ЕЛБАСЫ ЕЛДІҢ СӨЗІН АЙТТЫ! Дариға кімнің әнін орындауда?
2018 ж. 01 наурыз
12922
94
ЕРКЕ ҚЫЗ ӘКЕСІНЕ ҚАРСЫ ШЫҒУЫ МҮМКІН, БІРАҚ СЕНАТОР ПРЕЗИДЕНТТІ ТЫҢДАУЫ КЕРЕК!
«ҚАЙДАСЫҢ , ҚАЙДА, ДАРИҒА, СОЛ ҚЫЗ?!
Осыдан оншақты жыл бұрын, «Қазақ үні» (ол кезде «Жас қазақ үні») газетінде «ҚАЙДАСЫҢ , ҚАЙДА, ДАРИҒА, СОЛ ҚЫЗ?!» деген мақала жазып едім. Онда салмақты саясатымен ел көзіне түскен Дариға Назарбаеваның уақытша саяси аренадан көрінбей кетуіне байланысты ойларымды айтқан едім... Енді бүгін тағы да, «ҚАЙДАСЫҢ, ҚАЙДА, ДАРИҒА, СОЛ ҚЫЗ?!» деп, ақиық ақын Қасымның әруағын тербетуге тура келіп тұр... Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың «Парламент пен Үкімет ТЕК ҚАЗАҚ ТІІЛНДЕ СӨЙЛЕУІ КЕРЕК» деген сөзін елдің 99 пайызы қуана қабылдап, қатты қолдауда! Қалған 1 пайызға мен Тәуелсіз Қазақстанның мемлекеттік тілі мен мемлекеттік мүддені қорғаған Президенттің сөзіне қарсы шығушыларды қосып отырмын. ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев әйгілі : «Парламент пен Үкімет ТЕК ҚАЗАҚ ТІЛІНДЕ СӨЙЛЕУІ КЕРЕК» деген сөзін неге Ақпарат және коммуникация министрі Дәурен Абаевты қабылдағанда айтты? Себебі, бүкіл ақпарат құралдары осы сөзді елге жеткізуге күш салсын дегені анық. Ал біз, «Қазақ үні» бастаған қазақ баспасөз құралдары Елбасымыздың ел 27 жыл күткен сөзін елге жеткізуде аянып қалып жатқан жоқпыз. Тіпті, Елбасы сөзіне түзету енгізуге мәжбүр болған өзіміздің министрімізді де сынаған мақаланы да бастық. Жалпы, Ақпарат министрі Дәурен Абаевқа айтылып, елдің Парламенті мен үкіметіне тапсырған Елбасы тапсырмасын орындап жатқандықтан, өзі кәсіби журналист, демократ министріміз бізді айыптай қоймас деп білеміз. ЕЛБАСЫ ЕКІ СӨЙЛЕМЕЙДІ. Ел Елбасының сөзіне «редакторлық» жасаушыларды кешіре қоюы қиын болып, әлеуметтік желі дүрілдеп тұрғанда, тұтқиылдан ҚР парламенті сенаторы Дариға Нұрсұлтанқызы Назарбаева кірісті. Бүгін сенат депутаты Дариға Назарбаева палата отырысы кезінде Ұлттық банкке қатысты депутаттық сауалын Тәуелсіз Қазақстанның мемлекеттік тілінде емес... Ресейдің мемлекеттік тілінде жолдады. Елбасының тапсырмасын еске салған журналистерге сенатор Ресей тілінде сөйлеген өзіне ыңғайлы екенін жеткізген. "Біз президенттің тапсырмасын барлығымыз орындауға тырысамыз. Орыс тілін әлі ешкім алып тастаған жоқ. Құдайға шүкір, ондай әлі болмайтын да шығар. Өзге ұлттың өкілдерін сыйлаумыз керек, сондықтан мұндай мәселелерге келгенде асыра сілтеудің қажеті жоқ деп санаймын", - дейді Назарбаева. Сонда кім асыра сілтеген? "Құдайға шүкір, ондай әлі болмайтын да шығар." Құдайға шүкір, сондай, Ел енді жеткен Елбасы тапсырмасы орындалғанда ғана мемлекеттік тіл төрге шығып, мемлекттік мүдде орындалады. Менің мемлекеттік мүддені түсінбейтін министрлер мен депутаттар қалай Парламент пен Үкіметте жүргеніне миым жетпей келеді. ("Министрлер мен депутаттардың мемлекеттік тілге миы жетпейтінін жаза бересің" деп айыптаған көкелеріме айтарым, менің де осындай парадокске миым жетпейді...). Дариға Нұрсұлтанқызы және тағы басқаларға мен бір кезде мамандығым суретші болса да, шалғайдағы Шардарадағы Қызылқұм ауылындағы мектепте 1-інші кластан 10-ыншы класқа дейін қазақ тілінен сабақ бергенімді пайдалана отырып, тегін түсіндіру Һәм сауат ашу жұмысын жүргізе кетейін: «Парламент пен Үкімет ТЕК ҚАЗАҚ ТІЛІНДЕ СӨЙЛЕУІ КЕРЕК»-деген сөйлемдегі «ТЕК» деген сөз өзге тілдерде, атап айтқанда РЕСЕЙ ТІЛІНДЕ СӨЙЛЕУГЕ БОЛМАЙДЫ» деген сөз. Астанадағы министрлер мен сенаторлардың мұны қалай түсінуге шамасы жететінін