АУЫЛ ТҰРҒЫНДАРЫНЫҢ МҮМКІНДІГІ АРТТЫ
2017 ж. 17 қараша
3454
0
Қазақстанның батыс аймағында орналасқан Ақтөбе облысы жер көлемі жағынан еліміз бойынша ең ірі өңірлердің бірі. Ел экономикасына қосар бұл облыстың үлесі де өте зор. Ежелден бері ауыл шаруашылығы дамыған аталмыш аймақта жерасты пайдалы қазбаларының мол қоры бар. Басқасын айтпаған күннің өзінде сапалы хром өндіру бойынша әлемде жетекші орында келе жатқаны белгілі. Ақтөбе қаласындағы ферроқорыту зауыты Қазақстанның ең байырғы кәсіпорындарының бірі. Облыста өндірістің түрлі салаларын дамытып, жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндіктер зор.
Әрине, алдында айтқан мүмкіндіктерді жүз пайызға пайдаланып жатпаса да Ақтөбе облысы еліміздің көптеген аймақтарына қарағанда алда келе жатқан өңір. Оны көптеген көрсеткіштермен жақынырақ таныссақ көз жеткізуге болады. Біздің бүгінгі әңгімеміз тұрғындардың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын жақсартуға арналған мемлекеттік бағдарламалардың орындалу барысы жайында болмақ. Солардың бірі - шартты ақшалай көмектің «Өрлеу» жобасы. Ол халықтың аз қамтылған санатын тікелей әлеуметтік қолдау бағдарламасы болып табылады.
Адамдардың еңбекке деген ынтасын арттыру және аз қамтылған азаматтарды әлеуметтік жағынан қорғауды күшейту мақсатында 2015 жылдың 1 шілдесінен бастап республиканың барлық аймақтарында пилоттық негізде «Өрлеу» жобасы енгізілгені белгілі. Жобаның нақты мақсаты – аз қамтылған отбасылардың табысын арттыру, оларды өзін өзі қамту деңгейіне шығаруға ықпал ететін әлеуметтік оңалту. Аймақта бұл жоба 2015 жылдың 1 шілдесінен бастап Ақтөбе қаласы және Мәртөк, Мұғалжар аудандарында бастау алса, одан кейін облыстың барлық аудандарында 2016 жылдан бері келісімшарт негізінде табысы аз қамтылған азаматтарға шартты ақшалай көмек көрсетуді қарастыратын жаңа «Өрлеу» жобасы жаппай іске қосылды. Сөйтіп, 2017 жылдың 1 қазанына облыс бойынша құрамында 1299 адамы бар 243 отбасына 33,0 млн. теңге көлемінде, соның ішінде республикалық бюджеттен 16,7 млн. теңге, жергілікті бюджеттен 16,3 мың теңге аталмыш жоба бойынша шартты ақшалай көмек тағайындалды.
Жобаға қатысқан шартты ақшалай көмек алатын 1299 адамнан еңбекке қабілетті 330 адам жұмыспен қамтудың белсенді түрлеріне тартылды. Атап айтсақ тұрақты жұмысқа орналасқандар – 166 адам, қоғамдық жұмысқа жіберілгендер – 97 адам, әлеуметтік жұмыс орындарына орналасқандар – 55 адам, қайта даярлау, біліктілікті арттыруға жіберілгендер – 8 адам. Әлеуметтік бейімдеуден 1094 адам өтті. Бұл жоба бойынша жұмыстар одан әрі жалғасуда.
Көптеген облыстарда мемлекеттік бағдарламалар басым жағдайда қала тұрғындарын алдымен қамтиды. Содан болар ауыл тұрғындары кезек соңында немесе мүлдем ұмыт қалады. Осыны ескерген аймақ басшылары 2016 жылы Ақтөбе облысы аудандарында «Ауыл тұрғындарын жұмыспен қамту» пилоттық жобасы іске асыруды қолға алды. Облыста жұмыссыздық деңгейін төмендету және шағын кәсіпкерлікті, оның ішінде жеке қосалқы шаруашылық негізінде ұсақ тауарлық өндірісті дамыту арқылы ауылдық жерлерде өзін өзі өнімді еңбекпен қамтитын адамдар санын ұлғайту, өндіріс көлемін және ауыл шаруашылық өнімін қайта өңдеу көлемін арттыру мақсатында 2016 жылы Ақтөбе облысы «Кәсіпкерлікті дамыту» аясында пилоттық жоба енгізді.
«Ауыл тұрғындарын жұмыспен қамту» жобасын халық арасында кеңінен насихаттау мақсатында жыл басынан бастап Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар, Кәсіпкерлік, Ауыл шаруашылығы басқармаларының және «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ өкілдерінің қатысуымен облыстың барлық аудандарына арнайы іс-сапарға шығып, ақпараттық-түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар, Ақтөбе қалалық және аудандық жұмыспен қамту орталықтары ауылдық округтер әкімдіктерімен бірлесіп, ауылдық елді мекендерде үй-жайларды аралап, ауыл тұрғындары арасында жоғарыда аталған жоба аясында шағын несиелеу мүмкіндігі жөнінде ақпараттық-түсіндірме жұмыстарын жүргізді.
