АҚТӨБЕ ТЕМІР ЖОЛЫНДАҒЫ ЖЕМҚОРЛАР ЖӘНЕ АЛДАБЕРГЕН БАТЫР
2018 ж. 26 қаңтар
3144
0
«Әділдік әрқашан жеңеді,
тек әдетте кешігіп келеді»
Б.Момышұлы
1.Жекешелендірілген станса жолы «Қазақстан темір жолы» Ұлттық компаниясы» Акционерлік қоғамының (бұдан былай қысқаша – «ҚТЖ» ҰК» АҚ) Ақтөбе темір жолы бөлімшесінің басшылары мен ардагер теміржолшы, осы бөлімшенің АСУ (автоматизированная система управления) бөлімінің бұрынғы бастығы Алдаберген Аймағанбетов арасындағы айқасқа жақында он жыл толады. Ол жайлы біздің басылым бірнеше рет жазған да болатын. Айқас алаңының біреуі – Дөң стансасының жолы. Мәселенің қалай болғанын оқырмандардың есіне түсіре кетейік. 2016 жылы 16-мамыр күні Ақтөбе облысы Хромтау қаласының әкімі А.Жолдыбаев Дөң стансасының ауданынан темір жолға жанама жол салу үшін «Темир жол-Брокер Сервис» ЖШС-іне 2,2326 гектар жер жекешелендіру құқығы беріліп, 2293997 теңгеге сатылсын деген өзінің №70 шешімін шығарады (1-сурет). Жолы болғыш «Темир жол-Брокер Сервис» ЖШС-іне аумағы 0,1144 гектар жер құқығын беру және оны 15623 теңге сату туралы дәл осыған ұқсас қаулыны бір аптадан соң, 22-мамыр күні Хромтау ауданының әкімі О.Далмағанбетов те шығарады (2-сурет). Темір жол бойындағы бұл екі жер телімінің жалпы аумағы 2,3470 гектарға, ал ұзындығы 730 метрге тең болады. «Жолы болғыш серіктестік» дейтін себебіміз, бұл «Темир жол-Брокер Сервис» серіктестіктігінің тең құрылтайшылары басқа емес, нақ сол Ақтөбе темір жолы бөлімшесінің басшысы Ж.Ізғұлов пен оның 1-орынбасары А.Петровтың әйелдері Жанат Ізғұлова мен Оксана Петрова болып табылады. Екі жер телімін қосып көрсеткен себебіміз – олар қатар жатқан жер телімдері екені кейін анықталады. Бірақ, «Темир жол-Брокер Сервис» серіктестіктігінің де, «ҚТЖ» ҰК» АҚ-ның басшылары да «Дөң стансасының ауданынан» берілген жердің тағы да нақ сол станса тұрған №30 «стансалық жолдың» өзі екенін, магистралды желінің бір бөлігі екенін жасырып қалады. Ал, магистралды темір жол желісі «ҚР темір жол көлігі туралы» 2001 жылғы 8-желтоқсандағы заңының 5-бабының 1-бөлігіне сәйкес жекешелендіруге жатпайды және ұлттық басқарушы холдингке сенімді басқаруға беріледі. Ж.Ізғұлов пен В.Петров өз әйелдерінің ЖШС арқылы жерімен қоса магистралдық темір жол желісінің үстінде орналасқан стансалық жолды сатып алып, оның қызметін пайдалануды көздеді. Пайдаланды да! Мәселе осында... Ал, «Темир жол-Брокер Сервис» серіктестіктігінің тең құрылтайшылары Ж.Ізғұлова мен О.Петрова 2007 жылы 10-қазандағы «Сату-сатып алу жайлы келісім-шартқа» сәйкес: 1. «Продавец» продал, «покупатель» купил Железнодорожный тупик, протяженностью 730 метров, находящегося по адресу: г.Хромтау, ул.Новая станция, д.6, с земельным участком площадью 3,3470 гекторов» деп, «Олжа-2007» ЖШС-іне 1350000 теңгеге сатады да жібереді. Магистралдық темір жол желісіне жататын магистралдық жолға кіретін №30 «стансалық жол» «темір жол тұйығы» аталып кеткен. Бұл – әдейі жасалған жаңылтпаш... Жоғарыда аталған Хромтау қаласы әкімінің шешімі мен қаулысы заңсыз екенін 2011 жылы 14-желтоқсанда өткен Ақтөбе облыстық сотының апелляциялық алқасы өзінің қаулысында «В настоящее время, после неоднократных сделок, собственником указанного земельного участка по праву является АО «НК КТЖ», в соответствии с безвозмездным договором дарения от 8 февраля 2008 года. Таким образом, действие оспариваемого решения ныне