Алматылық күдікті «екі әйелдің» артында кім тұр?
2017 ж. 23 қараша
2769
3
ҚР Бас прокуроры Ж.Қ. Асановтың назарына!
Кейуана К.Нұржанованың «прокурор баласы» ма,
әлде, тергеуші Н.Мәжімбековтің бастықтары ма?
Ләйла Досымова Ләйла Қасымбековамен онша жақсы таныс емес еді. Тек соңғы бір-екі жылдың көлемінде «Тәуке хан» мен «Қазыбек би» қиылысындағы ол істейтін валюта ауыстыру пунктіне екі-үш мәрте келіп, теңгені долларға ауыстырып алғаны бар. Сондай бір келгенінде Л.Қасымбекова одан: «Екі айдан кейін ақшаңды әр айына 10 проценттік өсіммен қайтарып берем» деп қарызға ақша сұрады. Қанша керек екенін айтпады. «Өз қалтаңа қарап қанша берсең де болады» деді. Л.Досымованың сөмкесінде 41600 доллар бар еді. Қай күні ескі танысынан қарызға алған. Егер сол ақшасын әлгі айтқан 10 проценттік өсіммен қарызға берсе, екі айда 8400 доллар пайда табады екен. Мұны теңгеге шаққанда пәленбай мың. Мұндай ақшаны бұған екі айдың ішінде кім береді? Жұмыс істеп қалай табады? Ал Ләйла Қасымбековаға дәл қазір, мұндай ақша өте зәру түрде не үшін керек болды екен? Ол екі айдан кейін бұл берген 41600 долларға қосып 10 проценттік өсімді қайдан тауып береді? Бұл жағын ойланған жоқ. «Осында істейді ғой, қайда кетер дейсің?» – деп адамгершілік ар-ұятына сенім артты да әлгі 41600 долларын санап беріп, қолынан «алдым» деген тілхат жаздырып алды. Бұдан соң, Л.Қасымбекова осындай (келісім-шартпен) Л.Досымовамен бірге базарда сауда-саттықпен айналысатын Оразкүл Досымовадан – 30 мың доллар Гүлжан Өтегеновадан – 10 мың доллар мен 2 млн теңге, Роза Қуатовадан – 200 мың доллар алған. Алайда Қасымбекова бұл алған ақшаларын Л.Досымоваға да және аталған үш әйелге де мерзімінде қайтармаған. Түрлі сылтау-желеумен уақытты соза берген. Ақшасынан айырылғандар, бір күні оның жұмысынан да шығып кеткенін білді. Ақырында, келінім (Л.Досымова) балам және мен өзім – үшеуміз үйіне іздеп баруымызға тура келді. Бірақ, Л.Қасымбекованың өзімен сөйлесе алмадық. Шешесі жасы сексенге таянған Күлшат Нұржанова кейуана, қызының рак ауруымен ауырып жатқанын айтып, оған бізді жолықтырмады. Басқа бір бөлмеге алып кіріп, бізбен өзі сөйлесті. Сөзін кешегі Совет заманында өзінің – бухгалтер, күйеуінің 45 жыл банкінің бастығы болып істегенінен бастады. Біреудің бір тиынын жемепті. «Пәленің» бәрі, әлгі «процент» дегеннен шығыпты. Қызы «проценттік өсіммен» қайтарам деп, әркімнен ақша ала беріпті. Осы күндері олар ақшасын сұрап, есігіне дамыл бермейтін құсайды. Тіпті, мына отырған үйі де (Үйі Хан Сарайы дейтіндей, екі қабатты зәулім үй) қызының қарызы үшін банкіде «тұтқындаулы» екен. Қай күні алып қояры белгісіз. Сонда, қызы, әлгі «проценттік өсіммен» жұрттан алған ақшасының бәрін қайда жіберіп жатыр дейсіз ғой? Ол былай. Қызының Алматыда тұратын екі «подругасы» бар. (Бұл жерде Нұржанова бұл екі әйелдің аты–жөнін