Жобаны іске асыруға 4265,0 млн.теңге қаражат қаралғанын алдымен айтуымыз керек. Солардың қатарында «Жұмыспен қамту 2020 жол картасы» бағдарламасымен жергілікті бюджеттен – 2465,0 млн.теңге, «Алмэкс» ХК АҚ, «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ қаражаттары есебінен 900,0 млн.теңге, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ есебінен – 900,0 млн. теңге. жеңілдетілген пайызбен қаржы қарастырылды.
2017 жылдың 1-қаңтарына 1359 адамға жалпы сомасы 4156,3 млн.теңгеге шағын несие берілді. «Жұмыспен қамту 2020 жол картасы» бағдарламасымен 1067 адам 2465,0 млн.теңгеге, «Алмэкс» ХК АҚ, «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ қаражаттары есебінен 225 адам 900,0 млн.теңгеге, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ есебінен 67 адам 791,3 млн.теңге шағын несие алды.
2016 жылы «Жұмыспен қамту 2020 жол картасы» бағдарламасының екінші бағыты «Кәсіпкерлік бастаманы ынталандыру» аясында 2465,0 млн. теңге карастырылып, 1067 ауыл тұрғындары шағын несие алды. Нәтижесінде, «Жұмыспен қамту 2020 жол картасы» бағдарламасы аясында – мал шаруашылығын дамытуға – 818 адам, сүт өндіруді ашуға – 42 адам, қоян өсіру шаруашылығына – 3 адам, сүт қабылдау бекеттерін ашуға – 4 адам, ешкі сүтін өндіруге – 7 адам, өсімдік шаруашылығына (шағын жылыжай, бау-бақша және т.б) – 39 адам, құс шаруашылығына – 27 адам, шаштараз, монша, тігін цехы, жолаушылар тасымалы, кафе, тойхана, фотосалон секілді халыққа әр түрлі қызметтер көрсету түрлеріне – 127 адам шағын несиелер алып өз ісін бастауға қол жеткізді.
«Жұмыспен қамту 2020 жол картасы» бағдарламасының қатысушылары ішінен шағын несие алғандардың басым көпшілігі Әйтеке би, Алға, Қарғалы, Мұғалжар, Мәртөк аудандарындағы белсенділігі жоғары тұрғындар болды. Аталған бағдарламаны іске асыру барысында 1279 жұмыс орындары құрылып, ол ауыл тұрғындарының табыс деңгейінің артуына оң септігін тигізді. Қазіргі уақытта, «Жұмыспен қамту жол картасы – 2020» бағдарламасының жалғасы болып табылатын жаңа «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы» туралы ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізілуде.
Бір қарағанда біздегі мемлекеттік бағдарламалар бір-бірін қайталайтындай көрінуі мүмкін. Негізінде олар бірін-бірі толықтырып, жұмыспен қамту шараларының аясын кеңейте түседі. Бір бағдарламаға ілінбегендердің екіншісіне ену мүмкіндігі бар. Ақтөбе қаласының және аудан әкімдіктерін ықпалымен 2017 жылдың қаңтар – шілде айларында облыста 9797 жаңа жұмыс орны құрылды. Бос және жаңадан ашылған жұмыс орындарына 11852 адам жұмысқа орналасты.
Мақсатты топқа жататын жұмыссыздарды жұмысқа орналастыру үшін облыс аймақтарының мекемелері мен кәсіпорындарында 1491 әлеуметтік жұмыс орны ашылды, соның ішінде «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы» бойынша 706 жұмыс орындары ашылды.
Жастар арасында жұмыссыздықты қысқарту үшін «Жастар тәжірибесіне» 1553 адам жіберілді, соның ішінде «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы» бойынша 856 адам, қоғамдық жұмыстарға 6343 адам бағытталды. Қысқа мерзімді курстарға 1208 адам жіберілді. «Бизнес Бастау» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне оқуға 573 адам жолданды. Ауыл тұрғындардың ішінен «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы» аясында 289 адам шағын несие алды.
Еңбекке тарту бағытында жұмыс ұсыну жәрмеңкелерінің маңызы зор. Облыста алпысқа тарта бос жұмыс орындар жәрмеңкелері өтті. Өткізілген жәрмеңкерлердің нәтижесінде 1589 адам жұмысқа орналасты, 826 адам қоғамдық жұмыстарға, 336 адам әлеуметтік жұмыс орындарына, 324 адам Жастар тәжірибесіне,164 адам қайта дарялауға бағытталды.
