Зейнетақы мөлшері артады
2017 ж. 17 қараша
3898
0
Базалық зейнетақы тағайындау әдісі өзгергеннен кейін, еліміздегі зейнетақының көлемі 71 мың теңгеге дейін өсуі мүмкін. Ал, ең төменгі зейнетақы мөлшері 33 мың теңгені құрамақ. Вице-министр Светлана Жақыпованың айтуынша, көбірек зейнетақы алу үшін еңбек өтілі де ұзағырақ болуы қажет.
Ерлер үшін 25 жыл талап етілсе, әйелдер үшін 20 жыл еңбек өтілі болған кезде, зейнетақы көлемі шығындалған табыстың 60 пайызын құрайды. Қазіргі таңда, қайта қосылған зейнеткерлер үшін ынтымақтық зейнетақы жүйесіне қатысу мерзімі қысқарып келеді. Ресми деректер мәліметі бойынша, зейнетке шығатын қазақстандықтардың 41%-ында талап етілген еңбек өтілі болмай отыр.
«Неғұрлым ұзағырақ еңбек етсең, соғұрлым көбірек зейнетақы аласың. Бұл қазіргі жастардың ұранына айналуы тиіс. Себебі, жастар қазірден бастап жұмыс істемесе, қазірден бастап зейнеттік жарна салмаса, жинақтық зейнетақы қоры жүйесіне қатыспаса, ертеңгі күні оларды қамтамасыз ету мәселесі туындайды. Себебі, базалық зейнетақы деңгейінде де бұдан былай еңбек өтілі есепке алынады», – дейді Светлана Жақыпова.
2018 жылдың 1-қаңтарынан бастап, еліміздегі ең төменгі күнкөріс деңгейінің құрылымы да өзгеріске ұшырамақ.Өз кезегінде бұл қадам, төменгі өмір сүру деңгейінің мөлшерін 16%-ға арттыруға мүмкіндік береді. Қазіргі уақытта тұтыну қоржыны азық-түлік және азық-түлікке жатпайтын екі бөліктен тұрады. Олардың қатынасы әзірге 60% және 40% аралығында. 2018 жылдың 1-қаңтарынан бастап, бұл қатынас азық-түлікке жатпайтын бөлікті ұлғайтуға қарай өзгермек. Сәйкесінше ара қатынас 55%-те 45% болады. Нәтижесінде, 24 459 теңгені құрайтын ең төменгі күнкөріс мөлшері келер жылдың 1-қаңтарынан бастап 28 284 теңге болады. Бұл мемлекеттен әлеуметтік көмек алатын шамамен 3 млн-ға жуық адамның өмір сүру жағдайын жақсартуға мүмкіндік туғызбақ.
qazaquni.kz