан, өзге елдің ішкі ісІне араласа алмайтынмызды мәлімдедік. Дегенмен, Қытайдағы қиындыққа душар болған қазақтардың Қазақстандағы туған-туыстары қатты мазасызданып отырғандықтан, бұларды қытай полициясы неліктен қамап тастады, олардың жазығы не, жағдайы қандай екенін тексеруді өтіндік Шэн Бэйли xаным бұл жағдайды анықтап, Шыңжан-Ұйғыр автономиялық ауданы басшыларына жауабын беруге тапсырма беретінін мойнына алды. Сөйтіп, дипломатиялық тіл табысу арқылы бір жарым миллиардқа жуық халқы бар кемел елдің келісімін ала білдік.
Әрине, елдің арқалатып жіберген аманатын орындау кез-келген партияның , қазағым деген кез келген қайраткердің атқаруы тиіс шаруа деп білеміз.
Дегенмен жағдайдың оңалар түрі жоқ. Қазір Қытайға барып келген азаматтардың айтуынша, «Ассалаумағалайкум» деп ауыз толтырып амандасқан адам, айтып, аузын жапқанша, абақтыдан кем емес «саяси үйрену» қорасынан бір-ақ шығады. Құран ұстап, намаз оқығанның жағдайы тіпті қиындап тұр. Мешіттер жабылып, дін ұстанған азаматтар қудалауға ұшырауда. Қайтыс болғандардың жаназасы шығарылмайтыны да айтылуда.
Қазіргі кезде Қазақстан азаматтығын алса да, Қытайға тіркеуден шығуға немесе туған-туысына барған ағайындардың өзін «қос азаматтық» деп, себепсіз, түрлі сылтаулармен, соттың үкімінсіз түрмеге жабу немесе «саяси үйренуге» кіргізіп, болмаса паспортын алып бермей отырған фактілер жеткілікті.
Қытайдағы қандастарымыз Қазақстанмен сөйлескен күні сол сәтте «саяси үйренуге» айдалады. Сондықтан да болу керек, біздің өзіміздің де Үрімші мен Алтайдағы ағайындардың амандығын сұраған сауалымызға жауап ала алмай отырғанымызға бір жылға жуықтады...
Астана мен Алматыда Қыдырәлі Оразұлының өзінің ұйымдастыруымен-ақ бірнеше рет баспасөз мәслихаттары өтті. Оған Қытайда туған-туысы түрмеде отырғандар олардың фотоларын алып кеп, араша сұрады. Алматыдағы оралман бауырларымыз қала әкімшілігінен Қытайдағы қазақтарға жасалып жатқан қысымға қарсы митингі өткізуге рүхсат сұрағаны да белгілі.
Кеше, 16 сәуірде парламентте түсінік берген Қазақстан Сыртқы істер министрінің орынбасары Мұхтар Тілеуберді "Қытайда қуғын көріп жатқан этникалық қазақтар Қазақстанға келіп, оралман мәртебесін алған, бірақ Қытайда тұрақты тіркеуден шықпай, сол елдің жеңілдіктерін алып келуіне байланысты қамалып отыр. Сол себепті жергілікті билік бұған тыйым салып отыр. Сондықтан біз жеңілдіктер жасағанда оны жан-жақты қарап, Қытайдың талаптарына қайшы келмейтіндей жасауымыз керек."- деді.
Вице-министрдің : "Сондықтан біз жеңілдіктер жасағанда оны жан-жақты қарап, Қытайдың талаптарына қайшы келмейтіндей жасауымыз керек"-дегеніне қарап, Үрімжіге бармай-ақ үркіп тұрған жоқ па деген ой келеді. Қытай неге Қазақстанның талаптарына қайшы келмеуді ойына да алмайды да, әдеттегідей біз иілуіміз керек?
Ал шындығында, қоғамдық ұйымдардан, жекелеген азаматтардан бізге, «Ақ жол» партиясына да, «Қазақ үні» газеті редакциясына да келіп жатқан ресми хаттарға қарасақ, Қытайдағы қандастарымыздың бәрі елге келіп, Оралман куәлігін алғаннан кейін Қытайдың тұрақты тіркеуінен шықпағандықтан ғана қамалып отырған жоқ. Қытай қазақтарында ешқандай да қосымша әлеуметтік жеңілдіктер жоқ. Ал зейнеткерлердің зейнетақысы мен медициналық жәрдем ақысына келсек, оның да ешқандай тұрақты тіркеуге қатысы жоқ. Тіркеуден шықса да, зейнетақы ала береді. Ол ҚХР заңында анық көрсетілген, Қытай азаматы қоныс аударса немесе өзге елдің азаматтығын алса да, азаматтығына қарамай зейнетақысы жалғасты беріле береді. Бұл жөнінде ШҰАР жергілікті билігі Қытайдың өз заңын өзі атқармай отыр. 2017 жылдың соңы мен 2018 жылдың басында азаматтық алған қандастарымыздың бұрынғы қытай паспорты мен қытайдың азаматтық куәлігін Қытай елшілігі мен консулдығы қабылдап алмай, Қытайға барып тұрақты тіркеуден шығып кел деп, мәселені қолдан қиындатуда. Ал қандастар Қытайдың тұрақты тіркеуінен шығайын деп барса, түрлі сылтауламен тіркеуден шығармауы былай тұрсын, саяси үйрену орталықтарына жөнелтіп жатыр дейді «Жебеу» Республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Омарәлі Әділбекұлы.
