Арызқойлық абырой әпермейді
2018 ж. 17 наурыз
6661
4
Әлеуетіміз артып, озық технологиялардың мейлінше қарыштап күллі әлемді ғаламтор жаулап алған қазіргідей қысылтаяң кезеңінде өмір сүрудеміз. Қазақстан атты қуатты мемлекетті жер шарының бар түкпірі түгелдей біледі десек артық айтпағанымыз. «Болашақ» бағдарламасына сәйкес мемлекеттік грант есебінен қаншама қара көздеріміз Гарвард, Калифорния Оксфорд сияқты әлемнің ең үздік оқу орындарында оқып білім алуда. Шағын және орта кәсіпкерліктің мемлекеттік қолдауынын арқасында әл-ауқатымыз еселенуде. Бір сөзбен айтқанда хам-қарекеті бар, өз ісіне мығым адам бай қуатты болып жүрген жағдайы бар деуге толық негіз бар. Ол ол ма, әлемнің ең бай миллиардерлерінің қатарында жүрген қаншама қазақстандықтардың бар екені қазіргі күнде ешкімге де жасырын емес. Тіпті, мүліктерін аралдарға жасырған пысықайларымыз да бар дегенді де газеттен оқығанымызда жағамызды еріксіз ұстағанымыз есімізде. Үлкен шахарларда тұратын шынжыр балақ шұбартөс «шортандарды» былай қоя тұрып, өз ауданымыздың ішінде тамыры тереңге кеткен, ел арасында обырша етек жайған жайсыздықтар жайлы әңгімелегім келеді. Айтар кез келді. Себебі, мұны енді айтпасақ – кешігеміз. Осы орайда мол табысқа місе тұтпай бопсалаумен біршама көлденеңнен құралатын байлыққа қолы жетсе де, тасада тұрып тас атуға тас түйін дайын тұратын кейбір кездейсоқ кісімсінген кеудемсоқ адамдардың арамызда жүргеніне лажсыз қынжыласың.
Қалайша қынжылмасқа, бір ауданда, тіпті бір қалада қатар өмір сүріп, қызметтес те, әріптес те, дос-жаран да, тіпті тату-тәтті қиыспайтын ағайындай да бола жүріп тырнақ астынан кір іздейтін, түкке тұрмайтын тірліктерді термелейтін кірпияз, кінәмшіл «тұлғасымақтармен» кездесе қалғаныңа қыжылың қайнайды. Көзің қарауытып, қан қысымың көтеріледі. Құсқың келеді.
2016 жылдың күзінде ауданымыздағы бір мекеме басшысының екі бірдей орынбасарының үстінен тұнып тұрған ойдан құрастырылған өтірік пен жалаға толы арыз ұйымдастырылды. Аталған арыздың иесі – мердігер мемлекеттік мекемеден 27 шақырым қашықтықта, ауданның шалғай қиыр түкпірінде тұратын, ешқандай мекемеде жұмыс істемейтін зейнеткер. Ол екі орынбасарды көзімен көрмеген, орынбасарларды мүлдем танымайтын адам болып шықты. Арыз жазуға тапсырыс беруші кез-келген адамды бір-біріне қарама-қарсы қоюдың хас шебері, шантаж ұйымдастырудың «дарабозы», «біртуар», «бірегей», бітім-болмысы «бөлекше» безбүйрек, бұрмамойын, бөктергі. Солай бола тұрса да, тапсырыспен арыз жаздыру барысында өрескел қателіктерге қалайша ғана жол беретінін байқамайтынына аң-таң боласын. Орынбасарларды таныса, білсе мердігері өліп кетсе де арыз жазбас еді ғой. Шағымда жазылған жәйіттердің ешқашан өз дәлелін тапқанын көрген емеспіз. Осы сәтте бөлім басшысына әуре сарсаң мен сергелдеңге түскен жүйкесі жұқарып жазықсыз жапа шеккен жандар жолыққанда ол аталған арыздың қысқарғандығын зәбірленушілерге жеткізді. Кісі жанына жара салу арқылы азаптаудан ерекше ләззат алатын адамдар да арамызда. Көлгірсіп көсемсінетін кісісымақ дүмшелерден көпшіліктің қасірет-қайғы көретінін барлығымыз да бір кісідей білеміз. Осы орайда, басқарманың бізге жолдаған хатында арыздың, тіпті тіркеуге алынбағаны айтылды. Сонда тіркеуге мүлдем алынбаған арыз бойынша тексеру жүріп, қаншама адамдар құры босқа тергелгенін қалай түсінген ләзім? Аты жоқ арызды тексеруге жіберуші орган басшысының бойкүйездігі мен немкеттілігіне таң қалмасқа еш шараң жоқ. Осындай сорақылыққа жол берілгені қалай? Иесі жоқ, авторсыз арыз бойынша қаншама бейкүнә байғұстардан жеке жауап алынды, әбден тергелді. Арызқойдың жаңа жорығы туралы тағы бір эпизод