ҮШТІЛДІЛІК ЖҮЙЕСІ БІЛІМ САЛАСЫН БИІККЕ БАСТАЙДЫ
2017 ж. 30 қараша
23107
4
Еліміздің болашақ бағдарының оң болуы үшін Елбасымыз «Бәсекелестік қабілет», «Үш тілде білім беру»,«Компьютерлік сауаттылық», «Шет тілдерін білу», «Мәдени ашықтық» сияқты факторларға ерекше көңіл бөлуді ұсынады. ХХІ ғасырға лайықты ізгі қасиеттерге ие болу – бүгінгі таңдағы әрбір жеке тұлғаның алдында тұрған асыл міндет. Қазіргі кезде адамның кәсіби шеберлігіне, білім өрісіне, зиялылық және танымдылық деңгейіне жаңа технология дәуірінің өзі биік талаптар қойып отыр. Өткеннен сабақ ала отырып, болашақтың қоржынына өзіміздің халықтық қасиетімізбен, жаңарған болмысымызбен, терең ой-санамыз, сапалы дүниелерімізбен үлес қосу – жаһандану кезеңінінің табалдырығында тұрған біздер үшін аса маңызды іс. Елбасының сөзімен айтқанда, «Білімді, көзі ашық, көкірегі ояу болуға ұмтылу – біздің қанымызда бар қасиет».
Сондай-ақ, Мемлекет басшысы: «Мысалы, компьютерлік сауаттылық, шет тілдерін білу, мәдени ашықтық сияқты факторлар әркімнің алға басуына сөзсіз қажетті алғышарттардың санатында. Сол себепті, «Цифрлы Қазақстан», «Үш тілде білім беру», «Мәдени және конфессияаралық келісім» сияқты бағдарламалар – ұлтымызды, яғни барша қазақстандықтарды ХХІ ғасырдың талаптарына даярлаудың қамы». Елбасы «Қазақстан – 2050» стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауында «Біз ағылшын тілін игеруде серпіліс жасауымыз керек» деген. Демек, ағылшын тілін білмей, заман талабына лайықты, бәсекеге қабілетті тұлға қалыптастыруға толық қол жеткізе алмаймыз.
Аталмыш мәселе Қазақстан үшін ғана емес, бүкіл әлемнің алдында тұрған көкейтесті мәселелердің бірі, себебі, жаһандандыру және киберкеңестікке шыққан заман тілдерді білуді талап етеді. «Үш тілде білім беру» саясаты қазіргі таңда балабақшадан бастап, мектеп, арнаулы орта, жоғары оқу орындарында жүзеге асырылып жатыр. Балабақша, мектептен бастап, ағылшын тілін меңгеріп жатқан жеткіншектерге бұл үдеріс аса қиындық тудырмайтыны да анық. Елбасы Қазақстан халықтары Ассамблеясының 12 сессиясында сөйлеген сөзінде: «Қазақстандықтардың жас ұрпағы кем дегенде үш тілді білулері тиіс: қазақ, орыс, ағылшын тілдерін еркін меңгерулері қажет» деп, Еуропадағы мектеп түлектері мен студенттерінің өзара бірнеше тілде еркін сөйлесулері қалыпты үдеріске айналғандығын баяндады. Сондықтан, кем дегенде үш тілді меңгеру – бүгінгі дәуір талабына айналып отырған қажеттіліктердің бірі болып саналады. Бүгінде елімізде ағылшын тілді мамандарды даярлау ісіне ерекше мән беріліп, ағылшын тілін үйрететін топтар, үйірмелер көптеп ашылуда. Оның жүзеге асырылуына «Тілдердің үш тұғырлылығы» мәдени жобасының септігін тигізіп отырғаны баршаға аян. «Қазақстан бүкіл әлемде үш тілді пайдаланып жоғары білімді ел ретінде танылуға тиіс. Бұлар, қазақ тілі – мемлекеттік тіл, орыс тілі – ұлтаралық қатынас тілі және ағылшын тілі – жаһандық экономикаға ойдағыдай кірігу тілі» деп Елбасымыз өз жолдауында айтып кеткендей, ағылшын тілі бірінші дүниежүзілік әмбебап тілі болып табылады. Осы уақытта әлемдегі көптеген елдер ағылшын тілінде қарым-қатынас жасайды. ХХІ ғасырда қазақ елінің биік белестерге көтерілуі бағытында қазіргі заманда жаһандық тіл болғандықтан, ағылшын тілін меңгеру күн тәртібінің басты мәселелерінің қатарында тұр.
