БУРАБАЙДЫҢ ТУРИСТІК ӘЛЕУЕТІ МОЛ
2018 ж. 12 қаңтар
3269
2
Көкшетау өңірінде болған жұмыс сапары барысында Мәжіліс депутаттары Меруерт Қазбекова мен Жанат Омарбекова Бурабай курортты аймағында туризмді дамыту бағдарламасымен танысты.
Халық қалаулылары Бурабай кентінде «Бурабай-Даму» серіктестігінде осы өңірді жақын болашақта жедел өркендетудің жай-жапсарларын білді. Серіктестік директоры Ғалымжан Кенжетұлы мемлекеттік бағдарлама аясында атқарылатын шаралар жөнінде хабарлама жасады. Әсем де, кербез, табиғаты көз тартатын бұл өлке шетелден келетін туристердің тамашалайтын жері болуы керек. Қазақ елі экономикасының өркендеуімен қатар, көрікті табиғатымен де жұртты өзіне тартуы тиіс. Меруерт Қазбекова өз туған өлкесінің жаңа заманның талабына сай дамуына билік орындары ғана емес, қарапайым адамдар да үлес қосуы керектігін айтты. Сонымен қатар, шеттен келетін туристерге көрсетілетін сервистік қызмет түрлерінің сапасын да арттыру маңызды болып табылады. Кент әкімі Шыңғыс Темірбеков соңғы жылдары Бурабай курортты аймағын дамыту аясында іске асырылған жұмыстарды атады. Осының бәрі туристік өңірдің әлеуетін жақсартуға бағытталады.
Сонымен қатар, депутат Меруерт Қазбекова қазақтың дарабоз перзенті Біржан сал есімін жуырда ғана алған ауданда болып, өңірдің экономикалық-әлеуметтік жағдайымен танысты. Аудан әкімі Асқар Қиықов кездесу барысында аймақта атқарылып жатқан өндірістік үдерістер жөнінде хабардар етті. Әсіресе, бизнесті мемлекеттік қолдау бағытында қолға алынған шаралар да тілге тиек етілді.
Мәжілісмендер сол сияқты «Қазгер –құс» құс фабрикасында өндіріс ырғағымен етене танысты. Кәсіпорын басшысы Борис Оздоев өз сөзінде фабрикада 200-ден аса жұмысшы еңбек етіп жатқанын жеткізді. Соңғы жылдары бұл кәсіпорын инновациялық бағдарламалар аясында жаңа желілерді де іске қосты. Мұнда жылына 300 миллион дана жұмыртқа өндіріледі. Әрине, қандай кәсіпорын болсын, оның өз мәселесі бар. Кәсіпорын басшысы депутаттан бизнесті қолдайтын заңнамаларды жақсартуға барынша назар аударуын өтініш етіп айтты. Меруерт Қазбекова соңғы уақыттары бұл бағытта көп жұмыс істелгенін, салық және басқа да заңдарда кәсіпкерліктің мүддесін қорғау негізге алынғанын айтты.
«Ақ жол» баспасөз қызметі