Алматыдағы өрт: Байбек көпқабатты тұрғын үйді қалпына келтіруді тапсырды
2018 ж. 06 сәуір
1964
0
Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек «Көкжиек» шағын ауданындағы көп пәтерлі үйден шыққан өрттен кейін ғимаратты қалпына келтіру жұмыстарын жүргізуді тапсырды. Бұл туралы қала әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады, деп жазады Stan.kz ақпараттық агенттігі.
Сонымен қатар, әкім үй тұрғындарын уақытша орналастыру мен қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қажетті көмек көрсетуді тапсырды. Қаланың құтқару қызметінің және Жетісу ауданы әкімдігінің басқаруымен №177 орта мектебінде түнейтін орындар ұйымдастырылып, азық-түлікпен қамтамасыз етілетін штаб құрылды.
«Қазіргі уақытта үйге кіру жолдары жабылды. Электр қуаты, газ және басқа коммуникациялар өшірілді, Полицияға үйді қоршауға алды», – делінген хабарламада.
Баспасөз қызметінде айтылғандай, бүгіннен бастап өрттің салдарын анықтау үшін комиссиялық тексеру жұмыс істейтін болады. Тұрғын үйді қалпына келтіру өртке байланысты себептер анықтағаннан кейін тиісті өрт және техникалық сараптама нәтижесі бойынша жүзеге асырылады.
Айта кетейік, кеше Алматыда тұрғын үйден шыққан өрт салдарынан 300 адам қауіпсіз жерге шығарылған болатын. Бесінші сәуірде 16:03 кезінде кезекші бөлімге «Көкжиек» шағын ауданындағы мансарды бар бес қабатты тұрғын үйдің бірінші және екінші қабатында балкондар өртенгені туралы хабар келген.
«Өрт сөндірушілер оқиға орнына 16:11 кезінде жетті. Ол кезде ғимараттың қасбеті бірінші қабаттан бастап бесінші қабатқа дейін лаулап жанып жатты. Алғашқы деректер бойынша, өрт аумағы 1000 шаршы метр. Шатыр да толығымен өртке оранған», — делінген хабарламада.