БІЗ ЖАСТАРҒА СЕНЕМІЗ
2017 ж. 30 қараша
6918
0
«Жастар – біздің болашағымыз!» деп жатамыз. Осы бір үмітке толы сөздің қаншалықты салмағы мен маңызы бар екеніне кейде терең мән бере қоймайтынымыз да бар. Жастар кейде аяғын шалыс басса, жерден алып жерге салып та жатамыз. Әрине, бұның бәрі – жастар өзіміз ойлаған, көбіміз армандаған биіктен ғана көрінсін деген игі тілектен болар. Дегенмен біз жастарға сенуіміз керек...
Мәңгілік еліміздің ертеңгі күні тізгінін ұстар - бүгінгі жастар екені айтпаса да түсінікті. Сондықтан да бала болашағына, жастар тәрбиесіне алдымен бүгінгі ата-аналар жауап береді. Оған қоса жастардың лайықты білім, саналы тәрбие алуына, өмірден өз орнын табуына мемлекет тарапынан да тұрақты қолдау қажет.
Күні кеше ғана Астанада «Қазақстан жастары - 2017» Ұлттық баяндамасы таныстырылғанына куә болдық. Бұл маңызды шарада, «Жастар» ғылыми-зерттеу орталығында Мемлекеттік жастар саясаты мектебінің сараптамасы бойынша қорытынды нәтижелер ұсынылды. Ұлттық баяндамада білім және ғылым, жұмыссыздық пен кәсіпкерлік, құқық, денсаулық, бос уақыт және қоғамдық-саяси белсенділігі салаларында жастардың жағдайына тереңдетілген талдау жасалған. Мемлекеттік жастар саясаты мектебінің бұл жолғы шарасы жастармен жұмыс істейтін мамандардың біліктілігін дамытуға және олардың «Қазақстан 2020: болашаққа жол» атты 2020 жылға дейінгі «Мемлекеттік жастар саясаты концепциясын» жүзеге асыру бойынша жоспарлар шеңберінде мемлекеттік межеленген жобаларды тиімді жүзеге асыруға арналған кәсіптік құзыреттілігін қалыптастыруға бағытталған.
Сөз жоқ, елімізде жастар ісіне арналған бағдарламалар аз емес. Оның бәрі Мемлекеттік жастар саясаты аясында қарастырылған. Мәселе соны нәтижелі іске асыруда болып отыр. Бір ғана бағдарламаларға иек артып, бәрін де мемлекеттің мойнына іліп, алақан жайып қарап отыру әсіресе жастарға жараспасы белгілі. Сондықтан да қоғам болып, бірінші кезекте жастар қауымы болып бұл істі өзіміз нақты атқаруға күш салғанымыз жөн. Ал, ондай істер бізде аз емес. Белсенді жастарымыз жер-жерлерде түрлі ұйымдар құрып, бірнеше бағыт бойынша игі істердің ұйытқысы болып жатқанын байқауға болады. Солардың бірі – Алматы қаласы Жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармасының қолдауымен құрылған «Әлеуметтік маңызы бар жобаларды іске асыру орталығы» Қоғамдық Қоры. Аталмыш ұйым қаладағы Алатау және басқа да аудандардың тұрғындарына қызмет көрсетуде. Орталық мақсаты – Алатау ауданы жастарын шығармашылыққа, салауатты өмір салтына, кәсіпкерлікке баулу. Оған қоса, жас ұрпақтың рухани дамуы үшін жастардың әлемдік және ұлттық мәдениет құндылықтарына, шет тілдеріне, өнерге, әдебиетке, дәстүрлерге ынталандырып, қатысуына жағдай жасау. Ашылған алғашқы күннен бастап Алатау аудандық «AlmatyZhastary» aтты әлеуметтік шағын орталығы аясында студенттерге, мектеп жасындағы оқушылар мен өзге де мамандық иелері атанып жүрген жастарға арналған түрлі шаралар, басқосулар ұйымдастырып келеді. «Әлеуметтік маңызы бар жобаларды іске асыру орталығы» Қоғамдық Қоры аз уақытта аралығында Алатау ауданының тұрғындарына жақсы танымал боп алды. Себебі, апта сайын ауладағы алаңқайда футбол мен теннистен жарыстар ұйымдастырылып, жас спортшыларды ынталандыруда. Орталықта ұлтымыздың құндылықтарын ұлықтайтын домбыра мен ойлау қабілетін дамытатын шахмат үйірмесі де жүргізіледі.
Алдымен айтайық, Орталық қызметінің бәрі тегін, өткізілетін шаралардың тақырыбы да әр-алуан. Заманауи, жан жақты қалыптасқан тұлға болу үшін ана тілімен қоса өзге де тілдерді меңгеру маңызды екені белгілі. «Алматы жастары» ұйымы осыны ескеріп кең қолданыстағы шетел тілі курстарын ашқан. Әсірес заңгер мен психолог кеңесі жастар арасында ғана емес, жалпы аудан тұрғындарының қызығушылығын тудыруда. Біздегі жиі-жиі жаңарып, толықтырулар енгізіліп тұратын заңдар төңірегінде түсінбеушіліктер көптеп кездеседі. Сондықтан бұл қызметті қажет етеіндердің саны артып келеді.
Техника мен технология дамыған кезеңде кітап оқитындардың саны күрт кемігені белгілі. Әйтсе де, мүлдем күдер үзуге болмайды екен. Осы орталықта кітапқұмарлар клубы да бар. Өзіңізге керекті кітапты осы орталықтан таба аласыз. Тағы бір қызығы, кітапқұмарлар өздеріне қатты ұнаған кітапты кезектесіп, алмастырып оқуды да үрдіске айналдырған. Оны да түсінуге болады, қазір кітаптар аз таралыммен шығады. Ал, бұрынғы жарық көрген классикалық туындыларды да табу қиын. Қалай болғанда да кітапқа қайта бет бұру бәрімізді қуантады.