аннулировано и исчерпано» (3-сурет) деп көрсетеді. – Бірақ, бұл жерде аздаған, жұмсарта айтсақ жаңсақтық бар, – дейді ардагер теміржолшы. – мен бұл «договор даренияны» көрдім. Онда «Олжа-2007» ЖШС 2,3470 гектар жердің бар болғаны 0,3558 гектарын қайтарғаны туралы ғана айтылған. Әйтсе де, сот алқасының бұл қаулысы 2,3470 га жердің иелік құқығы «ҚТЖ ҰК-ына жататынын тайға басқан таңбадай анық көрсетіп тұр. Бізге ең керегі де осы! Жекешелендіруге жатпайтын магистралдық темір жол желісінің бөлігі заңсыз жекешелендірілуіне байланысты сол кездегі Ақтөбе облыстық қаржы полициясы 2012 жылдың 23-мамыры күні Ақтөбе темір жолы бөлімшесі басшыларының үстінен ҚР Қылмыстық кодексінің (1997 жылғы редакциясы бойынша) 307-бабына сәйкес қылмыстық іс қозғайды. Бірақ, неге екені белгісіз, жер телімдерінің қайда орналасқанын нақты анықтап алмайды; шешім, қаулы шығарғыш қала мен аудан әкімдерінің заңсыз әрекеттері ауызға алынбай қалады. Бірақ, арада бір жыл өтпей жатып аталмыш орган 2013 жылғы 13-қаңтардағы өзінің қаулысымен «темір жол тұйығы мемлекеттің меншігінде ешқашан болмаған» деген күлкілі желеумен – жоғарыда оның жаңылтпаш екенін ескертіп едік қой – өзі қозғаған қылмыстық істі өзі қысқартып тастайды.. Сонымен бірге №7 стансалық жол бойындағы ауданы 658 шаршы метрді құрайтын, есептен шығарылған (списанный) Пакгауз ғимараты тұрған, аумағы 800 шаршы метр болатын Түсіру-арту алаңы да, дұрысы тағы да осы Алаңның астында тұрған жер Хромтау ауданы әкімінің шешімімен жекешелендіріліп, «Темир жол-Брокер Сервис» серіктестігіне беріледі. Бұл алаңның, сондай-ақ жоғарыда көрсетілген, жалпы ұзындығы 730 метр түсіру-арту алаңы бар екі жер телімі де Дөң стансасының аумағында орналасқандығына республикалық Бас көлік прокуратурасының комиссия мүшелерінің көзі жетіп, олар 2017 жылдың 11-сәуірінде бұ жөнінде Акт жасайды. Және 2017 жылдың 1-маусымында жоғарыдағы қылмыстық істі қысқарту туралы қаулының күшін жояды. Сондай-ақ, «тәбеті тамақ үстінде ашыла түсетін» «Темир жол-Брокер Сервис» серіктестігі №30 стансалық жол бойынан тағы да 0,3515 г жерді 49 жылға жалға алады. Яғни, Ақтөбе темір жолы бөлімшесінің басшылары мемлекет өздеріне басқаруды сеніп тапсырған темір жол телімдерін өз пайдасына жұмыс істетуде. Осыдан кейін «дорога государственная – карман частный» демей көр... – Сонымен, бүгінгі таңға жағдай мынадай, – дейді Алдаберген ағай. – Бірінші. Хромтау ауданы әкімінің қаулысымен берілген 0,1144 га жер телімінің жекешелендірілуі заңсыз екендігі жайлы сот шешімі жоқ! Екінші. Хромтау ауданы әкімінің қаулысымен берілген 0,080 га жер телімінің жекешелендірілуі заңсыз екендігі жайлы сот шешімі жоқ! Үшінші. Хромтау қаласы әкімінің шешімімен берілген 0,3515 га жер телімінің жалға берілуі заңсыз екендігі жайлы сот шешімі жоқ! Төртінші. Хромтау ауданы әкімінің қаулысымен №30 станса жолының 730 метр жері заңсыз жекешелендірілгені жайлы сот шешімі жоқ. Бесінші. Хромтау ауданы әкімінің қаулысымен берілген 658 шаршы метр жер телімінің жекешелендірілуі заңсыз екендігі жайлы сот шешімі жоқ! Жалғыз ғана 2.2326 га жердің заңсыз жекешелендірілгені жайлы сот шешімі бар... А.Аймағанбетов аға жеңіске жететініне шәк кетірмейді. Себебі, қоғамда жемқорлыққа қарсы күрестің күн санап күшейіп келе жатқанын, қалың көпшіліктің жанына бұл жұлын құрт әбден тиіп болғанын көзі көріп отыр...Шуақ Айбалтаұлы
qazaquni.kz