Данияр Ақышев: Зейнетақы үшін алаңдауға негіз жоқ
2017 ж. 17 қараша
3937
0
ҚР Ұлттық банкі төрағасы Данияр Ақышев Мәжіліс депутаты Айқын Қоңыровтың зейнетақы жинағына қатысты мәлімдемесіне байланысты жауап берді.
Мәжілістің жалпы отырысында депутат ағымдағы жылдың 3-тоқсанындағы Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының зейнетақы жинақтарының жалпы сомасы 7 трл. 539 млрд. теңгеге жетіп, инвестициялық таза табысы 462 млрд. болғанын атап көрсетті. Кіріс деңгейі – 6,1 пайызды құраса, дәл қазіргі кезеңдегі инфляция – 7,1 пайыз. Яғни, зейнетақы жинағына ешқандай кіріс қосылмаған. Халық қалаулысының алаңы да осы.
«Біздің көзқарасымызша, өкінішке орай ол жерде түрлі кезеңдегі сандарға арқа сүйелген және сол арқылы қоғамды адастырып отыр. Негізінде зейнетақы активтерінің 9 айдағы кірістілігі келтіріледі де, жылдық инфляциямен теңестіріледі. Бұл дұрыс емес. Қазір мен келтірген деректер зейнетақы активтерінің шынайы кірістілігі инфляциядан жоғары екендігін көрсетеді және қандай да бір жолдармен желінуде немесе тиімсіз пайдаланылуда деп алаңдауға еш негіз жоқ», – деді Данияр Ақышев Үкіметтің селекторлық режімдегі отырысынан кейінгі брифингте. Ұлттық банк төрағасының мәліметіне сәйкес, 1-қазандағы зейнетақы активтерінің көлемі шамамен 7,5 трлн. теңгені құрап, салымшылардың есепшоттарына 462 млрд. теңге көлеміндегі инвестициялық кіріс бөлінді. Бұл дегеніңіз 6,68 пайызды құрайды. Ал осы уақыт аралығында инфляция көлемі – 4,2 пайызды көрсетіп отыр. «Яғни, жыл басынан бері оң кіріс қамтамасыз етілуде», – деді ол.
qazaquni.kz