НАЗАРБАЕВ ЗИЯТКЕРЛІК МЕКТЕБІНІҢ БІР КҮНІ
2017 ж. 25 қараша
5248
0
Нағыз мамандар ұстаханасы
Шымкент қаласы химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің ауласына енгеннен-ақ жылулық пен мейірім еседі. «Сәлем – сөздің анасы» деп білетін ұстаздар мен оқушылар мектепке келген әрбір адаммен ыждаһаттана амандасады. Мұндағы өзгеше аураны бірден аңғарасыз. Бұл білім ордасы 2013 жылы оқушыларға есігін айқара ашқан. Бүгінде 700 бала білім нәрімен сусындап жатыр. Олар қатаң талаппен іріктеу емтиханынан іркілмей өткен, талапты, талантты, алғыр ұл-қыздар, қазақтың ертеңі. – Басты мақсатымыз – сапалы білім беріп қана қоймай, әр баланың бойына жауапкершілік, адалдық, мейірімділік, ұлтжандылық сынды құндылықтарды сіңіру. Көшбасшылыққа тәрбиелеу. Мектебімізден түлеп ұшқан 75 түлек Назарбаев Университетінде, еліміздің өзге жоғары оқу орындарында, сондай-ақ Германия, АҚШ, Қытай, Оңтүстік Корея, Ресей, Түркия, тағы басқа елдерде білім алып жатыр. Әрбір түлек – біздің мақтанышымыз. Олар қоғамды өзгертуге күш салатын, ойлы, өз ісінің нағыз мамандары болатынына сенемін, – дейді химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің директоры Балқан Қасимов.«Жүректен жүрекке!»
Мектеп ұжымы мен оқушылар жыл сайын «Жүректен жүрекке» қайырымдылық шарасын өткізуді дәстүрге айналдырған. Олар қолдан пісірген тәттілері мен үйірмеде үйреніп, жасаған өнер туындыларын сатылымға шығарады, концерт ұйымдастырады. Биыл қайырымдылық шарасында Төлеби ауданы, Көксәйек ауылының 14 жасар тұрғыны Жайна Шыршықбайдың еміне 170 мың қаржы жинап, қолына тапсырды. Жайнаның арманы – биші болу. Балдақпен жүрсе де, кейін мүгедектер арбасына таңылса да ол өз арманынан бас тартқан жоқ. Жайна өзінің құрбыларымен үнді биін билеп, жиналғандардың көзіне жас алдыртты. Мықты болуды, арманмен өмір сүруді, қиындыққа қасқайып қарсы тұруды осы қаршадай қыздардан үйрену керек шығар. – Химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебі біз тәрбиеленіп жатқан №7 Тасарық арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығымен тығыз байланыста. Үнемі қолдау көрсетеді, қуаныш сыйлайды. Қайырымдылық акцияда түскен қаржыны дәрі-дәрмек алуға жұмсаймын. Бар арманым – екі аяғымнан тік тұрып кету. Сосын биші боламын, – дейді Жайна күлімсіреп. Бұдан алдын мектеп ұжымы «Жақсылық жаса» деген атаумен өткен қайырымдылық шарасында 300 мың теңгеден астам қаржының басын құрап, әлеуметтік жағдайы төмен отбасының ұл-қызына қуаныш сыйлады. Олар Астанада өткен «ЭКСПО – 2017» көрмесін тамашалап, әдемі әсермен оралды. – Біз қайырымдылық акцияларында түрлі қолдан жасалған бұйымдар және үйде тәтті тоқаш пісіріп келіп, оларды арзан бағада сатамыз. Құрбыларым да мұндай шараларға белсене қатысады. Жақында «Қуыршақ театры» үйірмесінің қатысушылары Шымкенттегі №3 балалар үйі тәрбиеленушілерінің назарына «Ақылды қояндар» қойылымын ұсынды. Достыққа, адалдыққа баулитын қойылымды кішкентай бүлдіршіндер қызыға тамашалады. Олардың сыңғырлаған күлкісі бізге де шаттық сыйлады. Әрбір адам айналаға мейіріммен қарап, қуаныш сыйлауға ұмтылса, әлем өзгеретін еді, – дейді 9-сынып оқушысы Жанел Бақбергенова.«Шай сағаты»
