Жасыма, Жақсылық! (Ж.Досқалиевқа)
2011 ж. 29 маусым
1566
2
Іс түсті қиын басыңа,
Жасыма,
Жаным, жасыма.
Тебіреніп жатыр сені ойлап,
Өзендер,
Таулар,
Ормандар –
Туған жеріңнің тасы да!
Топырағы да,
Құмы да,
Жартасы,
Төбе,
Шыңы да...
Төзсін деп сені
Тілейді –
Өмірдің дүлей сынына.
Жеңесің жаным, түбінде,
Жығылып жүнің – бүгілме.
Тағдырың салса
Талқыға –
Тайсақтама да,
Түңілме!
(Тіпті сен ішіп-жесең де,
Жалғыз емессің бүгінде).
Өмірде асу,
Еңіс көп,
Айтпаймын жолың тегіс деп...
(Арандап қалған шығарсың
Жұрт не істесе, соны істеп).
Тізілдің бе екен есепке,
Іліндің бе екен өсекке?!
Арыны ерек
Арланым,
Танымы бөлек
Тарланым –
Телініп тұрсың есекке.
Ұнамадың ба, біреуге,
Жарамадың ба, тіреуге,
Алыс та жақын жамағат,
Амандығыңды тілеуде!
Халі жоқ қолын созардай,
Астана жақтан көз алмай...
Адамның дертін тапқанмен,
Заманның дертін таба алмай!
Таға алмаймын қатты мін.
Кермек тартты – тәтті мұң.
Бір Аллаға белгілі,
Адалдығың – ақтығың.
Тығырыққа тірелдің,
Беделі едің
Бір елдің.
Жайшылықта жүргенде,
Өзі едің тұлпар – күреңнің.
Қайшылыққа кіргенде,
Қадіріңді білер кім?!
Күндерді ойла алдағы,
Таусылмас тірлік бал-дәмі.
Аранды торды бұзып шық,
Арыңа бәрін сал-дағы!
Серік Тұрғынбекұлы