Гепатиттен көз жұмған баланың анасы: Кінәлілер өз жазасын алуы тиіс
2018 ж. 02 ақпан
5461
0
Шығыс Қазақстан облысы Үржар ауданының Шолпан ауылында Облыстық денсаулық сақтау басқармасы мен комиссия өкілдері тұрғындармен және А гепатитінен көз жұмған баланың анасымен кездесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Кездесу барысында сырқаттан көз жұмған қыздың анасы Индира Жәнібекова ата-аналардан науқастарды жедел жәрдеммен тасымалдап, амбулаториялық қызмет көрсету үшін ақша алынғанын жеткізді. Облыстық ақпараттық орталық таратқан мәліметке сүйенсек, қыздың анасы оған уақытында көмек көрсете алмаған.
«Мен қорытынды сараптаманы күтемін, республикалық комиссия нақты диагнозды анықтап берсе деймін. Мұндай қателіктерді бұдан-былай болдырмау үшін кінәлілер өз жазасын алуы тиіс. Бұл жерде кінә бір ғана бас дәрігерден кеткен жоқ. Менің қызыма уақытылы дұрыс көмек көрсетілмеді», - деді ол журналистерге берген жауабында.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Марат Шоранов бұл мәселе бойынша екі бірдей құзырлы орган тексеру жүргізіп жатқанын атап өтті.
«Республикалық комиссия мүшелеріне Индира Жәнібековадан басқа да бірнеше ата-ана жедел жәрдем көлігінің жанармайына және науқастарды емдеуге қажетті дәрі-дәрмекке ақша алынғанын айтып, ауызша шағым түсірген. Бұл мәселенің жай-жапсарын қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің мамандары анықтайды. Ал аталмыш шығындарға аудандық аурухана неге қаражат бөлмегенін ШҚО бойынша ішкі мемлекеттік аудит департаменті тексеріс жүргізеді. Ол тексерістердің нәтижесін қосымша хабарлаймыз», - дейді М.Шоранов.
Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін Шолпан ауылында 49 баланың гепатит «А» дертіне шалдыққаны жоққа шығарылып, тек 12 баланың ауырғандығы жөнінде ақпарат жарияланған болатын. Сондай-ақ ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Қоғамдық денсаулық сақтау комитетінің төрағасы, бас санитарлық дәрігер Жандарбек Бекшин Астанада өткен брифингте 12 баланың гепатитке шалдығуының себебін айтқан еді. Аталмыш індеттің балалар арасында таралуына жол берген Үржар ауданының бас дәрігері қызметінен босатылды.