БҮГІНГІ КҮННІҢ БАТЫРАШТАРЫН БҰҒАУЛАУ КЕРЕК
2018 ж. 12 қаңтар
3993
12
БҰЛАЙ КЕТЕ БЕРСЕК, ӨНЕРІМІЗДІ ӨЗ ҚОЛЫМЫЗБЕН ӨЛТІРЕМІЗ...
Қазақстан Театр өнері қауымдастығы, әдебиетшілер, жазушы-драматургтер, елімізге танымал актерлер құқық қорғау орындарының хабарлағанындай парамен ұсталған театр директоры Ерлан Біләлға араша түсті. Қазақ өнерінің қарашаңырағы аталған – Мұхтар Әуезов атындағы академиялық драма театрында арнайы өткізілген баспасөз мәслихатында аталған оқиғаға қатысты зиялы қауым өз пікірлерін білдірді. Мәдениет, әдебиет саласындағы белгілі тұлғалар бұл жағдайды қазақ өнеріне жасалған қиянат деп есептейтіндерін жеткізді. Жаңа жыл қарсаңында өнерсүйер қауымның жүрегін жаралаған бұл жайсыз жаңалық ешкімді бей-жай қалдырмады. Әлеуметтік желілерде түрлі пікірлер таралып жатыр. Әрине, мұндайда мыңдаған әңгімелер айтылары түсінікті. Біреулер қара күйе жақса, енді біреулер оны ақтауға тырысуда. Бәрінен бұрын театр ұжымы үшін мерекелік көңіл-күйдің орнына мазасыз күндер келді жаңа жылмен бірге. Әріптесі тап болған бұл күтпеген жағдай ежелгі өнер ошағы ұжымының қабырғасын қайыстырғаны бірден байқалды. Баспасөз мәслихатын жүргізіп отырған режиссер Асхат Маемиров бұл шара осы оқиғаға қатысты халыққа әділ, ашық ақпарат жеткізу мақсатымен ұйымдастырылғанын алдымен атап өтті. Сонымен бірге болған істің мән-жайын түсіндіре келе құқық қорғау органдарына ғана тиесілі суреттердің ғаламторға қалай таралып кеткеніне таңданыс білдіріп, осы тұста «Бұл қасақана ұйымдастырылған арандату» деген күдіктің де бар екенін білдірді. Әдетте «тергеу құпиясы» деп тарыдай ақпаратты тісінен шығармайтын, тірі жанды төңірегіне жолатпайтын құқық қорғаушылар бұл жолы қалай ғана қапы қалды екен деген ой мазалайды театр ұжымын. «Біз бұл туралы тиісті орындарға сауал жіберетін боламыз. Айғақ ретінде бұл суреттер тек қана тергеушілерде ғана болуы керек-ті. Ол сот шешімінен соң ғана бұқараға белгілі болуы тиісті еді ғой заң бойынша», – деді ол. Алдымен сөз алған театр және кино өнерінің абыз ақсақалы, Қазақстанның Еңбек Ері Асанәлі Әшімов бұл істі алдынала жоспарлы түрде біреулер ұйымдастырғанын баса айтты. Үйінде ауырып жатқан Ерлан Біләлді театрға қайта-қайта шақыртып, түрлі жазғыш құралдарды алдымен дайындауының өзі осыны көрсетеді деді атақты актер. Қазақстан Театр қауымдастығының президенті Асанәлі Әшімов Ерланға параны ұстатқан адамдарды да жазаға тартуды сұрады. «Ерланның адал азамат, таза жігіт екенін халық айтады. Осындағы жастар түнімен ұйықтамай, Ерланды қорғап жылы сөздерін айтып жатыр. Дамыған елдерде пара берген адам да жазаланады. Сондықтан, мұны ұйымдастырған адамды сотқа шақырамын», – деді тоқетерін тура айтқан Асанәлі Әшімов. «Соңғы кездері алыпты, беріпті, қылмыс жасапты дегенді ғана естиміз. Мен Ерлан Біләлді өте жақсы білетін адаммын, өйткені ол көз алдымда өсті. Біреудің ала жібін аттамаған. Сенгіш, адал, аңқау мінезді болғандықтан біреулердің қитұрқы әрекетінің құрбанына айналып отыр. Өнерде өзінің ерекше орны бар, тіпті театр саласында айтарлықтай құбылыс болған тұлғаның бұл жағдайы жанымызға батады. Мұндай кек алу, өш алу адамгершілікке жатпайды. Алдында Асанәлі ағамыз айтқандай біз өтірік айтатын жастан кеттік, БАҚ өкілдерінен де сұрайтынымыз, ағын – ақ, қарасын – қара деңіздер», – деді Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Нұрлан Оразалин. Корей мемлекеттік республикалық музыкалық комедия театрының директоры, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі Любовь Ни қандай театрлардың да ғимаратты жалға беруге құқылы екенін айтты. «Қазақстан мәдениетінде Ерлан Біләлге қатысты қолайсыз жағдай