Мұның басты себебі, Қазақстан дамыған мемлекеттермен терезесі тең түрде озық болып, алға шығуы мақсатында қазіргі жетістіктерімен шектеліп қалмау үшін де көптілділікке ұмтылуда. Өйткені, табысты ел болуымыз үшін еліміздің барлық рухани құндылықтарын насихаттап, өнері мен мәдениетін, тарихын, біліктілігі мен сауаттылық деңгейін әлемге танытып, алпауыт мемлекеттермен тереземізді теңестіруге апаратын қарышты қадамдардың бірі – көптілділік мәселесі болып отыр. Сондықтан жаһандану дәуіріндегі үштұғырлы тіл саясатын жүзеге асырудың осындай тиімді тұстары өте көп.
Үштілділік үдерісіне толықтай өтіп, әлемдік деңгейдегі даму кеңістігіне дендей ену – қазіргі қажеттіліктердің бірі. «Тілдерді қолдану мен дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының» басты мақсаты – қазақ тілінің мәртебесін көтеру, мемлекеттік мекемелерде іс-қағаздарды қазақ тілінде жүргізу, ағылшын тілін меңгерту, орыс тілін жетік білу, яғни, үш тілде білім берудің сапасын арттыру.
Үш тұғырлы тіл:
әлемдік даму кеңістігіне бетбұрыс
Білім саласындағы үштілділік жүйесі ел болашағының жарқын кепілі. Сондықтан да бұл бағытта қарқынды жұмыс жүргізілуде. Басты мақсат – оқушылардың тілді жақсы меңгеруіне жағдай жасау. Өзге тілде оқитын мектептердегі балалар қазақ тілін, қазақ мектептегі балалар орыс тілін жақсы меңгеріп шығуына мүмкіндік туғызу. Сондай-ақ ағылшын тіліне тек арнайы мектептің оқушылары ғана емес барша қазақстандық балалар жетік болуына жол ашу. Бұның біздің балаларға не пайдасы бар? Ағылшын әлемдік қарым-қатынас тілі ғана емес ғылым мен технология, алдыңғы қатарлы ілімнің тілі болып отыр. Көптеген ғылыми кітаптар ағылшын тілінде жарық көреді. Олардың аударылуын күтіп отырсақ, жаңалықты кеш біліп, тақырыптың өзектілігін жоғалтып аламыз. Елдегі алдыңғы қатарлы жоғары оқу орындарында сабақ ағылшын тілінде жүреді. Ол білім ордаларының басшылары шет елдің үздік профессорларын шақыртып, студенттерге олардың тәжірибесін алып қалуына жағдай жасайды.
Бұл тұрғыда «Мектептерде үш тілде оқыту жүйесі қалай жүзеге асып жатыр?» деген сауалдың туындайтыны да жасырын емес. Ендігі жерде біз бұл сұрақтың жауабын Білім және ғылым министрлігінің Мектепке дейінгі және орта білім департаментінің директоры Шолпан Каринова берсе...
«Үш тілде білім беру моделіне өту 2013 жылы қолға алынған болатын. Ол кезде біздің оқушылар ағылшын, орыс, қазақ тілдерін бірінші сыныптан бастап оқи бастаған еді. Бұл әдістің мәні – қазақ, орыс, ағылшын тілдерінің мақсатты түрде таңдалғанында. Яғни, осы тілдерді толық меңгеріп шығуды көздейді.
