ЗЕЙНЕТАҚЫ ҚАРЖЫСЫ ЖЕКЕ КОМПАНИЯЛАРДЫҢ БАСҚАРУЫНА БЕРІЛЕДІ
2017 ж. 23 қараша
3454
0
ҚР Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев зейнетақы қаржысын жеке компаниялардың басқаруына беру мерзімін атады. Бұл жайында Премьер-Министрдің депутаттық сауалға берген жауабында мәлім болды.
«Аталған мәселені егжей-тегжейлі пысықтау үшін жеке басқарушы компаниялардың басқаруына зейнетақы активтерін беру бойынша шараларды орындау мерзімі 2018 жылдың соңына дейін белгіленді»,–деп атап өтілген сауалға берілген жауапта. Үкімет басшысы ҚР Ұлттық банкі жеке басқарушы компанияларға зейнетақы активтерін беру тұрғысында ұсынысты әзірлегенін еске салып өтті. 2016 және 2017 жылдардың барысында бұл ұсыныстар Экономикалық саясат жөніндегі кеңесте бірнеше мәрте талқыланды, сондай-ақ қазіргі уақытта Қзақстанның қаржы ұйымдарының қауымдастығы алаңында бизнес-қоғамдастықпен талқылануда. Зейнетақы активтерін ішкі нарықтағы жеке басқарушы компаниялардың басқаруына беру рәсімдерін анықтаумен қатар, Ұлттық банк зейнетақы активтері бөлігінде индекстік инвестициялау үшін шетелдік басқарушыларды тарту бойынша жұмыстарды жүргізуде. «Қазіргі уақытта жаһандық акциялар мен облигациялардың мандаттары бойынша шетелдік басқарушы компаниялардың сыртқы басқаруына зейнетақы активтерін беру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Ол компаниялар -Қазақстанның Ұлттық қорының активтері және Ұлттық банктің алтын-валюта активтерінің сыртқы басқарушылары. Сондай-ақ, «Жаһандық белсенді акциялар» мандаты бойынша жаңа сыртқы басқарушыларды таңдау жұмыстары жүргізілуде», – делінген Сағынтаевтың жауабында. Зейнетақы активтерін сыртқы басқаруға беруді ағымдағы жылдың соңына дейін бастау жоспарлануда.
qazaquni.kz