АЗАТ ПЕРУАШЕВ: КӨКТЕМ АЯҚ АСТЫНАН КЕЛЕДІ МЕ?
2018 ж. 15 наурыз
1978
11
Бүгін Мәжілістің отырысында Азат Перуашев Ұлттық банкті табиғи апаттардан сақтандыруды жетілдіруде еш әрекетсіз отырғаны үшін сынға алды. Бұл туралы «Ақ жол» фракциясының депутаты өзінің тиісті сауалында мәлімдеді.
«2017 жылғы 4 қыркүйекте Парламенттің ағымдағы отырысының ашылуында Мемлекет басшысы сақтандыру нарығын дамыту міндетін тапсырды. Елбасының сөзін дәйексөз ретінде келтіремін: «Біздің елімізде сақтандыруды дамыту керек, сақтандыру қызметтерінің деңгейін және қолжетімділігін арттыру қажет».
Міне, сол кезден бері жарты жылдан астам уақыт өтті, алайда не Үкімет, не Ұлттық банк күллі әлемде қаржы нарығының маңызды бөлігі болып саналатын сақтандыруды ілгерілету бойынша қандайда бір шаралар қолданбады», - деп айтылған сауалда.
Шығыс Қазақстаннан басталып Іле Алатауына дейінгі аймақтарда орын алған табиғи апат - су тасқынының аясында бұл тақырыптың өзектілігін тілге тиек етіп, «ақжолдықтарға» осынау түйткілді мәселені қайтадан көтеруге тура келді. Ондаған отбасылар көмекке зәру.
«Жыл сайын дәл осы оқиға ұдайы түрде қайталанып отыратынын ашық айтуға мәжбүрміз. Әр жылда көктем келген сайын «күтпеген жерден» әрі аяқ астынан қар еріп, жаңбыр жауады. Сосын әр жолы, сол бұрынғыдай, мемлекеттен ақша талап етеміз», - деген Перуашев мұндай тәсіл – шенеуніктердің ұқыпсыздығы мен аталмыш мәселені шешуде кәсіби емес екендігінің айқын үлгісі екенін де атап өтті.
Осы орайда «Ақ жол» партиясы мемлекетке сеніп қол қусырып отыра бермей, дәл осыған ұқсас төтенше жағдайда туындаған залалдың орнын өтеу мен оның салдарын жеңілдету үшін ертерек жаппай нарық механизмдерін енгізу қажет деп санайды.
«Жеме-жемге келгенде, біздің әрқайсымыз тек өзгелерден көмек сұрай бермей, өзіміз де жеке меншік мүлігіміз бен қауіпсіздігімізге деген жауапкершіліктің барын түсінуге тиіспіз. Оның үстіне, халықаралық тәжірибеде сақтандырудың нарықтық институттары тиісті құралдардың кең ауқымды таңдау мүмкіндіктерін ұсынып отыр», - деді «Ақ жол» көшбасшысы.
«Ақжолдықтардың» ойынша, Ұлттық банк қаржы жүйесінің реттеушісі ретінде Президенттің сақтандыру жүйесін дамыту туралы қыркүйектегі тапсырмасына тиісті деңгейде көңіл бөлмей, тек қана банк секторының мәселелеріне назар аударған.
«Ұлттық банк жай ғана сырттан бақылап, қарап отырмай, қарапайым халықтың қаржылық мүмкіндігі мен қауіп-қатерді ескере отырып, сақтандыру компанияларын құралдар түрлерін кеңейтуге итермелеп, шетелдік тәжірибенің озық үлгісін зерделеу, сақтандыру қызметін жетілдіру саласында белсенді рөл атқаруы тиіс», - деген сеніммен Перуашев осыдан 2 жыл бұрын Әділет министрлігі азаматтардың төтенше жағдайлардан өз тұрғын үйін міндетті сақтандыруды қарастыратын заң жобасын әзірлеу туралы мәлімдеме жасап, алайда, ондай заң жобасы әлі күнге дейін қабылданбағанын еске салды.
«Көптеген отбасылардың іс-жүзіндегі шынайы қаржылық жағдайын ескере отырып, мәжбүрлеу арқылы емес, азаматтарды осы процеске саналы түрде тарту жемісті болар еді. Бұл арада жергілікті тұрғындар мен сақтандыру компанияларын ынталандыру, түсіндіру шараларын жүргізу, қарапайым қазақстандықтардың қаржылық және сақтандыру жөніндегі сауаттылығын арттыру жұмыстарын іске асыруда Ұлттық банкке артылар жүктің осал емесі белгілі. Кезекті бір су тасқынының астында қаламыз деген қауіппен өмір сүргенше, тұрып жатқан үйіңді сақтандырып қою әлдеқайда тиімдірек болатындай жағдай жасау қажет», - деп толықтырып өтті Перуашев.
Осыған байланысты, «Ақ жол» ҚДП фракциясы Үкімет пен Ұлттық банктен азаматтардың шынайы мүмкіндіктерін ескере отырып, сұрапыл апаттардан сақтандыру нарығын дамыту жөніндегі жұмыстарды ұйымдастыруын сұрайды.
Сондай-ақ, «Ақжолдықтар» сақтандыру тетіктерін кеңінен қолдануды басқа да: кәсіпкерлердің материалдық жауапкершілігін арттыру, валюталық тәуекелділікті, қор операцияларын сақтандыру, қолданыстағы (номиналды емес) медициналық сақтандыру сияқты салаларда жетілдіру қажет екеніне сенімді.
«Ақ жол» демократиялық партиясы және оның парламенттік фракциясы сайлауалды бағдарламаны жүзеге асыру жұмыстарын жалғастыруда.