Сонымен бірге көші-қон туралы жаңа заңдық өзгерістер этникалық қазақтардың азаматтық алу мәселесін одан арман ауырлатып жібергенін, сондықтан заңға өзгерістер енгізу керектігін айтады Бейсен Бұқарбай мен Қыдырәлі Оразұлы бауырларымыз.
Иә, қазіргі Қытайдағы қазақтардың қиын жағдайы мен жалпы көші-қон саласында қордаланған мәселелерді сараптай келе нақты ұсыныстар жасауға тура келеді.
1.Кейінгі қабылданған заң бойынша бұрынғы 1 жыл ғана жарамды Оралман куәлігін тек 3 айға ғана ұзартуға мүмкіндік берілген. Сонымен бірге, Оралман куәлігінің уақыты өткеннен кейін 6 ай ішінде өтініш бермесе, Оралман куәлігінің уақыты ұзартылмайды.. Бұл Азаматтық алу мәселесін одан ары қиындатып жіберетіні белгілі. Азаматтық алу үшін алдымен Оралман куәлігін алып, сосын үй тауып, тұрақты тіркеуге тұрып, Ықтиярхат алу керек. Бұл үшін осы 1 жыл уақыт жетпей, мыңнан аса қандастар Азаматтық алаалмай қалды, енді олар заң бойынша тек 5 жылдан кейін ғана Азаматтық ала алады. Егер олар 5 жыл күтсе, Қытай төлқұжаттарының уақыты өтіп кетеді де, оны ұзарту үшін олар Қытайға баруға мәжбүр, ал Қытайға барса түрмеге қамалады .Сол үшін Оралман куәлігін Азаматтық алғанша жарамды ету керек. Шын мәнінде 2011 жылдан бұрын Оралман куәлігі Азаматтық алғанша жарамды болатын. 2013 жылдары 7 жылға дейін жарайтын. Естеріңізге сала кетейік, 2016 жылы мыңдаған этникалық қазақтар Оралман куәлігінің уаықты өтіп кетуіне байланысты Азаматтық ала алмай, қиындықта қалғанын хабарлаған болатын. Осындай Азаматтық ала алмай жүрген қандастарымыз мыңдап саналады. Бұлардың Азаматтық алу мәселесі енді қалай шешілмек?
2.Ықтиярхат алмай тікелей Азаматтық алуға мүмкіндік жасау керек. Өйткені елге келген қазақтар Тұрақты тіркеуге тұру үшін, Ықтияр хат алу үшін, сосын Азаматтық алу үшін 3 рет шабылады.
3.Шетелден келіп оқып жатқан қазақ студенттерді Ықтярхатсыз және Оралман куәлігінсіз тікелей Азаматтыққа қабылдау керек. Әсіресе, Қытайдан келген студенттерге тез беру керек, себебі оларды Қытай сақшылары түрлі сылтаулармен шақырып алып, қайта жібермей отыр. Осыған дейін 74 студент қысқы каникул кезінде Қытайға барып ұсталып, қайта келе алмай қалған. Осы студенттерге және дайындық бөліміндегі оқып жатқан жастарға, сол университеттегі уақытша немесе тұрақты тіркеуі арқылы жергілікті көші-қон мекемесі Азаматтық беруі керек.
4.Кеше ғана бір Қытайдан келіп осында дайындық курс оқып жатқан қазақ студент (оның Қытайдағы отбасының қауіпсіздігі үшін аты айтылмай отыр) тіркеу уақыты өтіп кеткендіктен, Қазақстаннан шығарылды. Атамекеніне жылап кеткен ол енді Қытайға барған соң түрмеге тоғытылады. Сондықтан Тіркеу, Тіркелу секілді түрлі мәселелерде этникалық қазақтарға жеңілдетілген тәртіп енгізілуі тиіс. Уақытша тіркеу арқылы да Азаматтық құжат өткізуге мүмкіндік жасалуы керек. Қазақстанда оқып жатқан ҚХР азаматы болып табылатын ұлты қазақ студенттер мен оқушыларды үстіміздегі қыстық демалыста барғанда паспорттарын жинап алып, бері қайтармай отырғаны да жазылуда.
