МИТТАЛДЫҢ МҰРТЫН БАЛТА ШАППАЙДЫ
2017 ж. 08 желтоқсан
3197
7
ҚАЗАҚСТАН КӘСІПОРЫНДАРЫНДАҒЫ ӨНДІРІСТІК ҚАУІП-ҚАТЕР ЖОҒАРЫ ДЕҢГЕЙДЕ
Үкіметтің кезекті отырысында ҚР Премьер-министрі Бақытжан Сағынтаев «АрселорМиттал Теміртау» компаниясында өндіріс барысындағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету мен кәсіпорында жиі орын алатын қайғылы оқиғаларды болдырмау жөніндегі мақсат-міндеттерді атап көрсетіп, сала бойынша мүдделі министрліктерге аталмыш жағдайларға баса назар аударуды тапсырды. Шынын айтсақ дәп осы мәселені 4-5 бес жылда бір еске салу емес, күнделікті қаперде ұстау керек-ті. Өндірістегі қауіпсіздік шаралары тұрақты түрде қатаң сақталатын ереже, керек десеңіз, мемлекет деңгейінде мүлтіксіз орындалатын заң болуға міндетті еді. Өкінішке орай, біздің елімізде бұл қағида ұмыт қалғалы қашан. Біз тек табыс тауып, мол пайда көруді ғана негізгі мақсатымызға айналдырып алғанбыз. Ал, адамдарымыздың өмірі оның қасында тесік тиын құрлы болмай қалды... Алдымен айта кетелік, өндірістік қуаты жылына 420 млн. тонна болатын бұл атақты компания құрамына Қазақстанның Қарағанды металлургия комбинаты, 8 көмір шахтасы, 2 электр стансасы, Лисаков кен-байыту комбинаты тағы басқа маңызды нысандар кіреді. 1995 жылы алғашқыда «Испат Кармет», 2007 жылдан «АрселорМиттал Теміртау» болып аталды. Халықтың көзінен тасада жүретін, қызметін қашан да құпия ұстауға тырысатын «АрселорМиттал Теміртау» компаниясының атқарушы директоры Парамжит Калон бұл жолы Құдай айдап Үкіметтің алдына келе қалыпты. П.Калон өз сөзінде компания жыл сайын өндірістік құрал-жабдықтарды жаңарту мен өнеркәсіптік қауіпсіздікті арттыруға қомақты қаржы жұмсайтынын ауыз толтырып атап өтті. Басшының айтуынша шаралар қабылданғанымен, кәсіпорында апаттар әлі де орын алуда. «Бұл ретте өндірістерде адамдар тәуекелдерді жете бағаламайды, сондай-ақ басшылық тарапынан да кемшіліктерге жол берілген» деді кейбір жасыра алмас шындықты мойындаған компания басшысы. Қалай жасырсын, компания құрамындағы шахталарда ондаған адам тірідей қара жерге көміліп жатса. П.Калонның пайымынша, қайғылы оқиғалардың жиі орын алуына білікті жұмыс күшінің жетіспеуі мен жас буынның тау-кен кешенінде жұмыс істеуге қызығушылық танытпауы әсер етуде екен. Кешірерсіз, Калон мырза, өндіріс қауіпсіздігін қамтамасыз етпесеңіз, айлап еңбекақыны төлемей кеңсеңізге келіп жұмысшылар өзін-өзі өртеп жатса, сіздің компанияға адамдар аштан қату немесе шахтаға көміліп өлу үшін бару керек пе? Сіздер пайда таба алмай қалады деп өз бастарын қатерге тігуге олар міндетті ме? Сонымен қатар Парамжит Калон Қазақстандағы көмір шахталары әлемдегі ең қауіпті кен орындарының бірі екенін, себебі шахталарда газдың таралу проблемасы бар екенін жеткізді. Бұл жерде де Калон мырзаға «сыныққа сылтау іздеудің қажеті жоқ» деп көзіне тура айтуға болады. Компанияға берілген он шақты әлемге әйгілі шахталар бірінші жыл жұмыс істеп жатқан жоқ. Кеңестік кезеңнен, тіпті одан да бұрын бұл шахталардан