«AlmatyZhastary» әлеуметтік шағын орталығы қай саладағы болсын өнімді еңбек пен жастардың шығармашылығына да ерекше көңіл бөледі. Орталық аясында «Тасқынcenter» атты әдеби клуб жұмыс істейді. Оның алғашқы ашылу салтанатына танымал журналистер, ақындар мен әншілер қатысып ақ жол тіледі. Белгілі әншілер Рамазан Стамғазиев, Жұбаныш Жексенұлы, Өктем Алтаев бастаған өнер майталмандары, ақын, журналистер Жұлдыз Әбілда, Айнұр Төлеу, Жадыра Нармахановалар клубтың алғашқы құрметті қонақтары болды. Қазан айында «Мамандық таңдау және жақсы маман болу жолдары» тақырыбында танымал журналист Бейсен Құранбектің шеберлік сағаты өтті. EDTECH-KZ халықаралық білім орталығының бас директоры Ғани Бейсембаев та орталыққа келіп, жастармен қызықты әңгіме өткізіп, көптеген сұрақтарына жауап берді. Бұндай кездесулердің жастарға әсері мол.
«AlmatyZhastary» әлеуметтік шағын орталығында оның жетекшісі Берік Ағыбаев бастаған Ғ.Құдайберген, Т.Көбеев, Ж.Қобландина, М.Бегімбет сынды белсенді азаматтар жұмыс істейді. Орталықтың жетекшісі Берік Қалижанұлының айтуынша, ұйым жастардың бос уақытын тиімді өткізуге, олардың жан-жақты дамуы үшін жұмыс істемек. Олардың сұраныстарына байланысты, түрлі сала мамандарымен тренингтер өткізіп, сол арқылы толыққанды, білімді маман болып қалыптасуына жол ашпақшы. Аталған қызмет көрсету орталығының басты бағыттарының бірі - жастардың жұмысқа орналасуына, кәсіптік бағдар алуға, жастар арасында кәсіпкерлікті жандандыруға бағытталған. Мәселен, «Даму» кәсіпкерлікті қолдау қоры, «Тұрғынүйқұрылысжинақбанкі», Жұмыспен қамту орталығы, «Атамекен» ҰКП сынды мекеме қызметтеркерлерінен арнайы кеңестер алуға тұрғындардың толық мүмкіндіктері бар.
Әрине, ашыла салысымен осыншама тұрғындарды тарту оңай болған жоқ. Жай хабарландару мен жарнамадан бөлек үй-үйді аралап, орталық жұмысы жайлы түсіндіруге тура келген күндер де болды. Орталық бүгін өз шекарасын кеңейте түспекші. Бір ғана Алатау ауданының жастарына емес, сондай-ақ көршілес орналасқан Жетісу мен Әуезов аудандарының жастарына да қызмет көрсету көзделіп отыр. Алматы қаласындағы өзге де жастар орталықтарымен бірлесіп, түрлі форумдар өткізу де жоспарда бар.
Ия, ең бастысы таза ниет болу керек. Ниет, ынта-ықылас бар жерде кез келген істі еңсеруге болады. Ал, мұндай адами құнды қасиеттер «Almatyzhastary» орталығы қызметкерлерінде баршылық деп сеніммен айта аламыз. «Жас келсе – іске» деп атамыз қазақ босқа айтпаған ғой. Жастардың болашағы өз қолында. Ертеңгі жарқын өмірді өз қолдарымен құратын да өздері.
«Арыстандай айбатты,
Жолбарыстай қайратты –
Қырандай күштi қанатты.
Мен жастарға сенемiн!» - деп айтқан екен Алаштың арысы, жақұт жырдың жүйрігі, атақты ақын Мағжан Жұмабаев. Біз де жастарға сенеміз!..
Өктем АЛТАЕВ, әнші, сазгер:
– Мұндай орталықтар сирек екендігі дау тудырмайды. Қала ішінен қосылып жатқан жаңа аудандар көп. Ал, бұл дәл сондай жаңа аумақта ашылған екен. Ол жерде көп бөлігі жас отбасылар екенін ескерсек, бұл өте тиімді ашылған орталық. Ғылым-білімге, рухани дамуға шақыратын орталықтардың көп болуы өте маңызды. Орталық ішіндегі үйірмелер, шығармашылық ұйымдары да нағыз қажетті дүниелер. Әрдайым табысты жұмыс істеуіне тілектеспіз.
Жұлдыз Әбділда, журналист:
Алатау аудандық «Almatyzhastary» шағын әлеуметтік орталығы ішіндегі «Тасқын» шығармашылық орталығы қазақ жастарына жетпей жатқан рухани кем-кетіктің орнын толтырады деп ойлаймын. Осындай орталықтар жұмыс істесе, «балам неге өзгерді?» демес едік. «Тасқынның» елең-алаң боп жүрген жасөспірімдер мен жастардың бетін бері қарататындай орталық болуына тілектеспін! Бала қандай ортада жүрсе, сондай болады. Өйткені, ол ортақ тіл табысу үшін де сол ортаға бейімделеді. Жастардың патриот болып өсуіне ортаның ықпалы орасан зор болғандықтан, осындай орталықтар көбейе берсе екен деймін.
Зейнолла АБАЖАН
qazaquni.kz