Оралда қайын атасы немересін алып кеткені үшін келінін айуандықпен өлтірген
2018 ж. 12 сәуір
3358
3
Оралда келінін өлтірді деген күдікпен ер адам қамауға алынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Орал қалалық сотынан түскен мәліметке қарағанда, тергеу судьясы бұрынғы келінін өлтірді деген күдікпен А. деген ер адамды екі айға қамауға алу туралы бұлтартпау шарасын санкциялады.
Қанды оқиға Оралда 8 сәуір, жексенбі күні болған. Ақеркенің нағашы ағасы Ержан Сарқытбековтың айтуынша, 1990 жылғы жиен қарындасы бұрынғы күйеуі Саяттан екі жасар баласын алып қайту үшін Семейден Орал қаласына келген.
Ақерке Семейде анасымен тұрған. Оралдық Саятпен танысып, 2015 жылы тұрмысқа шыққан. Бір жылдан кейін ұлы дүниеге келген. Әуелі Оралда, кейін Ақсай қаласында тұрған. Е.Сарқытбековтың сөзіне қарағанда, күйеуі хабарсыз кеткеннен кейін Ақерке Оралда тұратын ата-енесіне барғанда, олар баланы бермейтінін айтқан. Дегенмен Ақерке баласын өзімен бірге Семейге алып кеткен. Бұдан кейін Саят Семейге келіп, Ақеркені алдап, ұлын ұрлап әкеткен.
«Қарындасымның сау-тамтығы қалмаған. Тепкілей берген, содан кейін пышақтаған. Қайынатасы мен өлтірдім деп мойындағанымен, мұны екеуінен бірдей көріп отырмыз. Ақсай қаласында тұрған кезінде де Саят Ақеркені ұрып-соққан. Содан жарақат алған ол ауруханаға да жатып шыққан. Мұны бірге жұмыс жасаған адамдар да айтып отыр. Алайда қарындасым ұялып, бұл жөнінде бізге тіс жармаған. Біз тергеудің әділ жүргізілгенін қалаймыз», - деді «ҚазАқпарат» тілшісіне Е.Сарқытбеков.
Ақеркенің сүйегін ағалары келіп, алып кетті. Марқұм ертең Семей қаласында жер қойнына беріледі. Еске сала кетейік, бұдан бұрын Оралда «Шебер» базары жанындағы контейнерден ер адамның мүрдесі табылып, сондай-ақ жексенбі күні әйелді өлтіру дерегі тіркелгенін жазған болатынбыз. Қазіргі кезде қос қанды оқиға бойынша да күдіктілер екі айға қамауға алынып, тергеу амалдары жалғасуда.