МЕМЛЕКЕТ ПЕН ХАЛЫҚ ҮШІН БАНКТЕРДІҢ БАСЫ АУЫРМАЙДЫ
2017 ж. 15 желтоқсан
2353
3
АЛ, ҮКІМЕТ ОЛАРДЫ ҚОРҒАП, ҚАРЖЫЛАЙ ҚОЛДАП КЕЛЕДІ
Еліміздің екінші деңгейлі банктерін «Нұрлы жол», «Нұрлы жер» сынды халыққа арналған әлеуметтік бағдарламалар мүлдем қызықтырмайды екен. Қаржы қазанының қақпағын қолына алған коммерциялық ұйымдарды тұрғындарымыздың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын жақсартатын мемлекеттік маңызды жобаға бағыттау ендігі жерде құзыры кеңейтілген Үкіметтің өзінің де қолынан келмей қалған сыңайлы. Өз алдына жеке «мемлекет» болып алған банктердің мәселесі Мәжілістің кезекті отырысында көтерілді. «Екінші деңгейлі банктер неліктен мемлекеттік бағдарламаларға қатысуға құлықсыз?» деген негізгі сұраққа толық болмаса да осы отырыста бірсыдырғы жауап алынған сияқты. Мәселе мынада болып отыр. Бүгінге дейін алымшыларынан жоғары мөлшерлемелермен еселеп ақша тауып, оңай олжаға тойынған коммерциялық ұйымдарға «Банк қызметі туралы заңға» өзгерістер енгізілгеннен кейін баспаналы болам деушілерге ипотекалық қызмет көрсету қызық болмай қалған көрінеді. Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек те осы мәселені Үкіметте айтып, премьер-министрдің өзінен көмек сұраған еді. Әзірге баспанаға мұқтаж халыққа «Тұрғын үй құрылыс жинақтаушы банкі» ғана өзінің үстеме 5 пайызымен қол ұшын беріп отыр. Ал, қалған қаптаған банктер мемлекеттік маңызы бар бұл іске пысқырып та қарайтын түрі жоқ. – Ипотекаға қатысты заң бойынша бұдан былай төлем 6 айдан астам мерзімге кешіктірілсе де банктер негізгі қарызға үстеме қоса алмайды. Енді банктерге қолайлы қарыздың үстіне қарыз жамай алмайды деген сөз. Бұл – банктерді мұқтаж тұрғындарға арқасын беріп теріс қаратқан бірінші себеп. Екіншіден, заңға енгізілген жаңа өзгертулерге байланысты пәтер қарыз алушының жалғыз үйі болғандықтан банктер оны сотпен де тартып ала алмайды. Үшінші қиындық, бұл әрине банктер үшін деп түсініңіздер, борыш өтеу тәртібі түбірімен өзгерді. Бірінші негізгі қарыз өтеледі, сосын барып пайыздарын жабады. Осы себепті ипотекалық қаржы беру банктерге тиімсіз боп тұр, – деді ҚР Инвестициялар және даму министрлігі комитеті төрағасының орынбасары Бақытжан Качаков. Жекеменшік банктер өз қалтасынан қаражат беріп, халықты жарылқап жатқан жоқ. Маңызды мемлекеттік бағдарламаларды қаржыландыру үшін Ұлттық қордан арнайы ақша бөлінеді. Демек, халыққа беретін ақша – сол халықтың өзінің қаржысы болып табылады деген сөз. Бірақ бұдан былай банктің пайыздық үстемесін 10 пайыздан асыртқызбайды. Ал, екі есе асап, 20 тіпті айыппұл мен ішкі қызметтерін қосқанда 50 пайызға дейін алымшыларданТұрғын ақша алып үйренген қомағай банктер 10 пайызды менсінбейтіндіктерін ашық көрсетіп отыр. Былайша айтқанда 10 пайыз дегеніңіз олардың жемсауына жұқ болмайтын түрі бар. Қоғам алдындағы әлеуметтік жауапкершілік, қарапайым халықтың қамын қарастыру деген ұғымдар банктердің түсіне үш ұйықтаса да кірмейді. Шынын айтсақ, біздің банктер ондай жауапкершілік пен түсініктің бар екенінен де бейхабар. Отандық банктерге қарағанда біздің елде жұмыс істейтін шетелдік инвесторлардың мейірімі мен адамгершілігі мол. Олар жергілікті басшылармен меморандумға отырып, қалалар мен ауылдарымызда қаншама мектеп, балабақша, ауруханалар мен өзге де әлеуметтік маңызы бар нысандардың құрылысын жүргізіп, жергілікті тұрғындарға тарту жасап жатыр. Ал, біздің банктер халықтың өз ақшасын өзіне жоғары пайыздық үстемемен беріп, өз адамдарын өздері қанап жатыр. Бұл не деген тойымсыздық десеңізші?! Біздің банктер үшін бұл үйреншікті, қалыпты жағдай, өйткені оларға қой дейтін – қожа, әй дейтін –әже жоқ. – Банктер үстеме ақыны үсті-үстіне өсіре бергенді қалайды. Сондықтан, азаматтар несиеге алған қаражатты екі есе, үш есе төлеп қайтаруға мәжбүр. Банктер де халыққа жұмыс істеуі керек қой. Мемлекет оларға көмектесіп жатса, олар неге мемлекетке жұмыс істемеуі керек? – деді осы жағын баса айтқан Мәжіліс депутаты