атамады. Олардың: Гүлшат Ермекбаева, Лейла Махажанова екенін, біз кейін, тергеуші Нұртас Мәжімбековтің тергеу хаттамасы арқылы білдік ). Қызы жұрттан «проценттік өсіммен» алған әлгі ақшаларын сол екеуіне жіберіп тұрады екен. Олар бұл ақшаны мал бордақылайтын кәсіппен айналысу үшін қазынаға құйып, оның есесіне банкіден («Қазагрофинанс» банкісі) ақша алмақшы. Егер алса, олар келісім бойынша, бұл ақшаның белгілі бір бөлігін өзінің зейнеткерлік есеп шотына жіберіп тұруға тиіс. Бізге Л.Досымовадан қызы алған ақшаны (41600 долларды) сол ақшаның түсуіне қарай бөліп–бөліп беріп тұрмақшы. Олармен бұл жөнінде жиі-жиі хабарласып тұрады екен. Алдың күні де сөйлесіпті. – Сонда бізге бұл ақшаны, шамамен, қашан бере бастаймын деп ойлайсыз? – деген біздің сұрағымызға: – Құда қаласа, алдағы мамыр айынан (2015 ж) бастап, – деген жауап алдық. (Осы тұста келінім Л.Досымова айтқан бір әнгіме есіме еріксіз түсіп отыр. Бұл әңгімеде Л.Қасымбекованың, аталған төрт әйелдің үшеуін (Л.Досымова, Г.Өтегенова, О.Досымова), біздің әлгі, осында келгенімізден бірер ай бұрын үйіне шақырып, аталған алматылық «екі подругасымен» таныстырғаны, өзінің келген үш әйелден алған ақшаларын осы «екі подругасына» бергені жайлы «сыр ашқаны»... сөз болған еді. Айтайық дегеніміз: сонда, К.Нұржанова әлгі біз, (келінім, балам – үшеуміз) үйіне келгенде, бізді қалай «шығарып салса», қызы Қасымбекова да сол шешесі құсап, әлгі өзінің шақыруымен келген үш әйелді де, солай: алматылық «екі подругасының» жуырда «Казагрофинанс» банкісінен жеті милион доллар ақша алып, содан өзіне ақша жіберетінін, бұларға өздерінен алған қарызын сол ақшадан қайтаратынын айтып, құрғақ уәдемен шығарып салыпты). Әдейі арнап келгенде, бізді қызына жүздестіріп: «Мыналардың сенде «проценттік өсіммен» берген ақшасы бар екен. Не айтасың бұларға?» – деудің орнына, бәрін өзі біліп, бәрін өзі кесіп–пішіп отырған кейуананың, бұл сөздеріне онша сене қоймадық. Сол себепті, әлгі жерде көңлімізге келген күдігімізді білдіріп: – «Жаман айтпай-жақсы жоқ» – деген апай. Егер қызыңыз олай-бұлай болып кетсе, біз не істейміз? Сіз бұл сөздеріңізден танып кетіп жүрмейсіз бе? – деп едік: – Құдай сақтасын... Қызымның қарызын өзім төлеймін, қызым өліп қалса да! – деді. К.Нұржанованың бұл сөзі, күткеніміздей, әшейін алдамшы, уақыт ұту үшін айтыла салған құр сөз болып шықты. Бұдан соң, бұл кісі бізге ақша бермек түгілі, қарасын да көрсетпей қойды. Үйіне звондасақ өзі де, әлгі біз үйіне барғанда енесімен бірге болған, біздің әнгімемізге бастан–аяқ қатысып отырған келіні Ардақ та жауап бермеді. Осыдан соң, амал жоқ, Әл-фараби аудандық полиция бөліміне арыздануымызға (арыздың кірістік тіркеу мерзімі 29.03–2015ж.) тура келді. Мұнда біздің ісімізбен тергеуші Б.Пилдебаев айналысты. «Айналысты» дегеніміз болмаса, ол дәлірек айтқанда, айналысып жетістірген жоқ. Ылду-сылду деп үстелінің тартпасында екі ай жатқызды да, тек біз бастығы Н.