ЕЛБАСЫ НАУРЫЗ КӨЖЕ БЕРЕ МЕ?
2018 ж. 19 наурыз
7831
27
ПРЕЗИДЕНТ ШЫРШАСЫН БІЛЕТІНДЕР ЕЛБАСЫНЫҢ ЖЫЛБАСЫ КӨЖЕСІН ДЕ КҮТІП ЖҮР
Осыдан он бес жыл бұрын 1993 жылы сол кездегі «Өркен-Горизонт» газетіне, кейін 2009 жылы «Жас қазақ үні» газетіне «Елбасы Наурыз көже береді ме?» деген мақала жазып едім. Өткенде Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлының «Егемен Қазақстан» газетінде Наурыз мерекесін жаңаша қалай өткізу керектігі туралы сүбелі сұхбаты шықты. Ел көңілінде жүрген ой болған соң, көпшілік бұл мақаланы қазір қызу талқылап жатыр.
Жақында Мәдениет және спорт министрлігінің ұйытқы болуымен осы Наурыз мерекесін қалай өткізу керектігі жөнінде Алматыда талқылау болды. Оған барлық БАҚ басшылары, мәдениет пен өнер мекемелері жетекшілері қатысып, өз пікірлері мен ұсыныстарын айтты. Сонда мен жиырма бес жылдан бері көтеріп келе жатқан мәселем - Наурыз мерекесінде Елбасының Наурыз көже беруін тағы да сөз еттім. Енді осымен үшінші рет жазып отырмын. Ал енді ел Рухани жаңғырып жатқанда Ұлыстың Ұлы күні – Наурыз мерекесінде бұл мәселе күн тәртібіне қайта көтерілуі заңды да, табиғи деп білеміз.
Жаңа жыл мерекесінің беделі не үшін жоғары? Өйткені оған Елбасыдан бастап, елдің бәрі, Ақордадан бастап, ауылға дейін үлкен мән беріп келеді. Тіпті, біздің ата-бабамыздан бері сан ғасыр бойы мойнымызға бұршақ салып, Алла тағаладан тілеп алған Тәуелсіздігіміз де осы жаңа жылдың көлеңкесінде қалып келеді... Кейінгі кезде қазақ басылымдарының аттандауының арқасында ғана біраз өңірлерде 1 желтоқсаннан тігілетін Жаңа жылдық шырша 16 желтоқсан - Тәуелсіздік күнінен кейін орнатылатын болды.
Жаңа жыл мерекесінің мерейін асырып тұрған мәселе – Президент шыршасы. Оған елдің әр түкпірінен үздік оқушылармен қатар жағдайы төмен оқушылар да келіп, қатысады. Президент шыршасы болған соң, бұған зор мән беріліп, ол облыс, қала, аудан әкімдері шыршасы болып, өңірлерде қайталанып, қарқын алады.
Егер, біз жиырма бес жыл бұрын жазғанымыздай, бүкіл Шығыстың жаңа жылы, Түркі халықтарының Жыл басы – Наурыз мерекесінде Президенттің Наурыз көжесі де дәстүрлі түрде берілсе, бұл мерекенің де мәні артып шыға келер еді...
Әрі бұл Елбасымыздың жылда қасиетті Рамазан айында ауызашар беріп жүргеніндей, жетім-жесір, жағдайы нашар жандардың және ардагерлеріміздің жыл сайын күтетін бүкілхалықтық иманды да, игілікті шарасына айналар еді.
Себебі, Наурыз көже жеті дәмнен құралатын, Елдің жыл бойы аңсап күткен қасиетті асы болғандықтан, Елбасының Жылбасы көже беруі Ұлыстың Ұлы күні мерекесінің маңызын тіпті аспандатып, қадірін асырар еді.
Сол Мәдениет министрлігі ұйымдастырған жиында көтерілгендей, Наурыз мерекесінде көп балалы аналар мен әлеуметтік жағдайы нашарларға банкілеріміз несие жеңілдіктерін жасап, кәсіпорындар қайырымдылық пен көмек көрсетіп жатса, нұр істіне нұр болар еді...
Ел сағына күткен Нәуірзек құс оралып, қыстан қалған қар-мұзды қақырата жарып шыққан Бәйшешек Көктемнің келгеніне сүйінші сұрап, бүр жарғанында бүкіл жер жүзі табиғатының тоңы жібіп, толықси бастайды.
Наурыз келіп, Жер бетінде Күн мен Түн теңелгенде ел бір-бірімен қауышып, ақ тілегін ақтарып жатса, бұдан артық не бар?
Самарқанның көк тасы да жібігенде, салқын тартқан жандар, сарымайдай еріп, бір-біріне кешірім жасап, құшақ жая көрісіп жатса, міне, біздің Елбасының сара саясатындағы Ынтымақ, Бірлік, Татулық осы емес пе?
