Қанат ЕЛШІБЕК, «Халық банкінің» ақпараттық ресурстарды қорғау басқармасының басшысы: ТҰТЫНУ НЕСИЕСІ ТӨЛЕМДЕРІНІҢ ТҮРЛІ ТАРИХЫ БАР
2017 ж. 25 қараша
2274
0
Ақша жұмсағанды көбіміз құп көргенімізбен, бұл тұрғыдағы сауаттылығымызды арттыруға және қаперімізде жүруге тиісті қағидаларды ұстануға мән бере бермейміз. Қаржы-қаражат саласын көшілігіміз тұтынатын несиесіз елестету тіпті мүмкін емес. Осы және өзге тақырыптарды қаузау мақсатында еліміздегі көшбасшы қаржы ұйымы – «Халық банкінің» ақпараттық ресурстарды қорғау басқармасының басшысы Қанат Елшібекті әңгімеге тартқан едік.
– Қанат Асылбекұлы, өзіңіз білетіндей қаржы қажеттілігі туындаған қазақстандықтардың басым бөлігі несие көмегіне жүгінгенді жөн көреді. Айтыңызшы, өзіңіз қызмет атқаратын «Халық банкінде» тұтынушылық несиені алу қалай жүзеге асады?
– Ең бірінші әрбір тұтынушы банк бөлімшесіне келіп несие алуға өтініш береді. Қажетті құжаттар банк қызметкері тарапынан сұратылғаннан кейін, банк жүйесіне енгізіледі. Одан кейін барып, клиенттің толық несие тарихы қаралып, оған талдау жасалады. Соңғы үш жылдықты қамтитын бағалаудан соң, бірінші кредиттік бюроға сұрау жіберіледі. Ендігі жерде бізге қарыз алушының несие тарихына тереңірек үңілуге тура келеді. Несие тарихының өзі «оң» және «теріс» болып екіге бөлінеді.
Бұрын алынған қарызы толық төленген немесе қолданыстағы міндеттемелері жүзеге асырылса, онда оң несие тарихы қалыптасты деп есептеледі. Сонымен қатар, қарыз алушының төлем жасау кезінде мерзімінде өтелмеген несиесі бір ай уақыттан аспауға тиісті. Оң несие тарихына талдау жасау үшін ең бірінші кезекте бір жыл бойына немесе одан да көп уақыт тұрақты түрде қарыз төлемдері жүргізілуі қажет.
Бұрынғы несиесі өтелген немесе қолданыстағы міндеттемелері жүзеге асырылған тұтынушылар қолайлы несие тарихының иесі атанады. Бұл санаттағы тұтынушылардың арасында да несиені өтеу барысында мерзімі өткен төлемдер кездесуі мүмкін. Оның өзінде мұндай құбылыс бір ай ішінде екі реттен аспаған жағдайда немесе екі ай ішінде бір де бір рет орын алмаса. Мұнымен бірге, банкте несие тарихы жоқ тұтынушылар да қолайлы несие тарихының иегері деп танылады.
Ал, қанағаттанарлық несие тарихының иесі – бұрынғы несиесін өтеген немесе қолданыстағы міндеттемелері жүзеге асырылған тұтынушы. Аталмыш несие тарихының иелері арасында кешіктіріп төлем жасайтындар кезігеді. Атап айтқанда, бұл жағдай 30 күнтізбелік күндер мерзімінде төрт реттен асып кетпесе. Сондай-ақ, екі және үш ай мерзім аралығында бірде-бір рет төлем жасамау әрекеті кездеспеген жағдайда.
Теріс несие тарихының иелері де бұған дейін банктің несие қызметін пайдаланған немесе қолданыстағы міндеттемелері орындалған тұтынушылар.
Сонымен қатар, осы қатардағы тұтынушылар арасында дер кезінде төлем жасай алмау дерегі көптеп кезігеді. Мәселен, бұл жағдай бір айдың ішінде төрт реттен көп немесе екі және үш ай аралығында бір мәрте орын алуы мүмкін. Қиыншылық белгісі бар тұтынушылар да теріс несие тарихының иелері ретінде саналады.
Әрбір клиентке кредит беру немесе бермеу туралы шешім мен несие көлемін тапсырылған құжаттары мен мәліметтер негізінде Банк жеке түрде қабылдайды. Несиеге берілген өтінім несие комитетімен жан-жақты зерттеледі. Банк несие тәуекелдерін сарапқа сала отырып, білдірген өтінімге нақты бір жауап береді. Жалпы айтқанда, тұтынушылық несиені рәсімдеуге дейінгі банк тарапынан атқарылуға тиісті жұмыстардың бір парасы осындай.
