ҒАЛЫМ ӘЙЕЛДЕР ЛАТЫН ӘЛІПБИІН ЕНГІЗУГЕ КҮШ САЛАДЫ

Қазақ тілін латын әліпбиіне көшіру мәселесі біздің елде бұрындар да көтерілгенімен, дәп соңғы кездегідей қызу талқыланған жоқ-ты. Зиялы қауым бастаған, қатардағы қарапайым халық қолдаған талқылау Елбасы жарлыққа қол қойса да, әлі де толастар емес. Латын әліпбиіне көшу әлемдік қауымдастық қатарына қосылып қана қоймай, өз тәуелсіздігіміздің де тағы да бір белгісі болмақшы. Осыған орай қолданысқа латын әліпбиін енгізу жөніндегі үкіметтік комиссия құрылып жұмыс істеп, алғашқы отырыстарын өткізіп үлгерді. Бұл маңызды мәселе қоғамдық ұйымдарда қазір де қаралып, өз ұсыныстары мен пікірлерін білдіріп жатыр. Астанадағы Ұлттық академиялық кітап­ха­нада «Қазақстандық ғалым әйелдер қо­ғамы» бірлестігінің ұйымдастыруымен Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің, М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің қолдауымен ғалым әйелдердің «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: латын графикасына көшу үдерісінің тарихи маңызы және оның қолданысының әдістемелік тұрғыдан қамтамасыз етілуі» атты Халықаралық форумы өтіп, салиқалы әңгіме болды. Дөңгелек үстел форматында өткен басқосуға әртүрлі салада жемісті еңбек етіп жүрген ғалымдар қатысты. Шараны бірлестік төрайымы, филология ғылымдарының докторы, профессор Таңат Аяпова жүргізіп, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың латын әліпбиіне көшу бастамасын қолдайтынын, қазақстандық ғалым әйелдер латын әліпбиіне тезірек көшудің әдістемесін ұсынып, елге қалай насихаттау маңыздылығын талқыға салды. «Қазақстандық ғалым әйелдер қоғамы» бірлестігінің құрылғанына көп бола қоймаса да бірқатар шаралар өткізіп, жұртшылықтың назарына бірден іліккен қоғамдық ұйым. Көктемде «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: Әйел. Қоғам. Білім және ғылым» атты халықаралық симпозиум өткізген болатын. Сол жолы елімізден және шетелден белгілі ғалымдар Қазақстанның ғылыми әлеуеті, қоғамдық жаңғыру, білім сапасын жетілдіру, еліміздің дамуына үлес қосудың әртүрлі бастамалары мен әдістемелерін әңгімеге арқау еткен-ді. Астанада өткен бұл жолғы ауқымды форум соның жалғасы секілді. – Көктемдегі симпозиум Президенттің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласына орай әрі бірлестіктің ресми құрылғандығын елге жеткізу аясында өткен еді. Елімізде 400 мыңға жуық ғалым әйел бар екен. Олардың мүддесін, ойын, ұстанымын, өзара пікірлесу алаңын қалыптастыратын орта керек екені көптен бері ойымда жүрген еді. Шетелдерге барғанда ғалым әйелдер бірлестігі секілді үкіметтік емес ұйымдардың белсенді қызмет ететінін байқадым. Сонау 90-жылдардың өзінде Америкада ғалым әйелдер бірлестігі бар болатын. Олар сол елдегі әрбір жаңалыққа дер кезінде үн қатып, өздерінің пікірлерін білдіріп отырады екен. Ал олардың пікірімен, көзқарасымен жоғары билік те, жергілікті әкімшілік те санасатын көрінеді, – дейді белгілі ғалым Таңат Аяпова. Форумда латын әліпбиіне көшуді талқылағанмен, оған жалпы ел болып, әсіресе ғылым мамандары жұмыла нақты үлес қосу керектігін баса айтылды. Латын әліпбиі арқылы біз қандай игіліктерге жетеміз, оның бүгінгі күні нақты қандай маңызы бар, әліпбиге көшу барысында қандай кедергілер, ғылыми түйткілдер жолығуы мүмкін, оны қалай шешуге болады деген сұраққа жауап ізделді. Осыған байланысты жақсы идеялар, оңды бастамалар, жаңа көзқарастар айтылды. Қазақ тілін латын графикасына көшірудің бірнеше нұсқалары ұсынылғаны белгілі. Қазір ел әртүрлі пікір айтып жатыр. Ол нұсқалардың қандай олқылығы немесе артықшылығы бар? Латын графикасында қазақтың төл дыбыстарын белгілеу бойынша да бірнеше нұсқа ұсынылғанын білеміз. Дәл қазір осы нұсқа түбегейлі түрде белгіленді деген берік байлам, тиянақты шешім айту ертерек шығар. Арнайы комиссия әлі де талқылап, қарап жатыр. Кез келген пікір, идея, ұсыныс ескерілетіні айтылды. Тіл ғалымдарының текке қарап отырмағаны анық. Апострофтары бар нұсқаны әлі де жетілдіру керек шығар. Осы төңіректегі түпкі ойлары мен ұсыныстарын ғалым әйелдер қауымдастығы мүшелері осы форум аясында жан-жақты айтып жеткізуге тырысты. Форум барысында белгілі педагог, Қазақстанның Еңбек Ері Аягүл Миразова құттықтау сөз сөйледі. «Елбасының стра­тегиялық жолдаулары мен мақаласында қазақ жазуын латын графикасына көшіру сатылап жүзеге асырылатыны айтылған. Тілімізді дамыту және әлемдік ақпараттық кеңістікке шығару үшін латын графикасы бізге ауадай қажет екенін қоғамға, жалпы халыққа түсіндіру үшін зиялы қауым өкілдері мен қоғам қайраткерлері атсалысуда. Мен тіл мамандарына ризамын, олар өте жақсы белсенділік танытты», деді А.