Жалғасовтың алдында, айтарымызды Диктофондағы: «Қызымның қарызын өзім төлеймін» деген өз сөзі арқылы дәлелдеп бергенен соң ғана Нұржановадан барып жауап алды. Алайда, кейуана тергеушіге берген бұл жауабында, бізді, үйіне 2015 жылғы наурыздың бас кезінде емес, қызы қайтыс болған соң, 04.06.2015ж. келді ғып көрсетіпті. Және өзінің сондағы біз Диктофонға жазып алған: «Алматыда бір-екі әйел бар... Олар маған ақша салып тұрады. Сендерге сол ақшадан беріп тұрамын. Қызымнын қарызын өзім төлеймін, қызым өліп қалса да» деген сөздерін мойындамапты. «Мен олай деп айтқан емеспін» депті. Бірақ Б.Пилдебаевпен оның бөлім бастығы Ж. Тұрлыбаев Нұржанованың диктофондағы бұл сөзін есепке алмады. Оның әлгі тергеуші Б.Пилдебаевқа берген өтірік сөзіне сүйеніп, істі жапты да прокуратураға өткізді. Мұндағылар Б.Пилдебаевқа «мұның қалай?» деп жатпады. Істі түскен күйі Қалалық полиция басқармасына жөнелте салды. Мұнда іспен тергеуші Нұртас Мәжімбеков айналысты. «Айналысты» дегеніміз болмаса, бұл да әлгі Б.Пилдебаев құсап, не Нұржановадан, не оның ауырып жатқан қызы Л.Қасымбековадан бір рет те барып жауап алмастан, істі төрт ай бойы қолында ұстап, Л.Қасымбекова қайтыс болған соң, қысқартып, жапты да, Әл–фараби аудандық прокуратурасына қайтарды. Олар болса, біздің наразылық келтіруіміз бойынша істі қайтадан Қалалық ПБ-ына жолдады. Мұнда іс тағы да Н.Мәжімбековтың қолына тиді. Ол бұл жолы істі қарауды бұрынғыдан да бетер кешіктіріп, жеті-сегіз айға созды. Мұның алғашқы төрт айында, уақытымыз Н.Мәжімбековке қайта-қайта келіп, қайта-қайта звондап: «Нұржановадан қашан жауап аласың»? деумен өтті. Ол мұндайда бізге: – Ой, ол кісінің көзі ауырып жатыр ғой. Жүре алмайды, – дейді. – Дәрігерден қағазы бар ма? – дейміз біз. – Жоқ, – дейді Мәжімбеков. Ақырында, болмаған соң, арызымызды басқарма бастығы А.А. Бейсенбаевтың қабылдауына кіріп айтуымызға тура келді. Бұл кісі бұл іспен таныс емес екен. Бұл жайында бес–алты айдан бері, өз атына жолданған Л.Досымова мен Р.Қуатованың арыздарын көрмепті де. Әрі кетсе, екі–үш айдың ішінде бітіруге болатын бұл істің қалайша осы уақытқа дейін созылып келе жатқанына таңданыс білдіріп, орынбасары Ө.Бекбердиевті шақырып алды. Бұл жерде екі бастықтың не сөйлескенін білмедік. Білгеніміз, бұдан бізге пайда болған жоқ. Оны осыдан кейінгі іс барысынан байқадық. Бұл іс – Н.Мәжімбековтің бізді Нұржанованың үйіне ертіп барып, онымен беттестіруінен басталды. Нұржанова бұл жолы бізбен, тұруға шамасы келмейтін ауру адам құсап, сырт киімімен шалқасынан жатып сөйлесті. – Біз өткен жолы үйінізге келіп сөйлескенде: Алматыда бір-екі әйелдің өзіңізге ақша салатынын айтып, қызыныздың қарызын сол ақшадан берем, деп едіңіз. Содан соң, олар сізге сол ақшаны салды ма? Нұржанова біздің бұл сұрағымызға «жоқ» деп бір-ақ сөзбен жауап берді. – Неғып жібермеді екен. Сұрамадыныз ба? Кейуана бұл сөзімізді естімеді ме, бізге жауап қайтармады. Бұл жағымен тергеушінің де жұмысы болмады. Үнсіз қалды. Енді Н.