Заңгер Астанадағы антикоррупциялық қызмет пен Прокуратураға қатысты сұмдық жайтты айтты
2018 ж. 15 сәуір
8797
19
Белгілі елордалық заңгер Ринат Баймолда өзінің фейсбук әлеуметтік желісіндегі парақшасында Астана қаласының антикоррупциялық қызметіне қатысты жайтпен бөлісті. Адвокаттың айтуынша, жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің Астана қаласындағы өкілдік қызметкерлері өзінің қорғауындағы азаматшаны қинап, күш көрсеткен. Ал Прокуратура қызметкері бұл факті бойынша арызды қабылдаудан бас тартқан.
Бұл туралы "Қазақ үні" ұлттық порталының тілшісі хабарлайды.
- Мен, тәжірибелі заңгер болсам да, құзырлы орган - Прокуратура тарапынан жасалған заңбұзушылықтарға куә болып жүрмін. Олардың басты мақсаты - заңның орындалуын қадағалау емес пе?!. Сәуірдің 7-күні мен елордалық прокуратураға барып, өзімнің қорғауымдағы азаматшаға антикоррупциялық қызмет өкілдері тарапынан қысым көрсетілгені туралы арыз қалдырмақшы едім. Қызмет орнында кезекші прокурор Айтжанов отырды, алайда "демалыс" күні деп арызымды қабылдамады. Мұндай ережені кім бекітіп еді сонда?
Ашынған заңгер Астана қаласында мұндай бассыздықтар орын алса, өзге аймақтарда не болатынын ойлаудың өзі қорқынышты дейді.
Ринат Баймолда бұл фактіге қатысты істі соңына дейін жеткізіп, Бас Прокурорға арыз жазатынын да айтты.