Білім министрлігінің жоғарғы шенді қызметкері. “Я не говорю по казахский”
2018 ж. 02 сәуір
8120
34
Бүгін тағы былығы бастан асып жатқан білім министрлігі жайлы сөз етпекпіз. Дәлірек айтсақ, Сағадиев тізгінін ұстап отырған министрліктің бюджетті жосапарлау департаменті директорының орынбасары Жанар Рахметова ханымның әдепсіз әрекетіне қатысты сөз болмақ.
Мәселе былай: мектеп мұғалімі Айман Сағидолла мен министрліктің білдей бір департамент директорының орынбасары Жанар Рахметова арасында әңгіме болған. Сөз түйіні тілдік мәселеге кеп тірілген. Содан, Айман Сағидолла мемлекеттік қызметкердің әдеп нормасын өрескел бұзып, тіл туралы заңды табанына таптап сөйлеген Жанар Рахметованың үстінен шағымданып, сотқа дейінгі талап-хат жолдайды. Мемлекеттік тілді менсінбейтін, келімсек тілді кекірейге шара қолданып, жазалануын талап етеді. Себебі, министрлік өкілі екі бірдей норманы бұзған. Біріншісі – мемлекеттік тіл туралы заңды, екіншісі – мемлекеттік қызметкердің әдеп нормасын. Міне, сол жазылған талап-хатқа бүгін ресми жауап келіпті.
Біз Айман Сағидолла ханымды сөзге тарттық. Мәселенің анық-қанығын сұрап білдік. Сонымен, үштілділікпен ұшықталған министрліктің дардай департамент «басшысы» не деп сөйледі? Оған қандай шара қолданатын болды?
Президенттің мұғалімдердің жалақысын өсіру туралы арнайы тапсырмасы бар-тұғын. Білесіздер ғой… Сол тапсырма бойынша қаңтар айынан бастап мұғалімдердің айлықтарына ақша қосылуы керек еді. Міне, көкек туды. Көк тиын қосылмапты. Сосын Айман ханым Сағидолла өз директорынан жалақының көбеймей жатқанын анықтап сұраған ғой. Сөйтсе, министрлік ешқандай бұйрық түсірмеген екен. Директор соны айтады. Бұл ақпанда болған жайт.
Сөйтіп, БҒМ бюджетті жоспарлау департаментіне қоңырау шалып, неге жалақы өспей жатқанын сұраған. Телефонға департамент директорының орынбасары Жанар Рахметова жауап қатады. Қазақ тіліне қырын қарайтын Үкіметтің қатардағы қызметкерінің бірі ғой. Орысша шүлдірлейді.
«Мен: Сіз қазақша сөйлеңізші, болмаса қазақша сөйлейтін адамға беріңіз. Мен орысша түсінбеймін деген едім, ол кісі маған: “Я не говорю по казахский. Почему вы не разговориваете на англиский или на испанский? У нас трехьязычие если что” деп сөйледі. Мен бұл диалогты диктафонға жазып алғанмын. Осыған байланысты бұл министрлікті сотқа бермек болып, сотқа дейінгі талап-хат жаздым», – дейді Айман Сағидолла.
Иә, әуелі мемлекеттік қызметкердің әдеп нормасын ескерместен, дөрекі мінез танытқаны үшін жазалануы тиіс. Қызметтік этика ережелері ескерілмеген. Бұл анық. Иә, мемлекеттік тіл туралы заңды табанына таптап, мемлекеттік тілді, қазақ тілін менсінбей, айдаладағы ағылшын мен орыстың, итім білмейтін испанның тілін міндеттеп сұрау – миниситрліктің дардай “депбасшысына” жарасымды қылық па?! Бұл үшін де жазалануы тиіс!
Оған қоса мемлекеттік қызметкердің әдеп нормалары және мінез-құлық қағидаларын одан әрі жетілдіру шаралары туралы Президент Назарбаевтың 2015 жылдың 29-желтоқсанындағы Жарлығы бар. 153-Жарлық. Сонда жоғарыдағы біз сөз еткен этика ережелері тайға таңба басқандай көрсетілген. Осыған сүйеніп, талап-хат жазылады. Әрине, Сағадиевтің өз атына. Қарамағындағы қызметкерінің қылығын тыйып, тәртіпке салуды сұрайды.
