Прокурор Мұратхан Тоқмәдиді 12 жылға соттауды сұрады
2018 ж. 13 наурыз
2453
1
Жамбыл облысының мамандандырылған қылмыстық істер бойынша сотында "ТұранӘлем банктің" басшысы Ержан Тәтішевтің қазасы бойынша өтіп жатқан сотта прокурор іс бойынша күдікті, бизнесмен Мұратхан Тоқмәдиді 12 жылға соттауды сұрады. Жергілікті ақпарат агенттіктерінің хабарлауынша, бұл іс бойынша сотта жарыссөз кезеңі 12 наурыз күні түстен кейін басталды, - деп жазды abai.kz.
Прокурор Тоқмәдиді "кісі өлтіру" бабы бойынша айыпты деп танып, 11,5 жылға соттауды, бұған дейін кесілген жазаны қосып, барлығы 12 жыл бас бостандығынан айыру жазасын кесуді сұрады. Прокурор сонымен қатар Тоқмәдиден 356 мың теңге сараптама жасауға кеткен шығынды өндіріп алуды сұрады.
Ал Тоқмәдидің адвокаты оның қылмысты "өз өмірі мен жақын туыстарының өмірі үшін қауіптенгеннен" жасағанын, "кінәсін мойындап, тергеуге болысқанын" айтып, жазасын барынша жеңілдетуді сұрады.
Тоқмәди тағылған айыптармен "келісетінін", "кәмелетке толмаған балалары барын ескеруді және процессуалдық келісім жасасқанын" айтып, жеңіл жаза тағайындауды сұрады.
Сот үкімі 16 наурызда жарияланбақ.
Наурыздың 8-і күні кешке Мұратхан Тоқмәдидің "Жамбыл облыстық ауруханасынан қашып кеткені" хабарланған еді. 9 наурыз күні ҰҚК Тоқмәдидің ұсталғанын мәлімдеген.
Тергеу болжамы бойынша, Тоқмәдиге адам өлтіруге тапсырысты Тәтішев қазаға ұшыраған соң бірнеше айдан кейін "ТұранӘлем банк" басшылығына келген Мұхтар Әблязов берген делінеді. 2009 жылы БТА банкті (бұрынғы "ТұранӘлем банк") мемлекет қарамағына алғаннан кейін шетелге кетіп қалған оппозициялық тұлға, бұрынғы банкир Мұхтар Әблязов бұл айыптауларды "шылғи өтірік" деп атап жоққа шығарады және өзін Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев саяси себеппен қуғындап жатыр деп санайды. Әблязов өзін "банктен миллиардтаған доллар ұрлаған" деп сырттай 20 жылға соттаған Қазақстан билігінің таққан айыбын да теріске шығарып, президент Назарбаевты үнемі сынап келеді.
2017 жылғы күзге дейін Ержан Тәтішевтің қазасы сол кезде жүргізілген ресми тергеу қорытындысы негізінде "аңшылық кезіндегі жазатайым оқиға" деп саналып келген. Ал былтыр жазда әуелі тұтқындалып, кейін бизнес-әріптесінен "ақша бопсалаған" және "заңсыз қару сақтаған" деген айыптар бойынша үш жылға сотталған соң түрмеде отырған Тоқмәдидің осыдан 13 жыл бұрынғы "тапсырыспен адам өлтіру" қылмысын мойнына алғаны туралы ақпарат тараған. Республикалық телеарна эфирінен берілген фильмде Тоқмәди Тәтішевтің қазасы "қасақана жасалған қылмыс екенін мойындайтыны" туралы мәлімдеме жасаған. Кейін Қазақстан билігі "байқаусызда адам өлтіріп алу" туралы іс бойынша шығарылған үкімнің күшін жойып, жаңадан тергеу бастаған.