– Сөзіңіз аузыңызда, осы тұста дер кезінде төлем жасай алмаған тұтынушыларға ең көп қолданылатын шараны атап өтсеңіз...
– Алдын ала келісілген келісім шарт аясында белгіленген мөлшердегі несиені тұтынушы кешіктірген сәттен бастап, әрбір төлем жүргізілмеген күнге ең бірінші кезекте банк тарапынан 0,5% өсім жүріп отырады. Мұндай жағдаймен бетпе-бет келген клиенттердің көпшілігі өсім соманы төлеу арқылы тығырықтан тез шығып кетемін деп ойлайды. Бірақ бұл тұрғыда әрбір кешіктірілген күн бірінші кредиттік бюро тарапынан тіркеле отырып, болашақта кепілсіз немесе кепілді несие түрлерін алу мүмкіндігінен айыратындығын есте ұстағанымыз абзал.
Ал жалпы қарызын қайтара алмай жүрген тұтынушыларға қолданылатын шаралар несиені төлей алмау себебіне байланысты қарастырылады. Мәселен, тұтынушы белгілі бір себептермен жұмысынан айырылып қалса, онда өзінің шын мәнінде жұмыссыз екендігін еңбек кітапшасын көрсету арқылы дәлелдейді. Ол үшін әрине банк бөлімшесіне келіп тұтынушы тарапынан тиісті өтініш жазылады. Яғни, бұл әрекетінің қасақана еместігі түсіндіріліп және басқа жұмысқа орналасқаннан кейін төлемді қайта жүргізетіндігі жайлы міндеттемені алу қажет. Дегенмен де, бұл – одан ары несиені төлемеуге болады дегенді білдірмейді. Сондықтан, мұндай мәселелер туындағанда, орын алған жағдайды саралай келе нақты шешімді несие комитеті қабылдайды. Ал несие төлеуден жалтарған жандарға шоттарды толық бұғаттау шарасы қолданылады.
– Қанат Асылбекұлы, қазіргі таңда ғаламтор жүйесі арқылы төлем жүргізу ең көп қолданылатын тәсілдің біріне айналғаны белгілі. Бұл тұрғыда алаяқтардың арбауына түсіп қалмау үшін нендей нәрсені назарда ұстауға тиіспіз?
– Ғаламтордың қарқынды дамуы өз кезегінде банк саласына да тың серпін берді. Бүгінде интернет арқылы төлем жүргізу қолайлы болғандықтан, аталған қызмет түрін тұтынушылардың саны артты. Бұл өз кезегінде қашықтықтан қызмет көрсету сапасының артуына жол ашты. Қаржылық төлемдердің деңгейі жоғарылаған сайын, алаяқтар да түрлі айла-тәсілдерді қолдану арқылы өздерінің жымысқы ойларын жүзеге асыруға бейім. Көбіне қаржылық сауаттылықтың төмендігінің салдарынан алаяқтардың құрбанына айналатындар аз емес. Теріс пиғылды жандар амал-айланың сан алуан түрін ойлап табатындықтан олармен күресудің жолдары да оңайға соқпайды. Сондықтан да қандай жағдайда да тұтынушылар интернет арқылы төлем жүргізу барысында аса мұқият болғаны дұрыс. Егер де сіздің пайдаланып жүрген картаңызға қандай да бір тауардың рәсімделгені жайлы хаттама электронды почтаңызға жолданса, оған бей-жай қарамаңыз. Мұны жіберушілер операциядан бас тарту үшін банктің қауіпсіздік қызметкеріне яғни хаттамада көрсетілген нөмірге қоңырау шалу қажеттігін нұсқайды. Қоңырау шалған уақытта алаяқ банк қызметкерінің кейпіне еніп, төлемдерді төлеуден бас тарту үшін сізден қажетті деректерді анықтап алады. Қажетті мәліметке қол жеткізгеннен кейін, қолданушының картасынан еш қиындықсыз қаржыны шешіп ала алады.
Әрбір тұттынушы есте ұстауға тиісті нәрсе – кез-келген банк өзінің клиенттері жайлы ақпараттарға қанық. Сол себепті де, банк қызметкерлері тарапынан сізге қатысты жеке деректер сұралмайды. Біз жоғарыда атап өткен жәйтке тап келе қалсаңыз, онда көрсетілген нөмірлерге қоңырау шалмаңыз, жолданған хаттарды өшіріп тастағаныңыз жөн. Ал, мәселенің анық-қанығына жету мақсатында күдіктенген нөміріңізді банк қызметкерлеріне немесе полицияға бергеніңіз дұрыс.
