Мемлекеттік сайттар атауы неге мемлекеттік тілде емес?
2017 ж. 10 желтоқсан
2826
9
Ресми тіліміз де, мемлекеттік тіліміз де – қазақ тілі. Демек, мекеменің айнасы саналатын ресми интернет-ресурстардың атауы да не қазақ тілінде, не халықаралық стандарттарға сай ағылшын тілінде болуы тиіс. Осы бір қарапайым заңдылықты кейбір мемлекеттік ұйымдар ескере бермейтін секілді. Бірінде домендік атау орысша жазылса, бірінде сайт орыс тілінде ашылады. Осыған орай, біз барлық министрліктер мен облыс әкімдіктерінің, конституциялық маңызы бар органдардың және ұлттық компаниялардың ресми сайттарына шолу жасап, аталған олқылықты түзеуге асықпайтын мекемелерді тізіп шықтық.
Үкімет құрамындағы 16 министрліктің төртеуі өз сайттарын орысша атауды жөн көрген екен. Мәселен, Денсаулық сақтау министрлігі – mz.gov.kz (Министерство здравоохранения), Ауыл шаруашылығы министрлігі – mcx.gov.kz (Министерство сельского хозяйства), Мәдениет және спорт министрлігі – mks.gov.kz (Министерство культуры и спорта), Ішкі істер министрлігі – mvd.gov.kz (Министерство внутренних дел). Үш министрлік қазақ тіліне басымдық берген. Олар: Әділет министрлігі – adilet.gov.kz, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі – enbek.gov.kz, сондай-ақ Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі – diakom.gov.kz. Қалғаны түгелдей ағылшын тілінде.
Мұндағы kz дегеніміз – бұл сайттың қай елге жататынын көрсететін бірінші деңгейлі домендік атау болса, gov – сайттың үкіметке қарасты екендігін білдіретін екінші деңгейлі домендік атау.
Әкімдіктердің интернет-ресурстары арасында үш облысты ерекшелеуге болады: Шығыс Қазақстан облысы – akimvko.gov.kz, Қарағанды облысы – karaganda-region.gov.kz, Солтүстік Қазақстан облысы – sko.gov.kz. Ал үкімет құрамына кірмейтін, конституциялық статусы бар органдардың ішінде Жоғарғы соттың sud.gov.kz және Ұлттық қауіпсіздік комитетінің knb.kz сайттары көзге түседі. Сонымен қатар Қазақстан Республикасы Президентінің Іс Басқармасы (udp-rk.kz – Управление Делами Президента РК) мен Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Қаржы мониторингі комитеті (kfm.gov.kz – Комитет по финансовому мониторингу) де өз сайттарын орысша атаған. Мемлекетке қатысы бар өзге ұйымдардың ішінен Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясы (fprk.kz – Федерация профсоюзов РК) мен Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорын (enpf.kz – Единый накопительный пенсионный фонд) ерекшелеуге болады.
Домендік атаудан бөлек, тек қазақ тілінде сөйлеп, сол тілде қызмет алуды қалайтын азаматтардың конституциялық құқығын шектейтін тағы бір мәселе бар. Халыққа қызмет ететін мемлекеттік мекеменің ресми веб-ресурсына кірсеңіз, бірден орыс тілді нұсқаға түсесіз. Содан кейін барып, мәзірден тілдік нұсқаны таңдау батырмасын тауып алып, қазақ тілін таңдауыңыз қажет. Қазақстанның Ата Заңы бойынша, мемлекеттік тіл орыс тілі болып, қазақ тілі ресми түрде онымен тең қолданылатын болса, мұның еш ағаттығы болмас еді. Алайда, Конституциямыздың 7-бабына сәйкес, мемлекеттік тіл – қазақ тілі.
Бүгінде Ауыл шаруашылығы, Қорғаныс, Энергетика, Білім және ғылым министрліктерінің, сондай-ақ, Жамбыл және Қостанай облысы әкімдіктерінің интернет-ресурстары бірден орысша ашылады. Бұл тізімге «Қазатомпром», «Қазақстан Инжиниринг», KEGOC, ҚазМұнайГаз, Қазпошта ұлттық компанияларының сайттарын да қосуға болады. Біздің түсінігімізше, мемлекеттік мекеме болған соң, оның веб-сайты не мемлекеттік тілде ашылуы тиіс, не бірден тіл таңдау терезесі шығуы қажет. Аталған мәселенің шешімі өте қарапайым және қыруар қаражатты қажет етпейді. Сайт атауын өзгерту үшін құны бес мың теңгеден аспайтын жаңа домен сатып алып, қазіргі базаны сонда көшіре салса болғаны. Ал онлайн ресурс бірден тіл таңдау мәзірімен немесе қазақ тілдік нұсқамен ашылуы үшін сайттың бағдарламасына жаңа код енгізсе жеткілікті.
Мемлекеттік ұйымдарға тиесілі веб-ресурстардың қазақ тілінде болмауы Қазақстан қарыштап дамуын тежейтін үлкен проблема деп айта алмаймыз. Дегенмен бұл қазақ тілінің ресми мәртебесі әлі толық мойындалмай келетінін көрсететін бірден бір мәселе екені анық. Домендік атау жайы бірінші рет қозғалып тұрған жоқ. Журналистер бұл туралы осыған дейін жазып келді. Бірқатар мекемелер уәждің орынды екендігін түсініп, тиісті шешімдер де қабылдаған болатын. Ендігі кезекте, осы бір оң қозғалыстан қалып қойған санаулы мемлекеттік ұйымдар да мәселенің мәнісін түсініп, сайттарына дұрыс атау бергені абзал болар еді.
Дархан ӨМІРБЕК,
«Егемен Қазақстан»