Мектептің жатақханасында алыс аудан-ауылдардан келген 132 бала тұрады, олар алты топқа бөлінген. Жатақханада тәрбиеленіп жатқан оқушылардың уақытын тиімді әрі көңілді өткізу мақсатында әртүрлі іс-шаралар жиі ұйымдастырылады. Әр ай сайын осы жатақхана оқушылары мен олардың ата-аналарына арналған «Шай сағатын» асыға күтетіндер көп. Онда ата-аналар қонақ болып, дөңгелек үстел басында оқушылармен шай ішеді. Үйін сағынып жүрген балалар ауылдың тағамынан, құрт-майынан, жент пен майсөктен дәм татады. Арқа-жарқа әңгіме айтып, үлкендердің ақыл-кеңесіне құлақ түреді. – Қарапайым ғана ауыл мектебінде білім алған қызым осындай үздік білім ордасына қабылданғанын естігенде қатты қуандық. Ұстаздары мен кураторлары өте білімді, сыпайы. Оқушылар да қандай тәрбиелі. Әрқайсысын өз балаң секілді іштей жақсы көріп тұрасың. Әр келген сайын бізді өнерлерімен, білімдерімен таңғалдырудан жалықпайды. Өзім секілді алыстан ат арытып келетін ата-аналар «Шай сағатын» тағатсыздана күтеді. Қазақтың киіз үйі формасында жасалған, ұлттық құндылықтарымызды дәріптейтін кең әрі жарық бөлмеде ұл-қыздарымыздың сыныптастарымен шай ішеміз, әртүрлі тақырып төңірегінде ой бөлісеміз. Мектеп ұжымына алғысым шексіз, – дейді ата-ана Жәнібек Дүйсенбайұлы.Робот құрастыратын балалар
Назарбаев Зияткерлік мектебінде ғылымға құштар бала көп. Соның бірі 9-сынып оқушысы Ерасыл Маратов. Ол роботехника үйірмесінің белсенді қатысушысы. Оның құрасырып, жетілдіріп жүрген роботы – гүл суарады, былайша айтқанда бағбанның рөлін атқарады. – Жеріміз кең байтақ. Көлемi жағынан әлемде тоғызыншы орындамыз. Дегенмен, жер игерілмей, егіс алқаптары пайдаланылмай жатыр. Сондықтан, осындай құрылғыны жасап шығаруды мақсат еттiм. Мұнымен тек гүлді ғана суарып қоймай, бау-бақшадағы жеміс-жидектер мен ағаштарды суаруға болады. Болашақта ары қарай кем-кетігін түзетіп, жетілдіргім келеді, – дейдi кейiпкерiмiз. Еліміздің түкпір-түкпіріндегі Назарбаев Зияткерлік оқушылары арасында өткен «Наурыз кездесулерінде» Ерасыл құрастырған робот ІІ орын алды. Жалпы Назарбаев Зияткерлік мектебінің шәкірттері, тек кітаптан ғана бас алмайтын, оқуға ғана берілген деп ойласаңыз, қателесесіз. Оқушылардың жан-жақты қабілетін ашу, шыңдау үшін мектепте 44 үйірме жұмыс істейді. Мысалы, Wordpress-те сайт жасау үйірмесіне қатысушылар Ордабасы ауданының орталығы Темірлан ауылында орын тепкен Қажымұқан мұражайы туралы үш тілде ақпарат тарататын сайт құрастырып шықты. Олар әрбір жәдігерді жеке-жеке суретке түсіріп, 3д тур-саяхат ұйымдастырған. Бұдан бөлек, «Флористика әлемі», «Шахмат», «Оқиға орнынан түсірілім», «Айтыс өнері», «Оригами», «Былғары ғажайыптары», «Ағаш ою өнері», «Фотожурналистика», «Заманауи би», «Домбыра», «Гобилен тоқу өнері», «Киім дизайны», тағы басқа үйірмеге қызыға қатысады. «ТЕDХ NIS» , «Туға елге тағзым», «Екі апта ауылда», «Ата-ана жұмысындағы 10 күн», «Қазақтың 100 әні» жобасы, «Уикипедия» клубы, тағы басқа жобаларды да оқушылар тың құлшыныспен қолдайды. – Осы мектепте білім алу арманым болатын. Биыл орындалды. Емтиханның бірінші кезеңінде математика, орыс тілі, ағылшын тілі, қазақ тілі пәндерінен тест тапсырдық. Тестте 100 сұрақ болды. Оны 1000 балмен есептейді. Жалпы 759 балл жинадым. Ал екінші кезеңде логикалық ойлау және есте сақтау қабілетімізді тексерді. Фигуралардың бөлшектерін таптық. Қазір осы мектепте оқып жүрмін. Сыныбымызда 20 оқушы бар. Бәрі алғыр, білімді. Мектеп маған қатты ұнады. Мұғалімдері өте жақсы. Бізге білгендерін аянбай үйретеді. Білім алуға барлық жағдай жасалған. Тек оқуға ынта мен алдыңа қойған мақсатың болса жеткілікті. Мен фотожурналистика, оригами, заманауи би үйірмесіне қатысамын, – дейді 7-сыныптың оқушысы Аружан Әмірова. Ел тірегі – білімді ұрпақ. Оны Назарбаев Зияткерлік мектебінің әрбір шәкірті терең түйсінеді. Әйгерім Бегімбет, Назарбаев Зияткерлік мектебінің қызметкері Шымкент қаласы qazaquni.kz