келтіре кетейікші. Бір басшының екі бірдей орынбасары мен хатшысы арыз бойынша бес ай бойы әбден тергелді, армансыз соттасты. І деңгейлі аудандық сот пен ІІ деңгейлі облыстық аппелияциялық сот істе қылмыстың құрамы болмағандықтан, сотталушыларды ақтады. Қазіргі кезде мекеменің кейбір қызметшілері мен жұмысшыларына жоғары жақтан тыңшылық жасауға арнайы (спецзаказ) тапсырма берілетінге ұқсайды. Бүгінгі таңда кез-келген кісі өз әріптесімен емін еркін сөйлесуге, бір-бірімен арқа-жарқа әзілдесуге сескенеді. Себебі, әлгі «тыңшылықтағы» тапсырмасын тапжылмай тындырымды орындайтын тыңшылар ұялы телефондарындағы диктофонына сөзіңізді басып алады. Ол аз десеңіз, таспаға жазып суретке түсіріп алуға дап-дайын тұрады. Бұлардың бұл қылығы мекемеге орнатылған бейне бақылаудан әлдеқайда асып түседі. Осындайлардың кесірі көпке тиеді. Қойға тиген қасқырдай «тисе – терекке, тимесе – бұтаққа» дегеннің кебін киіп ауданның әртүрлі мекемелерінде «жасанды арыз» ұйымдастырушылардан титықтап шаршап-шалдығып, қажып-қалжыраған қаншама мекеме басшылары мен түрлі деңгейдегі азаматтар күйзелістің күйін кешіп келеді. Бәле іздеушілердің арыз ұйымдастырумен шектеліп қана қоймай, сотқа сүйрелесу сергелдеңі де адам қызыға қоятын шаруа еместігін бәріміз білеміз. Бәлеқорлық – індет. Қоғам қабырғасына жармасқан дерт. Қоғамның жегі құрты. Бүкіл ел болып бұл қатерлі құбылыспен күреспейінше ешқашан да ештеме өзгермесі анық. Жалпақ жұрттың жүрегін жарған дүйім елді дүр сілкіндірген ауданымызда былтырғы 2017 жылы орын алған Ватсаб жайлы ақпарат республика жұртшылығына кеңінен тарағанын бәріміз білеміз ғой. Сол құрғыр ватсабтың кесірінен 35 шақты басшы жұмыстарынан шеттетілді емес пе?! Шектетілуге негіз – бөлім басшысының ватсабына «Анау директор үйтті, мына директор бүйтті» сарындас хабарламалар. Жазықсыз жапа шеккендердің қарасы мұнанда көбейер ме еді, кім білсін, егер бастықтың өзі жұмыстан кетпегенде. Басшының бәрі бірдей заңгер емес. Әр басшының өзіне тән стилі, интеллектуалдық деңгейі, құқықтық сауаты, өмірлік тәжірибесі әрқилы. Өкінішке орай, мекеме басшыларының жұмсақтығы мен жуастығын, қиыншылықтарға көмбістігі мен кеңшілігін өзінің жымысқы құйтырқы теріс әрекеттеріне актерше шебер пайдаланатын арызқұмар азаматтардың дөңгеленген дүниені жалпағынан басып жанымызда жүргеніне жиіркенесің. Жылдың төрт мезгілінде де түгелдей тыным таппай қаржы инспекциясы қаржы полициясы аудандық сот пен облыстық сотқа арындаған арыз нөпірін жаңбырша жаудыратын жанкештілердің жиіркенішті жазбалары өз дәлелдерін таппай жатқанының талай мәрте куәсі болдық. Арызданушылардың алдына қойған жалғыз ғана мақсаты мекеме басшысы бола ма, орынбасарлары бола ма «жұмыстан қудырамын» деп бопсалап қорқыту арқылы көлденең табыс табу, бәле іздеу арқылы қаражатын еселеу. Осы жолда еңбек инспекциясынан бөлек кез-келген жоғарғы органдарга қарша арызды боратады. Кейде әлгі бопсалаушы бәлеқорлардың «бұғаттаулыны бұзам, шегендеуліні шешем, құжаттарыңды қатырамын, тегін заң кеңесін берем, айлық жалақыларыңмен іс-сапар қаржыларыңды түгелдей төлеттірем, қызмет сатысынан өсірем» деген сарындағы сандырақтарына кейбіреулер иланады. Кейбіреулер деймін-ау көпшілік халық қалың бұқара болып сеніп, соңынан сан соғып қалатынына қаншама мәрте куәсі болғанымыз бар. Тақырға отырғызу да әлгі әккілер үшін үлкен өнер болса керек. Себебі айла, ақыл, алаяқтық сияқты ерекше қабілет пен қасиеттердің қосарлануын бәлеқорлардың бітім болмысы мен бар бойынан көретінімізге қайран қалмасаңыз да болады. Осындайда данышпан Абайдың «Ауырар жаның, қайнайды қаның, ашиды миың» деген жанайқайы есіңізге еріксіз түседі.