Миразова.  Шараға қатысқан ғалымдардың көпшілігі латын әліпбиін тез үйретудің жолдарын айтып, әдістеме жасау жайына тереңірек тоқталды. Біреулер латын әліпбиіне өткеннен қандай пайда бар деп ойлайды. Жаһандану кезеңі біртұтастық ішінде өзіңді сақтау. Оқшау қалу, оңаша кету мүмкін емес. Латын әліпбиіне көшкеннен соң бәрі бірден ойдағыдай болып кетуі мүмкін емес. Ғылымды, технологияны игеру арқылы ғана алға озамыз. Ол үшін сананың жаңғыруы керек. Латын әліпбиі бізді заманауи жаңалықтарға, технократтық заманға бейімдейді. Бұл бастаманың игілігін бір күнде емес, біраз жылдан соң көруіміз мүмкін. Қалай десек те латын әліпбиіне көшуді халықтың басым бөлігі қолдап шықты, енді оны іске асыратын нақты жұмыстар күтіп тұр. Астанада өткен басқосуда «Қазақстандық ғалым әйелдер қоғамы» елге арнап үндеу жолдады. Қазақстандық ғалым әйелдердің көзқарасы толық қамтылған үндеуді де назарларыңызға ұсынғанды жөн көрдік. ҚАЗАҚСТАН ҒАЛЫМ ӘЙЕЛДЕР ҚОҒАМЫНЫҢ ҮНДЕУІ Қымбатты қазақстандықтар! Елбасымыз Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламасына сай мемлекеттік тілдің латын графикасындағы әліпбиінің бірыңғай стандартын енгізу мәселесі бүгінде барша қазақстандықтардың, оның ішінде ғылыми қауымның назарында. Қазақстан ғалым әйелдері қоғамының «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: латын графикасына көшу үдерісінің тарихи маңызы және оның қолданысының әдістемелік тұрғыдан қамтамасыз етілуі» атты халықаралық ғылыми форумы өз жұмысында – латын графикасына көшу үдерісінің тарихи маңызы, қазақ тілі төл әріптерінің латын графикасында белгіленген жолдары, латын әліпбиіне көшу үдерісінің әдістемелік тұрғыдан қамтамасыз етілуі және оның қолданысының перспективалары тақырыптарында ой бөлісіп, өзіндік пікірлерін білдірді. Атап айтар болсақ, қазақ тілінің төл әріптерін латын графикасында белгілеудің ұсынылған варианттары талқыланып, жаңа ұсыныстар айтылды. Латын әліпбиіне көшудің әдістемелік тұрғыдан қамтамасыз етілуі мәселесі және болашақта атқарылатын істер айқындалды. Қазақстандық ғалым әйелдер қоғамы мемлекеттік тілдің латын графикасына көшуін іске асыру үшін ғылыми талдаулар мен тұжырымдар әзірлеуде өз білімдері мен біліктіліктерін жұмсауға әзір екендіктерін білдірді. Латын әліпбиіне көшу – қажеттіліктен туындаған уақыт талабы екендігін түсіне отырып, білім мен ғылым саласында және қоғамның басқа да салаларында жаңа графиканың еш зиянсыз енуіне ат салысамыз. Себебі, қазақ жазуына латын графикасын енгізу еліміздегі көп тілділіктің дамуына жағдай жасайды. Қазақстанның әлемдік экономика мен коммуникацияларға, ғылым мен мәдениетке интеграциялануы үшін, экономикалық даму және ынтымақтастық ұйымына кіру үшін, қоғам өмірінің барлық салаларын цифрландыру принципінде үшінші жаңғырту жүргізу үшін ұзақ мерзімді әсер бере алады. Бұл инвесторлармен шетелдік туристерге және Қазақстанға қызығушылық танытқандардың барлығына біздің елімізді қолжетімді де тартымды ете түседі. Заманауи қазақстандық ғылыми жетістіктерді жаһанда ілгерілету үшін жаңа перспективалар ашады. Шетелде тұратын отандастарымыз үшін ана тілі мен жазуды дамытудың, тарихи отанымен жақындасудың жаңа мүмкіндіктері пайда болады. Латын әліпбиін енгізу – еліміздің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға және Қазақстанның әлемнің неғұрлым дамыған елдерінің «отыздығына» енуіне бағытталған, жаңғырту реформаларына толығымен сай келетін және олардың ажырамас бөлігі болып табылатын прагматикалық сындарлы қадам болып табылады. Біз еліміздің барлық азаматтарын мемлекеттік тілдің жаңа әліпбиін талқылау және қабылдау бойынша жұмысты қолдауға, қуатты да өркендеген Қазақстанды құруымыз үшін Мемлекет басшысының осы бастамасын тиімді іске асыруды қамтамасыз етуге шақырамыз! Латын әліпбиі – әлемдік ғылыми кеңістікке енуге апаратын жол! Нұрлан ТОҚТАР qazaquni.kz