Су тасқынымен күрес жұмыстарына Шығыс Қазақстанға 2 млрд теңге бөлінеді
2018 ж. 03 сәуір
3455
8
Шығыс Қазақстан облысында су тасқынымен күрес жұмыстарына Үкімет тарапынан 2 млрд теңге қосымша қаржы бөлінеді.
Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаев айтты. Премьер-Министрдің айтуынша, Үкімет тарапынан Шығыс Қазақстан облысына қажетті көмектің барлығы көрсетілетіндігін баса айтты, - деп хабарлады Қазақпарат.
«Даниал Кенжетайұлы, Сіздің жазған хатыңыз келіп түсті. Қосымша қаражат бөлінетін болады. Көмек ретінде 2 млрд теңге сұралды. Бақыт Тұрлыханұлы (Қаржы министрі Сұлтанов) шешімдерді шұғыл түрде дайындаңыз. Асқар Ұзақбайұлы (Үкімет басшысының бірінші орынбасары Мамин) жалпы республика бойынша осы күрделі жағдай бақылауыңызда болсын», - деді Бақытжан Сағынтаев.
Ал Даниал Ахметовтің айтуынша, бүгінгі күні облыстың төрт ауданы Аягөз, Глубокое, Зырян, Шомонайха мен Семей қаласында табиғи сипаттағы төтенше жағдай жарияланған.
"Барлық мәселе менің тұрақты бақылауымда. Су басқан жерлерде 570 құрал-жабдық жұмылдырылған. Арнайы құрылған комиссия шығынды есептеп жатыр. Қоғам өкілдерімен қосымша 3107 адам тартылды. Қазіргі кезде үйлерді қалпына келтіру, жөндеу бойынш жұмыс басталып кетті. Осындай жұмысты күнделікті атқарып жатырмыз", - деді облыс басшысы.
Оның айтуынша, Зырянда соңғы 60 жыла мұндай су тасқыны болмаған. Бұқтырма өзенінде мұздың қалыңдығы 2 метрге жеткен.
«Қазір мұз жару жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Бірақ, бүгін ауа райы бұзылып, Өскеменде де, Зырянда да қар жауып жатыр», - деді Даниал Ахметов.