«Жақсыдан үйрен, жаманнан жирен» деген нақылды 1-сынып оқушысына үйретеді. Осы нақылдың мағынасын арызқойлардың түсінбейтініне таң қаламын. Төле би бабамыздың: «Ерегісіп өткен ер жаман, егесіп өткен ел жаман», – дегенін әрқашан жадымызда сақтасақ қой, шіркін!
Ақиқаттан аттау – адасудың алғы шарты. Ол адамның рухани азғындауының құзар шыңында болары қақ. Ар алдындағы адалдықтан ауытқымау – адамдықтың белгісі. Арызқұмарлық пен арызқойлық абырой әпермейді. Адамдықты да арды да ақиқатты да мойындамау – бұзықтықтың белгісі. Бұзықтық пен бәлеқорлық – егіз ұғым. Бұл ұғымдардың қоғам өмірінде ғана емес ғаламшарымыздың кез-келген саласында кездесіп белең алуы көпшілікті ғана емес бүкіл жұртшылықты алаңдататын мәселе. Арыз жазды екен деп сан мәрте соттасқанмен, сотта арызданушы адамның берген арызы өзінің дәлелін таппай жатуын қалай түсінуге болады? Осындай жағдай оншақты мәрте қайталанып жатса қалай болғаны? Қараңыздаршы, соттасушы тараптар да әуре, судьялар да әуре. Куәгерлер де әуре. Мен жазған бұл жәйіттер тек бір ғана аудан аумағымен шектеліп қана қалмай күллі қоғамымызға қауіп төндірер үлкен дерт ретінде кез-келген жердегі мекемелерде кездесіп жататындығында менің ешқандай күмәнім жоқ.
Ойланып қараңыздаршы, аудандық соттың отырысын былай қойғанда, Шымкентке облыстық сотқа жылына оншақты мәрте бару, соттасу кімге абырой әпереді? Қаншама уақыт, қаншама қаражат, қаншама жүйкенің жұқаруын ойласаңыз бұның бәрінің бос әурешілік екендігіне көзіңіз жетеді. Ең өкініштісі және ең сорақысы – арызқой адам ақиқаттан ауытқып, адасып арызданады да дәлелін таппаған арызы үшін ешқандай жауапкершілікке тартылмайды. Бұл құбылыс қоғамымыздың дерті. Бұл дертпен қоғам болып күресейік.
Жала жауып арызданған адамды жауапкершілікке шақыру қажет. Дәлелін таппаған жала жайлы заң шығарушы ең жоғарғы өкілетті орган – ҚР Парламентінде негізсіз арызқойлыққа әуес болмау жайлы арнайы тыңдау өткізілсе. Бұл күн тәртібіне енсе. Заңға осы туралы толықтыру мен қосымша өзгерістер енгізілуі тиіс деп ойлаймын. Менің бұл ұсынысымды күллі қоғамның жанайқайы ретінде қабылдап, терең түсіністік танытылады деп есептеймін. Керек десеңіз, көптің арасына іріткі салғаны үшін, сара жолмен жүрмегені үшін миллиондап айыппұл салынып жатса, әлгі арызқойлар мен арызқұмарлар бос арыздануын қояр еді-ау деген ойдамын. Қасиетті Құрани-кәрімнің – «Әй мұсылмандарым өзіңнен әлсіз адамдарға қамқорлық жаса, қолыңнан келсе тек жақсылық жаса», – дегені әрбіріміздің санамызда сайрап жатса, қанеки.
Жеңіс СЕРІКБАЙҰЛЫ, ҚР Білім беру ісінің озық қызметкері, ҚР Журналистер одағының мүшесі
qazaquni.kz