Тұрғындардың ішінде мүмкіндігі шектеулі жандарды жұмыспен қамту қиынға соғатыны белгілі. Он екі мүшесі сау адамдар екі қолына бір күрек таба алмай жатқан кезде мүгедектерді жұмысқа кез келген кәсіпорын қабылдай бермейтіні де түсінікті. Облыста жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау органдарының есебінде тұрған мүгедектердің ішінен 159 адам қоғамдық жұмыстарға жіберілді, 392 адам тұрақты жұмысқа орналастырылды, 33 адам әлеуметтік жұмыс орындарына, 162 адам Жастар тәжірибесіне бағытталды. 2017 жылдың 1-тамызына жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімдерінде 88 мүгедек есепте тұр.
Осы аталған шараларды белсенді түрде іске асырудың нәтижесінде 2017 жылдың 1 тамызына облыстағы жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар органдарында тіркелген жұмыссыздардың саны 2506 адамды, тіркелген жұмыссыздық деңгейі экономикалық белсенді халықтың санынан 0,6 % құрады. Әділін айтсақ бұл өте жақсы көрсеткіш.
Жергілікті атқарушы мен жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар органдары аз қамтылған отбасыларды кедейшілік жағдайынан шығару жөнінде жұмыстарды жалғастыруда. Уәкілетті органдарға және ауылдық жерлердің әкімдеріне аз қамтылған отбасыларды анықтау және оларға атаулы әлеуметтік көмек көрсету үшін облыстың әрбір ауылдық округтарында 168 учаскелік комиссиялар құрылды. 2017 жылдың қаңтар – шілде айларында жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімдеріне құрамында 154 адамы бар 40 аз қамтылған отбасы өтініш жасады. Қазір облыс халқының санынан аз қамтылған азаматтардың үлесі 0,01 % құрайды. Әрине бұл көрсеткіш үнемі өзгеріп тұрады. Өйткені жұмыс орындарының жабылуы немесе өзге де себептер орын алуы мүмкін.
Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек 40 отбасында тұратын 154 адамға 2,7 млн. теңге көлемінде тағайындалды. 1972 отбасына облыс бойынша тұрғын үй көмегінің жалпы мөлшері 23,6 млн.теңге құрады. Табыстары төмен 5690 отбасының құрамындағы 18 жасқа дейінгі 16598 балаға 201,5 млн. теңге көлемінде жәрдемақы, ахуалы төмен топтарды қолдау үшін қосымша төлемдер және өтемақылар, әр түрлі жеңілдіктер 24389 азаматқа 643,4 млн. теңге көлемінде тағайындалды. «Өрлеу» бағдарламасын іске асыру бойынша 236 отбасында тұратын 1262 азаматқа 23,8 млн. теңге көлемінде шарттай ақшалай көмек тағайындалды.
Әлеуметтік көмек беретін бөлімшелер 1605 жалғыз басты және жұмысқа жарамсыз азаматтар, 174 мүгедектер мен 464 мүгедек балаларға үйде қызмет көрсетеді. 2 интернат үйінде мемлекеттік күтуде 642 жалғыз басты қариялар және мүгедектер тұрады. Белгілі тұрағы жоқ адамдарға арналған әлемуметтік бейімделу орталығында 2017 жылдың 1 тамызына 139 адам бейімдеуден өтті. 2017 жылдың 1 шілдесіне облыс бойынша құрамында 134 адамы бар 22 отбасы өтініш беріп, «оралман» мәртебесін алған.
Тамыз айында Ақтөбе қаласының әкімдігінде қала әкімінің орынбасары Р.Айдашеваның төрағалығымен 2017 жылы халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесу кешенді жоспары шеңберінде жүзеге асырылып жатқан мемлекеттік және салалық бағдарламалар бойынша жиын өткізілді. Жиынға, «Нұрлы жол», Біріңғай өңірлік дамыту, Аумақты дамыту және т.б. бағдарламалар аясында жобаларды жүзе асырып жатқан 25 мердігер мекеме басшылары қатысты. Жиын мақсаты – бағдарламалардың уақытылы әрі тиімді жүзеге асырылуы және жоспарға сәйкес жұмыссыз азаматтарды жобаларға орналастыру болды.
2017 жылы мемлекеттік және салалық бағдарламалар аясында іске асырылатын 86 жобаға 1428 адамды жұмысқа орналастырылуы жоспарланған-ды. Осы жылдың 23 тамызға нақты 854 адам немесе 60% жұмысқа орналастырылды, 47 жоба бойынша жоспар орындалды.
Жиын барысында қала әкімінің орынбасары жұмыссыз азаматтарды жұмыспен қамтамасыз ету және жұмысқа орналасқан азаматтарға 10% міндетті зейнетақы жарналарын уақытылы аудару бойынша нақты тапсырмалар беріп, бағдарлама әкімшілеріне жобалардың тиімді жүзеге асырылуына ықпал етуді ұсынды.
Осы шаралардың бәрі тұрғындардың әл-ауқатын жақсартуға бағытталып отырғаны белгілі. Бұл бағыттағы міндеттерді толық атқаруға ақтөбеліктердің мүмкіндіктері толығымен жетеді деп сеніммен айтуға болады.
Бек МЫРЗАҰЛЫ
qazaquni.kz