Бұл модель бойынша 2019-2020 оқу жылдарында қазақ мектебінің 1 мен 9 сынып аралығындағы оқушылары үш пәннен басқасын тек қазақ тілінде өтетін болады. Ол: «Орыс тілі мен әдебиеті», «Дүниежүзі тарихы» (5-сыныптан басталады, орыс тілінде өтеді) және «Ағылшын тілі» (1-сыныптан бастап). Орыс мектептерінде де осы тәртіп: 1-сыныптан бастап 9-сыныптарға дейін «Қазақ тілі мен әдебиеті», «Қазақстан тарихы» (5-сыныптан бастап) және «Ағылшын тілінен» (1-сыныптан бастап) басқа пәндер орыс тілінде өтеді. Тоғызыншы сыныптан кейін барлық мектеп оқушылары «Информатика», «Химия», «Физика», «Биология» және «Ағылшын тілін» ағылшын тілінде өтеді.
Жаратылыстану ғылымы бағытындағы төрт пәнді ағылшын тілінде оқыту жайлы шешімді мектептегі педагогикалық кеңес пен ата-аналар комитеті алқа мәжіліс жасай отырып шешеді. Ол жерде оқушылардің пікірі мен педагогтардың мүмкіндігі де ескеріледі. 2018 жылы ата-аналар, оқушылар және ағылшын тілінде сабақ беруді бастап кеткен ұстаздардың қатысуымен үлкен талқылау болады. Біз олармен кездесу үшін облыстарды аралаймыз. Тек осыдан кейін ғана ағылшын тілінде сабақ өткізудің ақырғы кестесі жасалады», – дейді Шолпан Каринова.
«Ұстазы жақсының ұстамы жақсы» демекші, шәкіртінің білімді болмағы мұғалімінің біліктілігіне тікелей байланысты екені даусыз. Сондықтан да еліміз бойынша бұл бағытта атқарылған ауқымды істер әңгіме өзегіне айналдыруға тұрарлық. Оқырман қауымға түсінікті болуы үшін әріден бастасақ. Атап айтқанда, 2012 жылдан бастап 42 жоғары оқу орнында ағылшын тілінде оқытатын топтар құрылған-ды. Арнайы 2393 топта 18006 адам оқиды. Бакалаврда – 16121, магистратурада – 1662, докторантурада – 223. Педагогикалық бағытта – 4749 адам: оқып білім алады. Оның ішінде бакалавриатта – 4581, магистратурада – 153, докторантурада – 15 адам оқиды. «Физика», «Химия», «Информатика», «Биология», «Тарих» пәндері бойынша 1710 адам оқып жатыр. Жыл сайын шамамен 427 түлектің диплом алып шығатынын ескерсек, мұғалім тапшылығы туындамайтыны сөзсіз.
Үш тілде білім беру аясында оқыған түлектер саны 2008 жылдан бері 7 983 адамды құрады. Олардың ішінде: бакалаврда – 6 677, магистратурада– 1 230, докторантурада – 76 адам бар. Ал бітірген түлектердің 4 мың алты жүз тоқсан алтысы (58,5%) жұмысқа орналасқан. Атап айтқанда: бакалавр бітірген 3522 адам, магистратура бітірген 1 102 адам, докторантура бітірген 72 адам. Мұнымен қатар, педагогикалық жоғары оқу орындарында көп тілде білім алатын топтар бар. Абай атындағы ҚазҰПУ – 17 топ (191 адам), ТарМПИ – 19 топ (238 адам), ПМПИ – 57 топ (519 адам), ОҚМПИ – 19 топ (255 адам), ҚМПИ – 22 топ (111 адам), ҚазМЕМҚызПИ – 10 топ (58 адам). Еліміздің маңдайалды ЖОО-дағы көрсеткіш әзірге осындай. Ал келешекте бұдан әрі еселене түсері анық. Демек, алдағы уақытта маман кадрлардың жетіспеушілігі туындамайтыны анық.
Үштілділік жүйесінің артықшылықтарына тоқталып өтсек, басты мақсаты – болашағы жарқын, әлемдік білім кеңістігіне лайықты, жан-жақты білімді, бәсекеге қабілетті, мәдениетті тұлғаны қалыптастыру болып табылады. Сол үшін үштілділік – бәсекеге қабілетті табысты елдердің санатына апарар соны соқпақтардың бірі екендігі ақиқат.
