Ерлан Біләлді ұстап берген “Сезам” театры басшысының өзі бәлеге қалды
2018 ж. 18 қаңтар
11017
42
Алматыда парамен ұсталған Әуезов театры директорының ісі сотқа түсті. Ерлан Біләлға «қылмысқа дайындалу және оқталу», «пара алу» баптары бойынша айып тағылған. Танымал актердің өзі қазір кепілмен бостандықта жүр, деп хабарлады КТК арнасы.
Ерлан Біләл қаңтардың басында өзі басқаратын театрда жаңа жылдық кеш өткізуге берген рұқсаты үшін пара алып жатқан жерінен ұсталған болатын. Бастапқыда оның 1 жарым миллион теңге ауызбастырық алғаны айтылған. Ал, сотқа дейінгі тергеу кезінде бұл сомма 900 мың теңгеге қысқарыпты. Осынша қаржыны ол «Сезам» театрының басшысынан сұраған дейді тергеушілер. Біләлді сол қылмыс үстінде ұстап беремін деп, қазір Қайрат Баяновтың өзінің басы бәлеге қалыпты. Ол ұжымымен 20 жыл бойы Әуезов атындағы театрдан кеңсе жалға алып келген. Ал, шудан кейін оны ғимараттан бір күнде қуып шығыпты. Сөйтіп, «Сезам» театрының жұмысы тоқтап тұр. Әрі Ерлан Біләлға қастандық жасады деп одан бәрі теріс айналған. Қайрат Баяновтың өзі енді биліктен араша сұрап отыр.
“Қазір жаманаттың бәрі маған келіп отыр. Бұл менің көңіліме қаяу түсірді. Мұндай нәрсеге лайықты емес едім. Өзім де, тындырған ісім де адал. Мені кімнің қорғайтынын білмеймін”, – дейді «Сезам» театрының директоры Қайрат Баянов.