туындады. Біз Лондонда, Жапонияда бірге гастрольдік сапарда болдық. Бүкіл әлем Қазақстанда талантты әртістер барын білді. Бұл тек Ерланның ғана емес барлығымыздың мәселеміз. Барлығы объективті түрде болғанын қалаймын. Онымен құзырлы органдар айналыссын. Бірақ, біз оны жоғалтып алғымыз келмейді. Екіншіден, театр мемлекеттік бюджетке қараса, жалға беруге болады, жалақысы түгел бюджетке кетеді. Бірақ біз үшін театр залын жалға беру тиімсіз. Себебі оның суы, жарығы, дыбысы сияқты қосалқы қызметі мен шығындары өте көп. Мемлекеттік қазынаға қараған театрлар шығындарын жабу үшін жалға береді, ол қылмыс емес», – деді Любовь Ни пара деп есептелген қаржы туралы. Ортаға шығып сөйлеген әріптестері Ерлан Біләлдің көптеген басты рөлдерде ойнағанын, театрдың директоры болып тұрғанда атқарған қызметтері туралы да айтты. Шынында да Ерлан Біләл М.Әуезовтің «Қарагөзінде» Сырым (реж. Ә.Мәмбетов), «Еңлік-Кебегінде» Кебек (реж. Ж.Хаджиев), «Айман-Шолпанында» Әлібек (реж.Е.Обаев), «Абайында» Абай (реж.Е.Обаев), «Қилы заманында» Ұзақ батыр (сахналық нұсқасы.Н.Оразалин, реж.Ә.Рахимов), Д.Исабековтің «Жаужүрегінде» Балуан Шолақ тағы басқа көптеген басты кейіпкерлерді сәтті сомдаған. Театр соңғы жылдарда еліміз бойынша, тіпті Жапония, Англия сияқты шетелдерге гастрольдық сапарларға шығып, қазақ өнерін әлемге паш еткенін, ондағы талғамы жоғары көрермендердің қошеметіне бөленгенін мақтанышпен атады. Сахнада 60 жыл бойы өнер көрсетіп келе жатқан Қазақстанның Халық әртісі Торғын Тасыбекова театрдың қазақ үшін қасиетті шаңырақ екенін, мұнда ұлттың беткеұстар қазақ сахнасының жарқыраған жұлдыздарына айналған үлкен бір шоғыр аға-апаларымыздың еңбек еткен киелі өнер ордасы екенін еске алды. Егер «Сол кісілер мына жағдайды естісе не дер еді?» деген де ойын айтты. Ерлан да осындай ортада өсіп-өнді. Адал адамды аяқтан шалуды тоқтатып, ұлтымыздың мақтанышы саналатын өнер ордасының беделін сақтауға шақырды. Мәдениет саласының үздігі, белгілі актриса Күнсұлу Шаяхметова көзіне жас алып тұрып Ерлан Біләлдің мұндай қылмысқа бармайтынын, ол өзінен кейінгі жастарға қамқоршы екенін баса айтты. Тіпті осыған байланысты өзінің жүрекжарды ойларын өлеңмен жеткізіп, жиналғандардың көңілін босатты. Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, миллиондаған көрермендердің сүйікті актрисасы Лидия Каденова әлеуметтік желіде желдей ескен өсек-аяңға наразы екенін, мәселенің байыбына бармай жатып, жерден жеті қоян тауып алғандай жалаулатудың тым артықтығын алға тартты. БАҚ өкілдерінен ақиқаттан ауытқымай, шындықты жазуды сұрады. Баспасөз мәслихатындағы айтылған ойлар мен пікірлерді барынша молырақ қамтуымыздың өзіндік себебі бар. Байқап отырғандарыңыздай бұл күтпеген жағдай театр ұжымы үшін үлкен соққы болып отыр. Дәлірек айтсақ бұл ұжымның ғана емес, бүкіл өнерсүйер қауымның көңілін астаң-кестең етіп, ерекше алаңдатуда. Өйткені ұлттық өнеріміздің қарашаңырағы шайқалғандай, оның іргетасын әлсірету үшін біреулер ор қазғандай әсердеміз. Олай демеске амалымыз жоқ. Халық арасында көрермендердің сүйіспеншілігіне бөленгендіктен бұл өнер ордасы «әкемтеатр» деген атауға да ие болғанын білеміз. Олай деп атауға да толық негіз бар. Театрдың тарихы соны көрсетеді. Қызылорда қаласында 1926 жылы 13-қаңтарда М.Әуезовтің «Еңлік-Кебек» пьесасымен және халық өнерпаздары қатысқан үлкен концертпен тұңғыш рет театр шымылдығы ашылғаны баршаға белгілі. Міне биыл тұп-тура 92 жыл толып отыр. Алғашқы құрылған жылдары театр құрамында көркемөнерпаздық пен халық шығармашылығының танымал шеберлері И.Байзақов, Ә.Қашаубаев, С.Қожамқұлов, Е.Өмірзақов, Ж.Шанин,Қ.Қуанышбаев, Қ.