Роза Бағланова мен Ермек Серкебаев бізді тыныштандырмақ болды – Желтоқсан куәгері
2017 ж. 08 желтоқсан
4963
3
Ел тағдырын шешкен 1986 жылдың желтоқсанындағы оқиға қызылордалық Айсара Қожақованың жадында әлі күнге жаңғырып тұр. Сол уақытта Алматыдағы ЖенПИ-дің төртінші курсында оқып жүрген өрімдей қыз жастардың толқуын бейбіт шеру деп ойлаға.
Желтоқсаншы Baq.kz агенттігінің өңірдегі тілшісімен әңгімелесіп, жан сырын ақтарды.
Айсара Қожақова «Қазаққа қазақ басшы керек» деп ұрандатқан жастардың толқуына қатысқан сәтін ешқашан ұмытқан емес.
«16 желтоқсан күні институттың алдына келсек, абыр-сабыр. Есікті іштен іліп алған, бізді кіргізбеді. Терезеге белгісіз біреулер «сағат 15.00-де орталық алаңға келіңдер» деген жазу қалдырып кетіпті. Сол күні, әйтеуір, сабақ болған жоқ. Жастық жалынмен алып-ұшып алаңға жеттік. Әуелгіде адам азғантай ғана еді, жұрт біртіндеп ағыла бастады. Шыны керек, бәрі мұны бейбіт шеру деп ойлады. Қазіргі Әнұранымыз – «Менің Қазақстаным» әнінен бастап қазақ әндерін бірге айтып, бірі өлең оқып, көңілді жүргенбіз. Аяқастынан алаңға сап ете қалған милиция зәре-құтымызды қашырды. Олар дыбыс зорайтқышпен «сендер нашақорсыңдар, арақ ішіп алғансыңдар!» деп мәлімдеді. Мінбеге әншілер Роза Бағланова мен Ермек Серкебаев көтеріліп, үйді-үйге тарауымызды өтініп, тыныштық бәрінен маңызды екенін жеткізді. Алайда, жастар оған да көнбеді. Қонаевтың немесе Колбиннің осы ортаға келуін талап етті. «Қазаққа қазақ басшы керек!» деп ұрандатты. Осыдан кейін қаруланған тәртіп сақшылары күшіне мінді», – дейді Айсара апа.
Солдаттар аяушылық білдірмей қазақ қыздарының шашынан сүйреп, соққының астына алды. Жігіттерді одан бетер азаптады. Поштадағы хаттар қасақана өртелді. Айсара Қожақованың да ауылына ақиқатты баяндап жазған хаты отқа оранды. Енді бəрі артта қалды. Еліміз тəуелсіздік алды. Сондықтан Айсара Қожақова жастармен жиі кездесіп, азаттықтың, бейбіт өмірдің қадірі туралы тебіренісін айтып жүр.
Ал Қазалы қалалық кітапханасының меңгерушісі Толқын Мырзалиева Желтоқсан жастарының қатарындағы батыл қыз Айсара Қожақованың əріптесі болғанын мақтан тұтады.
«Ол кісі қазір зейнетке шықты. Біздің кітапханада талай жыл қызмет етті. Жыл сайын жастармен, оқушылармен жүздесіп, тарихи оқиғаның куəгері ретінде шындықты баяндайды. Бұдан былай мұндай көтеріліс болмаса екен, еліміз мəңгілік болса екен деп тілейді», - дейді ол.