5.Ал керісінше шетелдерден қазақтың атын жамылған өзге ұлт өкілдері елімізге еркін кіріп, заңды да, заңсыз да Азаматтық алып жатқандары белгілі. Оларға сондай жаңдай жасаған көші-қон және миграция басқармасы басшыларының алды ұсталып та жатыр. Оларға тосқауыл қойып, мемлекеттік мүдде мен еліміздің Азаматтық алу мәртебесін көтеру үшін этникалық қазақтардан өзге ұлттарға Азаматтық алуда «Ақ жол» партиясы саяси бағдарламасында ұсынған Қазақстанның мемлекеттік тілі мен тарихынан емтихан тапсыру талабын енгізу керек.
Қытайдағы қандастарымыздың кешеге дейін, Қазақстанға көшуге даңғыл жол ашылған ширек ғасыр бойы Атамекеніне алып-ұшып жетпей, екі елдің арасында қыдырыстап жүре берген кемшіліктерін де ақтай алмаймыз. Яғни, қазақ қай жерде де қазақ, әке-шеше Қытайдың жоғары зейнетақысын қимай, ұл-қыздар ата-анасынан аса алмай, асықпайық деп жүргенде, кеш қалып, енді темір қақпа қайта жабылды.
Әрине, Қытайда сансыз түрлі себеппен қамалғандардың көбісі сол елдің азаматы болғандықтан, басқа елдің ішкі саясатына араласуға хақымыз жоқ. Бірақ елшілігіміз бар, адам құқы мен діни еркіндігі туралы қабылданған халықаралық конвенциялар бар, дипломатиялық мүмкіндіктер арқылы ықпал етуге болады деп білеміз.
Биыл қаңтар айында Қазақстан Біріккен Ұлттар ұйымы Қауіпсіздік Кеңесіне бір ай бойы басшылық жасады. Сонда айдаладағы Ауғанстанның жағдайын қарағанда, Қытайдағы өз ағайындарымыздың да ауыр хәліне алаңдасақ, сол өмірде бір-ақ рет шығатын халықаралық мінберге басшылық жасап отырып, пайдалана білсек, болмас па еді? Әлде біреу «өз қазағыңда не шаруаң бар?» деп біздің шапанымызды шешіп алар ма еді...
Қытаймен ішек-бауырымыз араласқан ынтымақтастық байланыстарымыз, түрлі халықаралық одақтарымыз неге осындайда өз ықпалын тигізе алмайды? Қытай билігі қандастарымыздың өз Атамекеніне – Ұлы дала еліне көшуіне түрлі кедергілер келтіріп, Ұлы көшке зор тосқауыл жасап отыр.
Қазақтың санын көбейте алмай отырғанда, Қытайдағы 1,5 миллион қазағымызды тағдырдың талқысына тастап, Қытайға тапсырып, қайрат-қарекетсіз қол қусырып қарап отыра беру Мәңгілік Ел болуды мақсат етіп, әлемдегі елеулі елу елге қосылған Қазақстан мемлекетінің атына сын екені анық. Қолымыздан қайран келмегенде айтатынымыздай "Бір құдайға тапсырдық" дегенімізбен, "Құдай да сақтансаң сақтайды" деген де сөз бар. Сақтықтың қамын жасап, ұлтымыздың бір бөлігін төніп келе жатқан зұлматтан арашалап алуға бәріміз жұдырықтай жұмылып, ықпал жасауымыз керек.
Сондықтан, Қазақстан Үкіметі, Үрімжіге баратын Сыртқы істер министрлігі делегациясы алдын-ала Қытай ырқына жығылуға дайындалып бармай, тең атаның ұлы ретінде теңдік сұрап, қандастарымыздың қамын жасап, халін жақсартуға күш салуы керек деп білеміз. Қандастарымызға қабырғасы қайысқан қалың елдің аманатын арқалап бара жатқандықтан, ауыр жүкті атқара білу шарт. Шырылдаған ағайынның шын жүректен шыққан сөздері жүректерге жетуде. Егер біздің билікте жүрек болса... (екі мағынасында да айтылағн сөз).
Бір қаладан екінші қалаға көшудің өзі оңай емес. Сондықтан, шет елден шекара асып, арып-ашып келген ағайынға қашанда қамқор болуымыз керек. Қазақтың ұлттық рухын көтеріп, мәдениетіне зор үлес қосқан қандастарымызды бауырмалдығымызбен баурай білейік. Өзге ұлтты көрсе, құшағын, өз оралманын көрсе «пышағын» дайындап тұратын орысқұлдық санадан арылуға тиіспіз.. Бұндай құлдық құлық иелері билікте де, қоғамда да аз емес.
Қытайда жазықсыз қамауда отырған қандастарымыздың қапастан құтылуына қарлығаштың қанатымен су сепкендей әрбір қарекетіміз сеп болғай деп тілейміз. Арғы беттегі ағайындар тағдырына араласқан қадамымыз күрделі істің күрмеуі шешіліп, жағдайдың оңға басуына Ақ жол ашады деп үміттенеміз.
Әлемдегі әр Қазаққа Алла жар болсын!
Қазыбек ИСА,
«Ақ жол» партиясы төрағасының орынбасары.
«Қазақ үні» газеті
Qazaquni.kz