Хатта мемлекеттік тіл мәселесі көп айтылған. Қазақ тілінде сөйлеуден қасақана бас тартып, үштілділікті алға тартқан сәусәлімнің сол бір сорақылығы жайлы сөз болды.
Миниситрліктің екі бөлімі бар екен. Біріншісі – тіл мәселелерін қарайтын бөлім болса, екіншісі – әдеп бөлімі. Айман Сағидолланың хаты айналып жүріп, әдеп бөлімінің қарауына түскен. Міне, сол әдеп бөлімі “әйбәтіләп” тұрып жауап жазып жіберіпті. Шара қолданылатынын жазған.
«Сіздің хатыңызда аталған факті бойынша мемлекеттік қызмет саласындағы заңнаманы және Әдеп кодексін сақтау мәселелері бойынша Ж.Рахметоваға түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар, әдеп нормаларын бұзған қызметшіні жауапқа тарту үшін Жауапты хатшының 16.03.2018 жылғы бұйрығымен қызметтік тексеріс жүргізу тағайындалды. Президенттің 2015 жылғы 29-желтоқсандағы 152-Жарлығымен бекітілген мемлекеттік қызметшілерге тәртіптік жаза қолдану қағидаларында көрсетілген тәртіпте қаралатын болады. Министрлік тарапынан мемлекеттік қызмет саласындағы заңнаманы және Әдеп кодексін бұзу профилактикасы және оған жол бермеу мақсатында іс-шаралар қабылданады. Аталған шешіммен келіспеген жағдайда белгіленген тәртіппен қайта арыздануыңызға құқыңыз бар», – деп жазылған қысқаша.
Министрлік шара қолданатынын айтқан. Дегенмен нақты қандай жаза қолданылатыны айтылмаған. Онан соң, ресми жауапта мемлекеттік тіл туралы бір ауыз сөз айтылмаған. Тек қызметкердің бейәдеп қылығы жайлы сөз болған.
«Жалпы хатты жазардан бұрын, министрліктің тіл бөліміне хабарласып, сұраған едік. Міне, біз осылай хат жазғалы жатырмыз деп айттық. Олар жалпы министрліктің атына жазсақ, біздің хатты өздері-ақ, тіл бөліміне жеткізетінін айтты. Сөйтіп, тіл жайлы сосын әдеп жайлы жазып, хат жолдағанбыз. Біздің хатымыз тіл бөліміне емес, әдеп бөліміне түскен екен. Сондықтан онда тіл ережелерін бұзу жайлы сөз айтылмаған. Біз адвокат Маржан Аспандиярова апайымызбен ақылдасып шешеміз. Әрі қарай сотқа береміз бе, жоқ па ақылдасуымыз керек. Не дегенмен, Жанар Рахметова жазасыз қалмайтыны айтылған», – дейді Айман Сағидолла.
Түйін. Үш тілге үйір Үкіметтің мемлекеттік тілге, қазақ тіліне немкетті қарайтыны жайлы жаза жаза қалам, айта айта ауыз талды. Статистиканы көрсеттік. Сөйлемеді. Президенттің нақты тапсырмаларын тағы көрсеттік. Тағы сөйлемеді. Өзгелерден мысал келтірдік. Бедірейген беттері бұрылмады. Енді бұларға қайтпек керек? Заң бар. Міне, сол заңға жүгіну керек. Иә, қазақ тіліне қайрылып қарық қылмаса да, дәмелі қызметін сақтап қалу үшін тіл сындырары сөзсіз.
Келісмек тілді кемтар биліктің – көрші елдің мемлекеттік тіліне тәуелділігін – жаңағы Жанар Рахметова дейтін департамент орынбасарының орынсыз талабынан анық көрдік.
Қарапайым мектеп мұғалімі Айман Сағидолланың сауатты талап-аразы аз да болса жемісін бергенін көрдік. Бұл бәрімізге үлгі болса керек. Сіз де өз құқыңызды осылай қорғаңыз. Қазақ тілінің құқын осылай қорғаңыз! Нәтижесі болады. Бұл анық!
Нұргелді ӘБДІҒАНИҰЛЫ,
Abai.kz