ӘЙЕЛДЕР ЖӘБІР КӨРГЕНІН АЙТУДАН ӘЛІ ДЕ ЖАСҚАНАДЫ
2017 ж. 05 желтоқсан
2330
0
Қазіргі таңда әйелге зорлық-зомбылық, балаға қатыгездік көрсету – әлі де тыйылмай отырған әлеуметтік күрделі мәселе. Шаңырақтағы ұрыс-жанжал, әйел мен бала саудасы, педофилия – мұның бәрі де әлем бойынша көрініс тауып отырған маңызды тақырып екендігі де ақиқат. Оған қарсы күрес іс-шаралары да күн тәртібінен түскен емес.
Қазақстанда сонау 1999 жылдың өзінде-ақ Елбасының бастамасымен ішкі істер органдарының құрамында, аудандық деңгейге дейін әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау бойынша арнайы бөлімшелер құрылған болатын. Қазақстан бұрынғы кеңестік аумақта осындай бөлімше құрған жалғыз мемлекет болып табылады.
Алматыда гендерлік саясат тақырыбы шеңберінде тренинг өткізген «БҰҰ-әйелдер» құрылымының сарапшысы, экономика ғылымының кандидаты Әлия Ілиясова мен ҚР Ұлттық экономика министрлігі Статистика жөніндегі комитеті Әлеуметтік және демографиялық статистика басқармасының бас сарапшысы Айнұр Досанова біраз жайтты тарқатты.
– «БҰҰ-Әйелдер» бізге әйелдер мен ерлердің құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейту, бала туу жасындағылардың денсаулығын нығайту, тұрмыстық зорлыққа қарсы тұру секілді мәселелерді оң шешуге көмектеседі, – деді олар.
Қазақстанда зорлық-зомбылыққа ұшыраған әйелдер саны: 2011 жылы – 78 503, ал 2016 жылы – 124 298. Байқап отырғандарыңыздай, екі аралықтағы көрсеткіш едәуір өсіп кеткен. Бұл ресми деректі сарапшы Әлия Ілиясова келтірді.
Өкінішке қарай, біздің елде тұрмыстық ұрыс-керіс жеке бастың жағдайы ретінде ғана қаралып, көбіне ерлі-зайыптыны татуластырумен тәмамдалады. Татуласудың ертеңі – тағы таяқ жеу. Әйелдер, әсіресе, қазақ әйелдері жәбір көргенін, таяқ жегенін айтудан әлі де жасқанады, ұят санайды.
Психологтардың айтуынша, егер ер адам бір рет қол көтерсе, ол бұл әрекетін міндетті түрде қайталайды. Тіпті, себепсіз таяқ жейтін әйелдер де көп көрінеді. Күйеуінен теперіш көретін әйелдер үнемі қорқыныш пен күйзелісте күн кешеді екен.
Ал отбасындағы сол зорлықты жиі көретін баланың халі нешік? Оны да айтайық: ондай жеткіншек өз қатарластарына қарағанда жалтақ, қорқақ, тез шаршайтын, күйзеліске ұрынғыш, өзін төмен бағалайтын, агрессияға бейім болып өседі. Енді мына мәліметке назар аударыңыз: ата-ананың агрессиясынан баланың агрессиясы он есе күшті болатын көрінеді. Яғни ұрыс-жанжалды көріп өскен бала әкесінен он есе ашуланшақ, он есе қатыгез болып шығады деген сөз.
Сондықтан еліміздегі «БҰҰ-Әйелдер» құрылымы да зорлық-зомбылық құрбандарына (оның ішінде балалар да бар) қолдау көрсету шараларына, тұрмыстық-отбасылық құқықбұзушылықтардың алдын алу және кеңес беру, сарапшылық көмек көрсету, аймақтарда түрлі іс-шаралар өткізу бойынша жұмыстарға белсенді қатысуда.
Н. Әлішева, Алматы ақшамы