негізінен көмір, өзге де кен түрлері молынан алынып келгені баршаға мәлім. Бірақ дәп қәзіргідей апаттық жағдайдың жиі орын алуын бұрындар естімеппіз. Қазба байлығы мол кеніштер мен алып темір балқыту комбинатын басқарып отырған Калон мырзаға жерасты кеніштерінде газдың болуы жаңалық шығар, оның әртүрлі мөлшерде кез-келген кеніште болатыны басқа ешкімді таң қалдырмас. Калонның «Компания адамдардың өліміне алып келетін қайғылы оқиғаларды мүлдем болдырмау бағытында 2025 жылға дейін тиісті шараларды атқаруды көздеп отыр» деген мәлімдемесі де біздің Үкіметті алдауратудың амалына ұқсайды. Өндірісте адамдар өліп жатқанда қайдағы 2025 жылғы мерзім туралы әңгіме болуы мүмкін? Бұл «өзгелер өмірем қапса да өз пайдамды ойлаймын» деген ұстанымды көрсетеді. Өндірісте апат атаулы асқынып тұрғанда шұғыл шаралар қажет емес пе? Миллиардер үндістің біздің елге келгені бүгін емес, содан бергі 22 жылда бұл бағытта не бітіріпті? Ал, осы компания бір ай пайда көрмей, қаржылық тақырға отыра қалса, Канон мен кәсіпорынның қожасы миллиардер Лакшми Миттал мырза әлемге жар салып, айқайға басар еді. Бірден айта кетейік, біздің елімізге келгелі бұл компанияның айналасындағы айқай-шу аз болған жоқ. П.Калон үкімет мүшелері алдында компания жыл сайын жабдықтарды жаңарту мен өнеркәсіптік қауіпсіздікті арттыруға қомақты қаржы жұмсайтынын ауыз толтырып айтқанмен, шын мәнінде олай емес. Кәсіпорындағы жағдайды жете білетін жергілікті және республикалық салалық кәсіподақ ұйымдары керісінше көрсеткіштерді ашық айтып, жылдар бойы Үкіметтен шара қолдануды әлденеше рет талап етіп келгенін білесіздер. Құрал-жабдықтардың әбден тозғанын, өндірісте қауіпсіздік шаралары қарастырылмағанын, айлықтарын айлап бермейтіні туралы өткен жылдарда БАҚ-та қаншама айтылды. Көптеген адамдар өндіріс алаңында өмірімен қоштасып, жұмысшылардың шыдамы шегіне жете бастағанда ғана соңғы жылдар өндіріс қауіпсіздігіне ептеп көңіл бөле бастағаны бар. Бірақ онысы тым жеткіліксіз, жұмысшылардың қауіпсіздігі үшін ақшасын шығарғысы келмейді. Компания әлі де еліміздегі ең апаты көп кәсіпорындар тізімін бастап тұр. Бұл «жетістік» бойынша жақын арада «АрселорМиттал Теміртаудың» «рекордын» жаңарта қоятындар табыла да қоймас. Алдында айтқан ойымызды нақтылай түсу үшін салыстырмалы түрде «Теңізшевройл» ЖШС кәсіпорнын алып көрелікші. Біріншіден, оларда ашықтық бар. «АрселорМиттал Теміртау» сияқты БАҚ өкілдерін есіктен сығалатпай, кері қумайды. Керісінше республика бойынша БАҚ қызметкерлерін жинап, жылына екі рет солардың алдында есеп береді. Яғни, ол халық алдында есеп береді деген сөз. Тіпті журналистерді өз қаржысымен барлық өндіріс орындарын аралатып көрсетіп, жұмысшылардың жағдайымен жете таныстырып та отырады. Екіншіден, «Теңізшевройлда» өндірістік апат деген атымен жоқ деуге болады, өйткені олар бұл мақсатқа қаржы аямайды. Үшіншіден, өндіріске аса қажет мамандарды да өздері оқытып дайындайды. Ал, Калон айтқан жерасты газы мұнай өндірісінде де жетіп