Бізде Жаңа жылда балалардың Аяз Атадан сыйлық күткені секілді Ұлыстың Ұлы күні Наурыз мерекесінде Қыдыр атаның жақсылық алып келер жарқын образын символдық бейнеге айналдыру жағы жетіспей жатыр.
«Қазақтың дәстүрлі ұлттық киіміне күллі әлем тамсана, қызыға қарайды. Барлығымыз осы қасиетті күні, басқа да атаулы күндері ұлттық киім киіп шығайық! Байқасаңыз, Тәуелсіздік таңы атқалы бері жоғарғы биліктен Наурыз мерекесінде Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев қана әдемі шапан киіп, Ұлыс күнінде қалай жүрудің керемет мәдениетті үлгісін көрсетуде. ...Мерекенің өзіне сәйкес айшықтарын түлете отырып, фольклорлық-этнографиялық ауқымнан жалпы қазақстандық мереке дәрежесіне жеткізу керек. Бұл мәселеде Ұлттық намыс пен рухани болмысымызды жаңғырту деген асқақ ой жатыр. Қазір Наурыз дегенде, тігілген киіз үйлерге келіп, қонақ болып кететіндер мен сырттан бақылайтындар деп екіге бөліп қарауға болады. Мерекеде бақылаушылар болмайды, бәрі де қатысушы болу керек» деді Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы аталмыш сұхбатында. Сонымен қатар министр Наурыздың негізгі кейіпкерлері ең алдымен балалар болу керектігі туралы орынды ұсыныс айтты.
Ұлттық киім демекші, қазақтың қошқар мүйізді ұлттық ою-өрнекпен көркемделген шапанын еш халықтың шапанымен салыстыруға болмайды. Туыс халықтарымыз, қырғыздар ақ қалпағымен, өзбектер ала тақиясымен өзгешеленсе, қазақтар ұлттық шапанымен ерекшеленеді. Осы жерде айта кету керек, үш жыл бұрын кәсіпқой бокстан әйгілі әлем чемпионы Геннадий Головкин әлем аренасындағы жеңістеріне шатасып, шығыс шапанын (өзбек шапаны) киіп шығып жүрді. Кейін Оңтүстік Қазақстан облысы Отырар ауданындағы кәсіпкер-меценат Әбдімәжит Сыздықбек арнайы қазақы оюлы шапан тіктіріп, Монакоға алып барып, өзі кигізді. Содан бері қазақ боксшысы Головкин әлемдік әйгілі жекпе-жектеріне қазақ шапанын киіп шығып жүр. Сол кезде біз бұл жаңалықты Фейсбук парақшасында жариялағанда 3 мыңнан аса адам бөлісіп, 2 мыңға жуық пікір жазылған болатын. Ендеше, біз неге өзіміздің Ұлыстың Ұлы күнімізді ұлттық шапанымызбен көркейте түспейміз?
Сондықтан да министрдің сөзі қуана құптарлық ұсыныс.
Бала кезімізде ауылда Наурыз тойын тойлау үшін барлық ауыл тұрғыны көгалға шығып, тайқазанға әр үйдің жасап келген Наурыз көжесі құйылып, одан бәрі дәм татып, ақ тілектерін айтар еді. Оның соңы ұлттық дәстүрлі ойын-сауыққа, күрес пен көкпарға ұласатын. Кейін ел бала-шағасымен бірге үйді-үйге кіріп, дәм татып, соғымнан сақталған сыбағадан жасалған Наурыз көже ішер еді. Көшені көгалдандыру жұмыстары да, ағаш егіп, аула тазалау да осы Наурыз мерекесі аясына кіретін.
Наурыз мерекесі еліміздің Батыс өңірлерінде 14 наурызда Амал күні –Көрісумен басталады. Қазір көп жерде бұл мереке бір аптадан бір айға дейін жалғасып келеді.
Ең бастысы, биліктің бұл Наурыз мерекесін сол күні ғана қазақы шапан киіп, қазы-қарта жеп, қымыз ішіп кететін мейрам деп қана емес, Ұлы дала еліндегі Ұлыстың Ұлы күніне – Ұлттық мерекеге айналдыруға түбегейлі бет бұрыс жасауы керек.
Оның алғышартын Мәдениет министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы жасап, Алашқа сауын айтып, сауал тастады. Енді бұл ұлт күткен ұтымды ұсыныс ұзағынан сүйіндірсін деп, ел болып, жемісті болуына үлес қосайық, халайық
Ұлыстың Ұлы күні – жыл басы Әз Наурыз мерекесі құтты болсын, ағайын! Алла жар болып, Мерекеміз Берекеге ұлассын!
Қазыбек ИСА
«Қазақ үні» газеті
Qazaquni.kz