қайдам, менің Қызылдың құмы ішіндегі бастауыш кластағы оқушыларым да қазақ тілінен озат болып, 1990 жылы өзім жетекшілік еткен мектеп бітірушілерім аудан бойынша жалғыз алтын медальды иеленгенін мақтанышпен айта кетсем деймін... Мен жоғарыда атап кеткен мақаламда айтып едім, енді тағы да қайталай кетейін. Ресейдің тұңғыш Президенті Борис Ельциннің жұбайы Наина Ельцина мен қызы Татьяна Ельцина да, қазіргі президенті Владимир Путиннің жұбайы Людмила Путина да (мүмкін экс-әйелі) ТМД ЕЛДЕРІНДЕГІ ОРЫС ТІЛІН ҚОРҒАУ ҚОҒАМЫНЫҢ ТӨРАЙЫМЫ БОЛҒАН ЕДІ... Бұндай, ел президентінің қызы немесе жұбайы сол елдің мемлекеттік тілін, мәдениетін қорғау ұйымдарының жетекшісі болған мысалдар жетіп артылады. Біз саясатта салмағы бар Дариға Назарбаевадан 27 жылдың ішінде Тәуелсіз Қазақстанның мемлекеттік тілін қорғап сөйлеген бір сөзін күтіп жүр едік. Керісінше, Ресей тілін қорғап, (орыс тіліне адвокат керек болып қалды деген ой күлкі келтіреді) Қазақстанның Президентіне қарсы шықты. Тұңғыш болған соң, ерке қыз болар, бірақ әкесін тыңдамағанмен, ҚР Парламенті сенаторы, сайланған емес Президенттің тағайындалуымен болған сенатор Президент тапсырмасына қарсы шықпауы керек, қайта оны орындауға зор үлес қосып, үлгі көрсетуі керек! Дариға Назарбаеваның шетел тілін қолдаған сөзін өзге ел президентінің қызы айтса не болар еді? Мысалы, кезінде Германияда жұмыс істген Ресей президенті Путиннің қызы не ұлы: " Мен депутаттық сауалымды неміс тілінде жасаймын, ол өйткені маған ыңғайлы" десе, не болатынын ойлаудың өзі қорқынышты шығар... Өз елінің патриоты Жириновскийлердің ертең: "Біз дұрыс айттық, бұл Қазақтардың өз тілі, жазбасы жоқ" деп шығатыны анық. Баяғыда Жириновскийді сенатор Ғани Қасымов өзінше жекпе-жекке шақырғанда, мен Жирикті қолдап, мақала жазғанмын. Себебі, Жириновский өз тілінде сөйлейді, өз елінің мүддесін қорғайды! Ал Қасымов өз тілін білмей, Жириктің тілінде сөйлеп отырып, онымен қалай айтыспақшы? Ана жылы Премьер-министр Кәрім Мәсімовпен бас редакторлар кездесуінде мен Кәрім Қажымқанұлына: «Мемлекеттік тіл бағдарламасы бойынша 2016 жылы барлық мемлекеттік және көпшілікті ұйымдар мемлекеттік тілге сөйлеуі керек» деген талап қашан орындалады?»-деген сұрағыма сол кездегі премьер-министр қазақша жауап беріп, ол үкімет бақылауында екенін айтқан. Сонда жанында отырған сол кездегі вице-премьер Дариға Назарбаева өзі сол тілге байланысты комиссия төрайымы екенін айтып, «Мемлекетік бағдарлама орындалады, ол туралы біз арнайы жауап береміз» -деп мәлімдеген болатын... ҚАЙДА, МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛ ТУРАЛЫ БАҒДАРЛАМАНЫҢ ОРЫНДАЛҒАНЫ? Рухани жаңғыруды бастап, латын әліпбиіне өтіп, енді міне, сабақты ине сәтімен болып, сарабдал да, салмақты, сара саясатымен Парламент пен Үкіметті ТЕК МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДЕ сөйлеуге ТАПСЫРМА БЕРГЕН Елбасымызды ел зиялыларынан бастап, барлық мемлекетшіл қауым қолдап жатқанда, ӨЗІ ТАҒАЙЫНДАҒАН МИНИСТРЛЕР мен ДЕПУТАТТАРДЫҢ басқаша сайрай жөнелуі кімге керек еді? Қазақ қызы, мейлі сенаторы немесе саясаткері мен министр, әкімі болсын, әнін Кремльге қарап емес, Ақордаға қарап айтуы керек! "Дариға-ай, Дәуре-е-е-н!"-деп әніне зарын қосып, күрсіне өліп кете берген қайран бабаларым еске түсіп отыр... «ҚАЙДАСЫҢ, ҚАЙДА, ДАРИҒА, СОЛ ҚЫЗ?!» Қайран, Қасым ақын-ай! Сенің зарыңды әлі шырқап келеміз... Біз, қазақтың ұлт зиялылары, Елбасы тапсырмасының орындалуын қадағалайтын және қорғайтын боламыз! Қазыбек ИСА, «Қазақ үні» газеті Qazaquni.kz