артылады. Бірақ одан әлі ешкім уланып өлген жоқ. Себебі өндірісте қауіпсіздік шаралары қатаң сақталады. Еңбекақы үнемі уақытында беріледі, жұмысшылардың тұрмыстық жағдайы да жақсы. Сондықтан, жастар мұнай саласында жұмыс істеуге ұмтылып тұрады. Мамандыққа қызығушылық осындайдан басталады, Калон мырза! Біз мысалға келтірген екі шетелдік компаниялар жұмысында айырмашылық бар ма? Бар болғанда қандай?! «АрселорМиттал Теміртау» компаниясы неге осындай көрсеткіштерімен мақтана алмайды? Бұл үлкен сұрақ, оған жауап іздеп бас қатырған Митталды осы күнге дейін көре алмадық? «Әрине, осындай жоспардың болғаны жақсы. Алайда 2025 жылға дейін осы бағдарламаны созу – бұл тым ұзақ мерзім. Менің ойымша, сіз атап өткен жұмыстарды қайта қарастырып шығу керек. Сонымен бірге кеше компанияның басшылары қосымша инвестициялар жайында айтқан болатын, яғни бұл қомақты қаржы алдағы жылдан компания жұмысына салынбақ. Осы орайда қажетті соманы компаниядағы өнеркәсіптік қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағыттауға болады. Себебі жыл сайын сіздердегі апаттық жағдайлар төмендемей отыр. «АрселорМиталл Теміртауда» қалыптасып отырған ахуалға министрліктер мен кәсіподақтар назар аударуы тиіс деп ойлаймын», – деді Бақытжан Сағынтаев аталған компанияның басшысы Парамжит Калонның есеп іспетті баяндамасын тыңдағаннан кейін. Бұл біздің Үкіметтің шетелдік басқарылымындағы компания басшыларының басынан сипап, арқасынан қаққанмен бірдей ғана көрініс. Кәсіподақтың жан-айқайына құлақ түріп, жұмысшыларын тыңдап жатқан компания жоқ. Кәсіподақты айтасыз, кезінде премьер-министр болған Серік Ахметов «АрселорМиталл Теміртау» компаниясын осы апатты жағдайлар қайталана бергені үшін жарты жыл жіті тексеріңдер деп Қарағанды облысының басшылары мен барлық құқық қорғау орындарына нақты тапсырма беріп кәсіпорынды тәубасына келтіру мақсатында қыспаққа алмақшы болғаны бар. Миттал басына үйірілген бұлтты кері серпіді ме, үнділік иогодан басқа тағы бір құпия сиқыры бар болып шықты ма, ақырында Ахметовтың өзі істі болды. Тіпті Елбасының «Кеншілер мен металлургтердің артында мен тұрмын!» деп компания басшыларына сес көрсетіп, қатаң ескерту жасағаны да маса шаққан құрлы әсер етпеді Митталға. Қысқасы, Митталдың мұртын балта шаппайтынын байқадық. Лондонның төрінде жатып алып жекеменшігіндегі алып кәсіпорынды алты айлық жерден басқаратын Лакшми Митталдың жұмысшылар үшін қабырғасы қайыспайтыны баяғыдан белгілі. Ал, бізге осы өндірісте істеп жатқан біздің адамдарымыздың амандығы, саулығы керек алдымен. Өйткені, олар біздің адамдарымыз, біздің ұлттың өкілдері. Шахтаға апарып көме салатын қазақта артық адам жоқ, онсыз да санымыз өспей жатыр. Әрі-беріден соң, атақты миллиардерге қарағанда біз ақшадан гөрі адам капиталын жоғары бағалаймыз. Өндірістегі апат атаулы бір ғана кәсіпорында орын алса ештеңе емес қой. Мұндай жағдай еліміздегі басқа да салаларды жайлап алған. Үкіметтің осы отырысында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова түрлі өндіріс орындарындағы жұмыс үстінде қанша қазақстандықтың өмірі қиылғаны туралы ашық айтып берді. «Егер жыл сайынғы статистикаға сүйенсек, 1 500-ден астам жұмысшы өндірісте түрлі жарақат алады, 250-ге жуық адамның өмірі қиылады. Сонымен бірге осындай жарақаттардың 16 пайызы – құрылыс саласына, 15 пайызы тау-кен металлургия саласына тиесілі», – деді министр Үкімет отырысында. Үкіметте өткен ордалы жиында ҚР Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек бүгінде министрліктің қадағалауында 230 мыңнан аса қауіпті өндірістік нысанды қамтитын 9 мыңнан аса кәсіпорын бар екенін атап өтті. Осы санатта жерасты кеніштері мен көмір шахталары, карьерлер мен разрездер, мұнай және газ өндіру кен орындары, металлургия, сондай-ақ химия, мұнай өңдеу зауыттары, атом өнеркәсібі, магистральдық құбырлар жүйесі қамтылған нысандар бар екен. Ведомство басшысының айтуынша, соңғы жылдарда қауіпті өндірістік нысандардың апатсыз жұмысы бойынша оң қарқын байқалуда. Министр оны қай деректерден алғанын кім білсін, ол жағы күңгірттеу. «Жақсы сөз - жарым ырыс» демекші, министр Ж.Қасымбектің осы бір жағымды жаңалығы үшін де шүкір дейміз. Осы тұста «Осыншама апаттық жағдай не себепті орын алып жатыр?» деген сұрақ туындауы заңды. Біріншіден, бұл шетелдік болсын, жергілікті болсын жекеменшік кәсіпорын басшыларының тойымсыздығынан болып отыр. Өндірісті заманауи, қауіпсіз құрал-жабдықтармен жарақтауға ақша шығарғысы келмейді. Мамандарды техникалық қауіпсіздік саласы бойынша тым болмаса алғашқы сабақтарын өткізбегендіктен. Көшеден ұстап алып бірден кенішке апарып тықса, жұмысшының қандай жазығы бар? Екіншіден, салалық министрлік пен осыған жауапты басқармалар өндірістегі қауіпсіздік бағытында мүлдем жұмыс істемейді. Былайша айтқанда олардың тарапынан бақылау жоқ. Қолында қыруар құзыреті бар біздің салалық министрліктегі азусыз шенеуніктер компаниялар алдында мүлдем қауқарсыз. Неге? Өйткені кәсіпорын жоғары лауазымды бір мықтының қарауында болып шыққандықтан оның маңына жолай алмайды. Бақылау жасай бастаса өз басына бәле тілеп алады. Екінші жағынан сол тексеруге тиісті шенеунік кәсіпорын басшысымен жең ұшынан тікелей жалғасып, сол жерден пайда көріп отыруы әбден мүмкін. Әшейінде біз шетелден үлгі алғышпыз. Кейбір елде шетелдік компанияларды жергілікті заңға бағынбағаны үшін ағаш атқа теріс қаратып отырғызып, әлем алдында беделін бес тиын етіп, елден қуып жатады. Біз ше, шетелдік алыптармен айқаспақ түгіл, өзіміздің кәсіпорындарға шамамыз келмей жатыр. Өндірістегі апатты болдырмау үшін не істеу керек? Бұл орындалуы беймәлім сұрақ. Тәжірибемізге сүйенсек, мына түрімізбен біз ешқашан қауіпсіз өндіріс жасай алмаймыз. Тойымсыз кәсіпкерлерге Үкіметтің шамасы жетпесе қандай өзгерістер болуы мүмкін. Тек оларға деген қатаң талап қана тәртіп орнатуы мүмкін. Ал, тойымсыздардың тәбетін тиып, қатаң тәртіпті талап ете алатын білікті де білекті Үкіметті қайдан аламыз?.. Зейнолла АБАЖАН qazaquni.kz