КЕДЕНШІГЕ КЕДЕЙЛІК КЕЛІСПЕЙДІ
2017 ж. 17 қараша
4462
1
Кеденшілердің шетінен байып жатқанын айтқан депутат Владислав Косаревтың мәлімдемесі Мәжілісте қып-қызыл дауға ұласты.
Кеденшілердің дүние-мүлкі үшін депутат пен шенеунік өзара шекісіп, қызыл кеңірдек бола жаздады.
Коммунист В.Косарев бұл сөзін дәлелдеу үшін, тіпті, шекарадағы бекеттерді журналистермен бірге аралауға дайын екенін айтып салды. Мәжілісменнің бұл сөзі Мемлекеттік кірістер комитетінің басшыларына ұнамай қалды.
Ұлттық экономика мен Қаржы министрлігі Мәжіліске Еуразиялық экономикалық одақ аясында жұмыс істейтін Кеден кодексін алып келген-ді. Онда операцияларды автоматтандыру, экспорт-импортқа қатысты рұқсат беру, тексеру жүйесін барынша жеңілдету қарастырылған. Мәселен, тауар таситын кәсіпкерлер бұрынғыдай декларацияны бірнеше рет қағазбен емес, енді электронды түрде толтыра алады.
Төменгі палата кеден саласындағы осы жаңа тәртіпке еш қарсылық білдірмей, бірден бекітіп берді. Депутаттарды мәселенің басқа жағы алаңдатты.
– Кеше ғана жұмысқа тұрған кеден қызметкерлері қымбат көлік мініп жүр. Ал екінші жылы жұрттың көзін қызықтырып зәулім үй салады. Мен желкемізге жабысқан жемқорлық жайлы айтып отырмын, – деді Косарев.
Кеденшілердің орташа жалақысы 100 мың теңге екен. Ал бұған екі жылда зәулім үй салып, қымбат көлік міну мүмкін бе? Бұл сұраққа отырыс аяқталған соң Мемлекеттік кірістер комитеті төрағасының орынбасары Ғосман Әмірин жауап берді. «Зәулім үй салуға болады» деген Әмірин етқызулықпен артық сөйлеп қойғанын сезді ме, іле-шала сөзінен тайқып, біреудің дүниесін санауды мәдениетсіздікке балады.
– Иә, кеден қызметкерлерінің арасында ондай бар шығар. Бірақ өзім айта алмаймын. Бір кеденші тапсаңыз көрсетіңіз. Егер Косаревтың айтқаны келіп бір айда машина алса, екі айда коттедж салса мен одан кешірім сұраймын, – деді ақырында Ғ.Әмірин.
qazaquni.kz