Көші-қон жолындағы кедергілер азайтылсын!

«Қазақстан Республикасының халықтың жұмыспен қамтылуы және көші-қон заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» құрылған жұмыс тобының жетекшісі Кәрібай Мұсырман мырзаға және жұмыс тобы мүшелеріне

АШЫҚ ХАТ

Құрметті, жұмыс тобының мүшелері! Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Қазақстан Тәуелсіздігін жариялағанда Қазақстан халқының да шеттегі қандастардың да қуанышында шек болмады. Сол кезден бастап Елбасымыз шеттегі қазақтарға үндеу тастап, елге шақырды, арнаулы заң қабылдап, оларға көші-қон қаражатын тағайындап, түрлі тиімділіктер жасады. Арнаулы қандастарды қабылдайтын облыстар белгіледі. Соның арқасында атажұртқа ат басын бұрып, әр шетелден қазірге дейін бір миллионға жуық қандастар байырғы Отанына оралды. Қытайдан тарихи отаны Қазақстанға біржолата көшіп келген азаматтардың саны бүгінде 200 мыңға жетіпті. Біз, Елбасының жобасына қолдау көрсету үшін, көші-қонды ұйымдастыруды тек қана үкіметтік мекемелерге ғана артып қоймай, өзіміз де елге қызмет ету мақсатымен, Солтүстіктегі облыс әкімдері мен көші-қон мекемелері арқылы Қытайдан келген халықтарды солтүстік облыстарға көшіруді ұйымдастырған болатынбыз. Нәтижесінде осы жылдың мамыр айынан қыркүйек айына дейін Қытайдан Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Ақмола облыстарына жалпы саны 63 отбасын, ал Алматы облысынан 17 отбасын көшіріп әкелдік. Олар қазір сол облыстарда тұрақты тұрып жатыр. Бірақ, өзге шетелдерге қарағанда Қытайдан келетін қандастардың келуіне кедергілер көп. Мысалы, Қазақстанға арнаулы виза арқылы келетін болғандықтан, шетелге шығатын төлқұжат жасату үшін де, сол шетелден шақырту керек болады. Қазақстанда туысы немесе танысы арқылы шақырту алып, төлқұжатын жасатып, одан Қазақстанның Қытайдағы елшілігінен виза алуы міндеттелген. Ал Қазақстанға келген соң да түрлі құжат жинаудың сөзі алғашқы жылдарға қарағанда жыл сайын күрделеніп барады. Бұрындар азаматтық алу үшін тек төлқұжат пен жеке куәілікті аудартып, өмірбаян жазып, азаматтық алғанға дейін жарайтын «Оралман куәлігі» мен тіркеу анықтамасын апарса болды азаматтыққа қабылдай беретін. Ал, осы бірнеше жыл бұрын, азаматтық алуды 5 жылға тоқтатып қойды, одан соң азаматтық алу үшін алдымен «Ықтиярхат» алу керек болды. «Ықтиярхат» алу үшін Қытай елшілігінен «Қытайда сотталмағаны туралы» және «Қазақстанда тұрақты тұруға келісім» анықтамаларын әкелу керек болды. Сонымен бірге бір жылға ғана жарайтын «оралман куәлік» керек, ал азаматтық немесе «Ықтиярхат» алу үшін де «Қытайға телміртіп» қойған осы заңдар, жақында «Дүниежүзі қазақтары құрылтайында» Елбасымыз айтқан «шеттегі ағайынның елге келгендегі құжаттық мәселелерін барынша жеңілдету» керек деген сөзіне сай келмейді. Қытайдан келген қандастар, келе салып ең алдымен «Оралман куәлік» алады себебі, олар балаларын мектепке кіргізуге, емханаға тіркелуге де заң бойынша осы куәлік керек. Соның ішінде 2016 жылы Қазақстанға келіп, ең алдымен «Оралман куәлігін» алып, ары қарай азаматтық алу үшін, тұрақты тіркелетін үй таба алмай, үй табылса, бір кездегі «Ықтиярхат» және азаматтық алуға керекті «Қытайда сотталмағаны туралы анықтама», «Қытай елшілігінен Қазақстанда тұрақты тұруға келісім» сияқты ешқашан берілмейтін, берілсе де тоқсан тесіктен өтіп, таныс-тамыр арқылы зорға алатын «анықтамаларды» жинап болғанша, 