Соловьевтің Қазақстан жайлы айтқанына байланысты шара қолданамыз – ҚР СІМ
2018 ж. 17 сәуір
2739
11
ҚР СІМ басышысының орынбасары Ержан Әшікбаев ресейлік журналист әрі тележүргізуші Владимир Соловьевтің Қазақстан мен Ресейдің ара-қатынасы туралы айтқанына қатысты пікір білдірді. Бұл туралы Qamshy.kz ақпарат агенттігі tengrinews.kzпорталына сілтеме жасап хабарлады.
«Мұндай ақпарды естідік. Соңғы уақыттарда бізге көршілес, достық қатынастағы мемлекет тарапынан осындай пікірлер айтылып жүр. Алдымен біз РФ мемлекеттік органдарының ресми мәлімдемесіне назар аударамыз. Мемлекет басшысы Назарбаев пен РФ президенті Путин арасындағы келіссөздердің нәтижесі бәрімізге белгілі. Біз үкімет деңгейінде сенімді, сындарлы диалог орнаттық. Сол себепті алдымен ресми позицияға назар аударамыз», - деді Ержан Әшікбаев Үкімет үйінде журналистердің сұрағына жауап беру барысында.
«Қоғам белсенділері мен сарапшылардың осы сарындас пікірлері екі ел арасындағы достық қарым-қатынасқа нұқсан келтірмес үшін әдеттегідей шаралар қолданатын боламыз», - деді СІМ басшысының орынбасары.
Айта кетейік, «Россия» арнасының жүргізушісі Владимир Соловьев тікелей эфир барысында БҰҰ Қауіпсіздік кеңесіндегі отырыста Қазақстанның сайлауға қатысуы туралы айтқан: «Қазақстан мен Ресейдің арасынан қара мысық өткен бе? Қазақстанмен арамыздағы байланыс жайлы білмейтініміз бар секілді. Біз Қазақстанды да Нұрсұлтан Әбішұлын да ерекше сыйлаймыз. Бірақ осындай сын сәттерде не болып, не қойғанын түсінгіміз келеді», - деген еді Соловьев.