Еліміздің жастары ЖОО-на түскен кезде және басқа ұлттармен қарым-қатынас жасаған кезде тілдік әрі психологиялық кедергіні сезінбеуі қажет. Қазақстанның әрбір азаматының әлемдік бәсекеге қабілетті болып, ІТ-технология, биомедицина, кибернетика және адамзат ақыл-ойының жетістіктеріне қол жеткізуі мақсатында үш тұғырлы тіл саясатына түсіністікпен қарауы керек. Сондықтан көптілділік, үш тұғырлы тіл ұлт келешегінің бағдаршамы екендігін әрқашан әрқайсымыздың қаперімізде болғаны абзал.
Үштілді оқыту үрдісін енгізудің көптеген артықшылықтары бар. Халықаралық қатынас тілі ретінде ағылшын тілін білу бүгінгі таңда қажеттілік болып табылады. Үштілділікті енгізу білім беру үдерісінен мемлекеттік тілді ығыстырып шығармайды әрі ол қазақ тілінің даму аясын кеңейтеді. Біз үштілде білім беруді еліміз үшін стратегиялық мәні ерекше құбылыс деп білеміз. Ендеше, үш тілді оқыту-жастардың білім кеңістігінде самғауына жол ашатын, әлемдік білім құпияларына үңіліп, өз қабілетін көрсетуге жағдай жасайтын бүгінгі күнгі басты қажеттілік деп санаймыз.Кейбір мамандардың айтуынша ақпараттық техниканың дамыған заманында тілді үйрену қиындық тудырмайды, қайта көп тіл білу арқылы көптеген қайнарларға кезігеміз. Белгілі тілші-ғалым Б.Хасанұлының: «...Қазақ баласы әуелі отбасында қазақы рухпен тыныстап, ана тілінің нәрлі уызына қанып, ұлттық рухани тәрбиенің қайнар бұлағынан сусындап өсуі керек. Алғашқы тәрбиені ана тілінде қабылдап, қазақы қасиетпен жетілген бала кейін қандай ортада жүріп, қанша тіл үйренсе де, өз тілін ұмытпайтын, ұлттық қасиетінен көз жазып адасып қалмайтын болады... Яғни, тірек мықты. Тілі ана тілде сайрап тұрғандықтан, ешкім оған балта да шаба алмаған» деген пікірі жоғарыда айтылған сөздерімізге дәлел болмақ.
Жаһандану жағдайында ағылшын тілін еркін меңгеру инновациялық технологияларды игеруге, ғылыми идеяларды және білім бағдарламаларын жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Ұлттың дамып, «Мәңгілік ел» қатарына қосылу үшін бірінші кезекте ұлттық кодыңды сақтай отырып, жаһандану дәуіріне өзіндік ұлттық ерекшелігімен дендей еніп, әлем мойындар бәсекеге қабілетті озық елдердің қатарына қосылу. Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» тұғырнамасында таяудағы он жылда біздің өмір салтымыз, адами қатынас тәсілдері, барлығы түбегейлі өзгеруі мүмкін екендігін әрі қазақстандықтардың әрдайым осы түбірлі өзгерістерге дайын болу қажеттілігі ескеріледі. Бұл – баршамыздың әрқашан жаңа жүйелер мен өзгерістерге, жаңаруға дайын болуымызды есімізге салады. Осыдан келе жаһандық әлемге еркін кіруіміз үшін осындай аталмыш ауқымды мәселелерге немқұрайлы қарамау қажеттілігі туындайды. Ел Президенті айтқандай: «Өзімдікі ғана таңсық, өзгенікі – қаңсық» деп кері тартпай, ашық болу, басқалардың ең озық жетістіктерін қабылдай білу, бұл – табыстың кілті, әрі ашық зерденің басты көрсеткіштерінің бірі».
Сөз соңында, қанша тілді меңгерсең де, қанша әлемдік мәдениеттің биік өнертабысына қол жеткізсең де, өзіңнің ұлттық кодыңды сақтап, ұлтымыздың мәңгілік байлығы – туған тұғырлы тіліміз бен халықтық құндылықтарымызды ешқашан ұмытпауымыз керектігі әрбіріміздің жадымызда жүруге тиісті.
Дәурен МҰХАМАДИЕВ,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі
qazquni.kz