Мәжіліс жер туралы заң жобасын мақұлдады
2018 ж. 22 ақпан
5126
15
Елімізде шетелдіктерге жерді сатуға қатысты ұсыныс әлі тағы көтерілуі мүмкін, деп хабарлайды КТК.
Бүгін Мәжіліс Жер қатынастары туралы заң жобасын екінші оқылымда мақұлдады. Алайда Ауыл шаруашылығы министрлігіндегілердің айтуынша, егін егіп, мал ұстауға арналған телімдерді өзге елдің азаматтарына жалға беру және оны сатуға салынған мораторийдің мерзімі аяқталған соң, Үкімет аталған заң жобасын қайта қарамақ.
Ауыл шаруашылығы министрлігі алдағы 4 жылда жерді, топырақты жіті зерттеп, кімде қанша гектар телім барын анықтамақ. Ал бүгін төменгі палата қабылдаған заң жобасы учаскелерді шетелдіктерге сату мен жалға беруге салынған мораторий аяқталғанша ғана жарамды.
“Мораторий біткенше біз егжей-тегжейлі жұмыстарды қамтып болған соң, әрине, ел болып, бірге нақты шешім қабылданады. Мораторий 2021 жылдың 31 желтоқсанынан дейін белгіленген. Ол уақытқа дейін біз бәріміз бірігіп шешім қабылдаймыз”, – дейді Ауыл шаруашылық вице-министрі Ерлан Нысанбаев.
Яғни, әзірге шетелдіктерге жер жоқ. Ал келесі жылдан бастап ел азаматтарына жер жаппай жалға беріледі. Ауыл шаруашылығына арналған учаскелерді отандастарымыз 49 жылға дейін тегін пайдалана алады. Ол үшін қолыңызда бизнес жоспар мен айналысатын кәсібіңізге қажетті техникаңыз түгел болуы тиіс. Кімге қанша телім бұйыратынын әкімдер шешеді. Жалпы, қазір елімізде ауыл шаруашылығына арналған 102 миллион гектар жер бар.
Оның 1 жарым миллионға жуығын жеке компаниялар сатып алған. Құжатты жылға жуық талқылап, өзгеріс енгізген мамандар мен шенеуніктер ол баптарды бұған дейін атаған емес. Оны Ауыл шаруашылығы вице-министрінің өзі де әзер айтты.
“Ол 24, 27, 34, 97, 101 баптар. Бұл баптар кеңінен талқыланды. Кәсіби заңгерлер нақтылады, дәлелдеді. Оның біріншісі, қазақстандықтарға үшін жерді жалға беру нормасын сақтап қалу, екінші, мөлшерін шектеу, бір қолға көп жер тимеу жолын қарастыру, үшінші, шекаралық аймақтардағы ауыл шарушылық мақсатта”, – дейді Ауыл шаруашылық вице-министрі Ерлан Нысанбаев.
Жаңа заң жобасында жайылымдарды реттеу мәселесі де қарастырылған. Шенеуніктер 5 жыл сайын фермердің жұмысының нәтижесін тексермек. Ал латифундистердің меншігіндегі жерге әзірге ешкім тиіспейді.
Естеріңізге салсақ, былтыр Үкімет ауыл шаруашылығына арналған жерлерді шетелдіктерге сатпақ болған. Жер кодексіне өзгеріс енгізген еді. Жұрттың жаппай наразылығынан кейін Парламент өзі қабылдаған құжатты кері қайтарып алды. Ал Президент өзге елдің азаматтарына жерді жалға беру мен сатуға 2021 жылға дейін мораторий жариялады. Бірақ, шетелдікпен некеге тұрған ел азаматтары да жерді тегін пайдалануға құқылы. Оларға тек шекараға жақын орналасқан учаскеледі беруге тыйым салынған. Жер қатынастары туралы жаңа заң жобасын Мәжіліс жалпы жарты жылдай уақыт қарады. Бүгін екінші оқылымда мақұлдап, құжатты Сенатқа жіберді.