Жандарбеков, Қ.Бадыров, Қ.Мұңайтпасов, З.Атабаева, Ш.Әлібекова, Ш.Байзақова, М.Шамова тағы басқа қазақтың белгілі тұлғалары өнер көрсеткен. 1929 жылы театр труппасы Алматыға қоныс аударды. Содан бері табан аудармай мәдениет орталығы болып келген қалада көптеген қазақ қаламгерлері мен әлемдік деңгейдегі шығармаларды сахналап, көрермендердің көзайымына айналды. Театр өз дәуірінде көптеген қиын кезеңдер мен өрлеу жылдарын басынан өткерді. 1937 жылы 27-ақпанда академиялық театр атағын алды. 1946 жылы Еңбек Қызыл ту орденімен, 1976 жылы Халықтар достығы орденімен марапатталды. 1961 жылы театрға Мұхтар Әуезовтың есімі берілді. Міне, бұл М.Әуезов атындағы драма театрының ғасырға жуық ғажайып тарихының қысқа ғана бір көрінісі. Осы ғасырға жуық жылдарда қаншама ұрпақ театр қойылымдарынан тағылым алып тәрбиеленді. Қаншама қазақ жастары өз ұлтының терең тарихы мен салт-дәстүрін, озық мәдениетін осы театр арқылы танып білді. Отансүйгіштік рухта тәрбиеленген сол ұрпақ өкілдері еліміздің дамуына үлкен үлес қосты. Ия, өшпес өмір, өлшеусіз еңбек! Енді міне сол ғасыр бойы есепсіз еңбекпен жиналған беделді біреулер бір күнде жоқ қылып, табанға баспақшы. Ең өкініштісі де осы. Зиялы қауымның зар илейтіндей жөні бар... Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы жарыққа шықаннан кейін қазақ елінде ерекше бір серпіліс пайда болғанына бәріміз куәміз. Кең байтақ отанымыздың барлық аймақтарында тарихымызды түгендеп, өткенімізге көз жүгіртіп, ұлттық салт-дәстүрлерімізді, өнеріміз бен мәдени мол мұраларымызды қайта жаңғырту қолға алынды. Сол мәдени мұраларымыздың басты белгісінің бірі – ұлттық театр болып табылатыны сөзсіз. Ендеше осындай ұлттық құндылықтарды ұран ете бастағанымызда ұрын кіріп, тасадан тас ату кімге керек болды? Аталмыш баспасөз мәслихатына қатысқан әрбір адамның ойында осындай сұрақ кеткені анық. Ондайлар бір адамды мұқатып, сағын сындырамын деп бүкіл ұлтты жерге қаратқанын ойлады ма екен? Мәселе бір ғана Ерлан Біләлда тұрған жоқ. Әріптестері «Директорлығы құрысын, бізге Ерланның халық бағалайтын өнері мен таланты керек!» деп айтқандай, халыққа қазақ өнерінің болашағы алдымен аса қажет. Рухани байлық деген сол. Ал, таланттарымызды түрмеге отырғызып алып, рухани жаңғырып жатырмыз деп айқайлаудың кімге қажеті бар? Капитал билеген бүгінгі заманда рухани құндылықтың орны бөлек. Ол біздің басты байлығымыз, содан ажырамауымыз керек. Мықты болса бақай есептілер шоқпарын биліктегі білектілерге неге сілтемейді? Қорқады. Сондықтан да тасадан тас атады. Керек десек, халық қаржысын миллиардтап ұрлағандар да ақшалай айыбын төлей салып, ештеңе болмағандай ортамызда тайраңдап жүр емес пе? «Қазақ десем, өзіме тиеді» деген екен баяғыда бір атамыз. Әрине, бір адам үшін бүкіл ұлтты жазғыра алмаймыз. Дегенмен, өзгелерден оқ бойы озған Құлагерін сұлатып салып, Алаштың ардақтысы, аяулы Ақанын аңыратқан батыраштар әлі де бар ортамызда. Бұл соларға айтылған сөз деп түсініңіздер. Жиында қазақ өнері мен әдебиетінің белгілі тұлғаларының сүйектен өтер сөздері жеке басының есебін түгендеген бүгінгінің батыраштарына арналуы да тегін емес. Қалай десек те бұл істің анық-қанығын құқық қорғау орындары анықтайтын болады. Бірақ бір нәрсе бүгіннің өзінде анық – ол үкімет тарапынан мәдениетімізге, әдебиетімізге жалпы өнерімізге көбірек көңіл бөлініп, барынша қолдау қажет. Қарияларға берілетін қатардағы зейнетақыдан асар-аспас актерлерге тағайындалған еңбекақымен біз өнеріміздің өрісін кеңейте алмаймыз. Өнерімізді, мәдениетімізді, әдебиетімізді қолдамасақ рухани жаңғыру туралы ұранның бәрі бос сөз болып қала береді.Зейнолла АБАЖАН
qazaquni.kz