ҮДЕП БАРА ЖАТҚАН ҮРЖАРДАҒЫ САРЫ АУРУҒА КІМ ЖАУАПТЫ?
2018 ж. 17 қаңтар
7890
17
Үш айдың ішінде-ақ үш есеге өскен сары аурудың өршуі дабыл қағарлық жағдайда
ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан БІРТАНОВ
мырзаның назарына!
Шығыс Қазақстан облысы Үржар ауданындағы менің туған ауылым Шолпанда сары ауруға байланысты түсініксіз жағдайлар болып тұр. Былтырғы қыркүйекте 2 бала сары аурумен ауырған. Олар ауруханаға жатып келгеннен кейін оқшауланбай, одан 4 балаға жұққан. Кейін бұл сан 49-ға жеткен. Оның ішінде Индира Жәнібекованың да желтоқсанда қайтыс болған қызы да болған (бұл туралы «Хабар 24» телеарнасының сайтында сол кезде хабарланды http://24.kz/…/211218-sh-o-da-sary-aurudan-6-synyp-o-ushysy…).
Бірақ оны ресми құзырлы органдар жасырып әлек дейді жергілікті тұрғындар. Кімнің болсын өз баласы өзіне қымбат! Оның үстіне баласы о дүниелік болып, қан жұтып отырса. Ханның баласы бала да, қараның баласы бала емес те сонда? Әлде шенеуніктерде бала жоқ па? Халық арасында «Сары ауру» деген атпен белгілі А гепатиты жұқпалы болғандықтан ауыл тұрғындары балаларын мектепке жіберуден қорқып, дабыл қаққан. Бірақ эпидемия жоқ деп Үржар ауданының әкімдігі - Акимат Урджарского района тарапынан мектептегі сабақты тоқтату туралы шешім қабылданбаған.
Оның алдында қазан айында бұл мәселе туралы «Хабар 24» телеарнасының тілшілері арнайы сюжет те түсірді (" target="_blank" rel="noopener">). Енді кеше аурудың көбейгенінен осы телеарна тағы да жаңалықтардан көрсетіп, мәселе көтерген еді (" target="_blank" rel="noopener">).
Сол ауылдағы Жүзағаш орта мектебінде 180-нің айналасында оқушы бар. Ауыл тұрғындарының айтуынша оның 49-ы осы сары аурумен ауырған. Сонда пайызға шақсаңыз 27 болып тұр. Бұл туралы бүгін Zakon.kz «Хабар 24» телеарнасына сілтеме жасап жазған болатын (https://www.zakon.kz/4898870-polsotni-detey-zaboleli-gepati…).
Бірақ ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Қоғамдық денсаулық сақтау комитеті https://web.facebook.com/kooz.mz.gov.kz/ оны жоққа шығарып тек 12 бала ғана ауырған деп өз ресми парақшасына жазды және оны Zakon.kz-ке түсіндірме ретінде хабарлаған (https://www.zakon.kz/4899022-v-minzdrave-rasskazali-o-gepat…).
Ескеретін маңызды мәселе: бұл ауылға бірнеше рет БАҚ-та дабыл қағылса да, облыс орталығы Өскеменнен де, Астанадан да ешқандай ресми тексеріс бармаған.
Тіпті, ресми ақпаратқа қана сендік десек те, қазан айында ауырғандар саны 4 адам болса, ол қазір, 3 айдың ішінде-ақ 3 есеге - 300 пайыз өсіп, қазір 12-ге жеткен!!! Сонда аурудың өршігені болмаса, ол азайып тұрған
жоқ қой? Осындай қарқынмен кететін болса, өздеріңіз есептей беріңіздер жағдайдың қалай болатынын. Әбден дабыл қағатын жағдай!!! Осыған байланысты ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов мырзаға осы мәселені қараса деп өтініш білдіреміз.
Серікқазы КӘКІБАЛАНОВ,
Ұлттық Интернет Ассоциациясының президенті
qazaquni.kz