– «Сақтансаң сақтаймын» демекші тұтынушылар басты қаперде ұстауға тиіс бұдан өзге қандай шараларды атап көрсетер едіңіз?
– Қандай жағдайда да бөгде адамға карточка нөмірін, CVV2\CVC2 кодын, бір реттік парольдарды, шот бойынша өзге де құпия ақпараттар мен жасалған төлемдер бойынша мәліметтердің берілмегені дұрыс. Банктің клиент жайлы деректерді білу мақсатында SMS-хаттама, телефон арқылы қоңырау шалу, төлем картасы бойынша деректерді, төлем карточкаларының ПИН-кодтарын электрондық хаттарды тарату арқылы өтінуді жүзеге асырмайтындығын тағы да қайталауға тура келіп тұр. Сондай-ақ, ғаламторға қолжетімді кез-келген құрылғыңызға тек сапалы антивирустарды пайдаланған жөн. Ақпараттық смс қызметіне қосылу арқылы картаңыз бойынша барлық қозғалыстарды қадағалап отыру да маңызды. Ғаламтор арқылы қызметтер мен тауарларға төлемдерді жүргізу үшін өзіңіздің негізгі қаражатыңыз сақталған карточкаларды қолданбаған жөн. Сонымен қатар, өзіңіздің картаңыз арқылы өзге компьютерлер және құрылғылардан төлемдерді жүргізбеңіз. Банкомат арқылы операцияларды жүргізу кезінде де сақтық қажет екені әрбіріміз біліп жүруге тиіспіз. Мұндай сәтте қол ұшын созғысы келетін жандардың барлығына бірдей сенім білдіру дұрыс емес. Сондықтан, кез-келген операцияны жүргізу барысында қандай да бір қиындық туындаса, жақын туыстардан ғана көмек сұрау керек. Және ешқашан да өзге адамның қолына карточкаңызды бермеңіз. ПИН-код – сіздің қаржыңыздың кілті. Сол себепті кодыңызды жариялылықтан сақтау аса маңызды. Кодты банкоматқа енгізу кезінде екінші қолыңызбен енгізіліп жатқан сандардың оқылуын бөгде адамдардан қалқалап тұрған жөн. Бір қарағанда қарапайым ғана қағида секілді көрінгенімен, алаяқтар сіздің аңғалдығыңызды аңғарса, олар үшін сіздің қаржыңызды қолға түсіру ешқандай қиын іс емес.
– Қаражатыңыз сақталған төлем картаңызды жолғалтып алған жағдайда ондағы қаржыны сақтап қалудың жолы қандай?
– Бүгінде тұтынушылардың басым бөлігі қаржыны төлем картада сақтауды дағдыға айналдырған. Бұл тиімді көрінгенімен, төлем карта аяқасты жоғалып қалса, қиындық туындайтыны анық. Ендігі жерде, картаңыздағы қаражатыңызды қолды қылып алмау үшін тез арада бұғаттау қажет. Ал, банк бөлімшесінен алыс жерде жүрсеңіз, онда өзіңіздің банктік қосымшаңыз немесе интернет-банкинг арқылы жүзеге асыра аласыз. Мобильдік қосымшаңыз жоқ делік, онда смс-хаттама жолдау арқылы бұғаттауға мүмкіндік бар. Бұл тәсілді қолданбас бұрын өз банкіңізден қызмет түрі туралы анықтап сұрап алған жөн. Өйткені, осы бағыт бойынша әр банктің шарты әртүрлі. Сонымен қатар, бұл қадам банктің байланыс нөміріне қоңырау шалып немесе банк бөлімшесіне барып тиісті өтінімді қалдыру арқылы да орындалады.
Төлем картаңыздың қауіпсіздігі үшін құпия ПИН-код сақтаулы конвертті қоса алып жүрмеу керек. Ең абзалы – ПИН-код нөмірін жадыңызда сақтау. Осындай қарапайым дүниелері көпшілігіміз білгенімізбен, барлығымыз бірдей кәдемізге жарата бермейміз. Төлем картаңыздағы қаржы сіздің табан ақы, маңдай теріңізбен келгендіктен оның өз игілігіңізге жұмсалғаны дұрыс. Сондықтан, қандай жағдайда да сақтық таныту артықтық етпейді.
– Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан
Гүлмира САДЫҚ
qazaquni.kz