2016 жылғы алған тек бір жылға берілетін, «Оралман куәліктерінің» уақыты да өтіп кетеді. Енді олар азаматтыққа тапсырайын десе, көші-қон полициясы «оралман куәліктеріңнің уақыты өтіп кеткен, енді сендер 5 жылдан кейін ғана азаматтыққа тапсыра аласыңдар» – деп азаматтыққа қабылдамай отыр. Дәл қазір біздің қолымызда 200-ге тарта «оралман куәлігі» өтіп кеткен азаматтардың нақты тізімі бар, бұл сан күн сайын өсуде. Қытайдың қыспағынан әрең құтылып келген қандастарымыз, осындай кедергілердің кесірінен Қытайға қайта баруға мәжбүр болуда. Егер олар Қытайға барса дәл қазір Қытайда қазақтарға жасалып жатқан қудалауға ұшырап, Қазақстанға барғаны үшін паспорттары тартып алынып, «саяси үйрену орталығы» деп аталатын жабық түрмеге қамалып, тіпті кейбіреуі түрлі мерзімдерге сотталуы мүмкін. Біз осы көшіру жұмыстары барысында, шеттен келген қандастардың Қазақстан азаматтығын алу кезіндегі туылып жатқан қиыншылықтарды ескере отырып сіздерден алдағы «көші-қон заңына өзгерістер мен толық­­тырулар енгізу туралы жұмыс тобының» отырысында төменде аталған бірнеше ұсы­ныстарды көші-қон заңына енгізулеріңізді сұраймыз. 1. Шетелден немесе Қытайдан көшіп келетін этникалық қазақтарға, сол елдегі Қазақстан елшілігі кезексіз виза берілуін; себебі басқа да түрлі саяхаттау, туысқаншылау, сауда мақсатында келетін адамдардың көптігі себебінен көшіп келетін қазақтар уақытында виза ала алмай, көшіп келе алмауда, осының себебінен Солтүстік облыстарға көшіп келетіндерге бөлінетін жыл сайынғы қаражат игерілмей қалуы мүмкін; 2. Шеттен көшіп келетін қазақтар Қазақстан Республикасының шекарасынан өткенде олардың жүктеріне кеден салығы алынбай, олардың шекарадан еш кедергісіз өтуіне жағдай жасалуын; себебі осыған дейін көшіп келушілердің жүктеріне Қазақстан шекара қызметкерлері «салық төлейсіңдер» деп өткізбей қойғаны туралы ақпарат көп, мысалы «ШҚО Бақты шекара бекетінде». 3. 2016 жылы алған оралман куәліктің уақытын 1 жылға ұзартуды, осы куәлікті енді алатын қандастарымызға жарамдылық мерзімін 2 жылдық етіп беруін; 4. Көшіп келген қандастарға ҚР азаматтығын бергенде алдымен «Ықтиярхат» бермей, тікелей азаматтыққа өткізілуін; себебі қандастар «Ықтиярхатқа» құжат жинап көп уақытын жоғалтуда және бұл құжаттың ешбір маңызы жоқ. 5. Шеттен келетін қандастарға белгіленген солтүстіктегі 7 облыстың әр қайсысында «Қандастарға кеңес беру орталығын» ашып, сол орталықта қандастардың азаматтық алуға керекті құжаттарын тегін аударып, жинап берілуін, оларды сол орталыққа тегін тұрақты тіркеуге алу, оларға заңдық кеңес берілуін, оқуға түсетіндерге дайындық курсқа түсу туралы кеңес берілуін; 6. Осыған дейін Қазақстанға келіп, түрлі себептерге байланысты Қытай төлқұжаты мен жеке куәлігінің уақытын өтікізіп алған азаматтарға, құжаттарын қайта жасату үшін Қытайға баруға мәжбүрлемей, Қазақстан азаматтығына қабылдауды сұраймыз. Себебі Қытайдағы жағдайға байланысты олардың құжаттарын Қытай үкіметі ешқашан ауыстырып бермейді. Құрметпен Қазақстан Республикасының азаматтары: Оразұлы Қыдырәлі, Байтолла Қайрат, Бейсен Ахмет, Шаймуран Даулетжан, Қали Шаяхмет, Масғұт Серік, Тұрысбай Ардақ, Бекмырза Ерлан, Пәзілхан Темірбек, Қожамсейт Аралбай, Нұрболат Серікәлі, Асхатбек Нұрболат, Сарқыт Саулетбай т.б.

Тел: 8707-266-88-99, almed-pharm@mail.ru Алматы қаласы, 7 ықшам ауданы 6 үй 34 пәтер 22.12.2017 жыл.

qazaquni.kz