Майра Айсина. Мәжілісмен дұрыс айтады. Депутаттың мемлекеттің көмегі дегені – екінші деңгейлі банктерді сауықтыруға Ұлттық қордан бөлінген 2 трлн. теңге. Қаржыны жалынып-жалпайып үкіметтен сұрап алғанда алдына жан салмайтын банктер халық үшін жасалып жатқан әлеуметтік бағдарламаларға неге қатыспайды? Олар тек қана өз бас пайдалары үшін ғана жұмыс істеуі керек пе? Олай болса бұндай банктерді лицензияларынан айырып, сот арқылы жабу керек қой. Қатал шара қолданудың орнына біздің Үкімет ақшаны оңды-солды негізсіз таратқан банктерді қолдап, олардың тақырланған қоржынына қосымша қаржы құйып отыр. Не үшін? Енді осы қомағай қаржы ұйымдарына қандай шара қолданылмақ? Заң бойынша ашса алақанында, жұмса жұдырығында тұрған банктерді Үкімет күштеп болса да жұмысқа араласуға көндіруіне болар еді ғой. Бірақ ондай нақты қадамдар осы күнге дейін жасалған емес. Әлде сол банктердің иелерінен имене ме? Әзірге қомағай банктердің кекілінен сипап, қалтасын ақшаға толтырумен келеді. Енді міне Инвестициялар және даму министрлігі Елбасының өзі қолдап, орындауға міндеттеп отырған мемлекеттік маңызды бағдарламаларды тоқтатпау үшін Үкіметтен Қазақстан ипотекалық компаниясына тағы сол банктерге ұялмастан 50 млрд. теңге бөлуді сұрап отыр. Бұл әзірге ұсыныс қана болғанымен, ертең қомақты қаржыны банктердің қолдарына ұстатары анық. Өйткені мемлекеттік бағдарламаны тоқтатуға болмайды. Біздің елде бірыңғай миллионерлер тұрмайды, мыңдаған қарапайым адамдар сол ипотекаға ғана үміт артып отыр. Баспаналы болудың басқа жолы әзірге бізде жоқ. Ақша беріле қалған жағдайда халық алдында беделі бес тиын болған біздің банктер сол қаржыны дұрыс ұқсата қояды дегенге де сенім аз. Өйткені олар мемлекет пен халық үшін ешқашан бас қатырмаған, қатырмайды да. Бұл айдан анық мәселе, ширек ғасырлық тәжірибе осыны көрсетіп келеді. Шынында да, біздегі ипотека мен басқа да несиелердің тым жоғары пайызбен берілетіні таңқаларлық. Оны дәлелдеудің де қажеті жоқ. Еліміздегі ең тиімді болып есептелетін «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша ипотеканың үстемеақысы 10 пайыздан басталады екен. Оның өзі тек қана соңғы кезде енгізілген жоба арқасында басталып отыр. Енді салыстырып көрелік, мысалы, Жапония елінде ипотека мөлшерлемесі 1,21 пайыз ғана екен. Рас, Жапонияда жылжымайтын мүлік тым қымбат. Күншығыс елінде үйдің шаршы метрі 7-8 мың доллар тұрады. Бізде де арзан емес. Бірақ біздің банктер үйдің қымбат-арзанына, оның сапасына қарап жатқан жоқ. Оларға несиенің үстінен көбірек пайда тапса болғаны. Сол сияқты дамыған Швейцарияда – 1,42, Финляндияда – 1,53 пайызға несие алып баспаналы болады екенсіз. Біз еліктейтін еуропалықтардың ішінде ипотекаға ең көп жүгінетіндер шведтер екен. Швеция халқының 90 пайызы өз баспаналарын несие арқылы алған екен. Өйткені олардағы пайыздық мөлшерлеме небары – 1,87 пайыздан аспайды. Ең қымбат деген Австрияда мөлшерлеме 2,1 пайыз. Өздеріңіз байқап отырғандай, осы салыстырмалы сандық көрсеткіштердің өзі-ақ көп нәрсені аңғартпай ма? Бұдан кейін «Бізде банктердің үстеме мөлшерлемесі неге сонша жоғары?» деген заңды сұрақ қалай қойылмасын. Оған жауап іздеп жатқан Үкімет жоқ. Шын ниетімен іздесе ширек ғасырда оған жауап қана емес, оны түзетудің жолдарын баяғыда көрсетіп, мәселені түбегейлі шешер еді. Банк саласындағы бәсеке олардың қызмет деңгейін көтеріп, несие мөлшерлемесін түсіреді деген үмітіміз адыра қалды. Жауыннан кейінгі саңырауқұлақтай қаптаған банктер тек қана жоғары үстемемен халықты қанаудың бәсекесін, дәлірек айтса ақша жеудің жарысына түскен бе деп қаласың. Оны кім жөнге салу керек. Әрине, Ұлттық банк, Қаржы министрлігі сияқты құзіретті орындардың, бір сөзбен айтқанда Үкіметтің тікелей міндеті. Мемлекет пен халыққа зиянынан басқа пайдасы жоқ банктерді жауып, жұмысын жөнге салады деген үмітімізді әлі де болса үзгіміз келмейді. Сол сенімнің өзі бұлдырап сағымға айналып бара жатқандай...Зейнолла АБАЖАН
qazaquni.kz