Мәжімбековке, әлгі Нұржановаға ақша салып тұруға тиіс екі әйелден жауап алу керек болды. Бірақ, басқарманың «Розыскі» бөлімінің адамдары Г.Ермекбаеваны мекен–жайы (Алматы қаласы, Қалқаман мөлтек ауданы, А.Байтұрсынов 86, телефоны, фотосуреті),бәрі белгілі болса да жуық маңда таба алмады. Олардың мұндағы бастықтарының (Ө.Бекбердиев, Е.Қарсыбаев, С.Сәкенов) айтуынша, бұлар барған кезде Г.Ермекбаева не Астанаға, не басқа бір жақа кеткен болып шығады. Әйтеуір үйінде болмайды. Осылайша «Розыскінің» адамдарының, Алматыға үш рет барып, үш рет келуіне тура келіпті. Мұндай «барыс-келіс» 2016 жылы екі-үш айға, оның ішінде маусым айында – екі аптаға, екіншісі, шілде айында – екі-үш аптаға созылыпты. Тек, Алматыға үшінші рет барғанда ғана Г.Ермекбаеваны қолға түсіріпті. Бірақ, оны Шымкентке алып келе алмапты. Себебі, қолдарында ондай құқық беретін «санкциясы» болмапты. (Әу баста басқарма басшылығы, Ермекбаеваны ұстаған замат осында, Шымкентке алдырып, бізбен беттестіріп жауап алмақшы болып жүр еді. Енді қолға түсірген соң, ол ойларынан қалайша айнып қалғанына түсінбедік). Сол себептен болар, бұл жолы тергеуші Н.Мәжімбековтің өзі де «Розыскінің» адамдарымен Алматыға бірге ере келіп, әлгі екі әйел – Г.Ермекбаева мен Л.Махажановадан, олардың адвокатының қатысуымен жауап алуына тура келіпті. Алайда, бұл «жауап алу» бізге өзіміз күткендей емес, қайдағы бір алдын-ала дайындалған сценарий бойынша жауап алу секілді болып көрінді.Бұл сценарий бойынша Ермекбаева дегеніміз, әлгі біздің Нұржанованың Диктофон жазбасындағы сөзінен білетініміздей, әлденендей сауда-саттықпен айналысып, артынан екі адам қарауылдап жүретін – екі әйелдің бірі, немесе екі-үш айдан бері «Розыскінің» адамдарына ұстатпай қашып-пысып жүрген алаяқ әйел емес, «қой аузынан шөп алмастай», моп-момақан, жәй әншейін, немерелеріне қарайлап, ілдебайлап күн кешкен, әрі жесір, әрі жұмыссыз әйел кейіпінде көрініс берді. Тергеу хаттамасындағы бұған қоса айтқандарына сенсек, ешқашан, ешқандай кәсіпкерлік, бизнес дегеніңізбен айналысып көрмепті. Әлгі Нұржанованың айтып жүргеніндей, мал бордақылаумен айналысып, банкке ақша құйып, одан 7 миллион доллар ақша алмақшы болғаны да –бәрі бекер сөз екен. Тек әлгі 2013 жылғы 15 мамырда «Валюта» ауыстыратын пунктте Л.Қасымбекованың Роза Қуатовадан алған 200 мың долларының өтеу мерзімін ұзартып, тілхатын қайта жазғанда, өзіне куә ретінде қол қойдырғаны, сосын, оның Роза Қуатоваға өзін нұсқап: «Енді мендегі ақшаңды осы әйелден аласың» дегені рас екен. Бірақ, одан соң Л.Қасымбекова өзіне: «мынаны Роза Қуатоваға бересің» деп ешқандай ақша бермепті . Ал екінші әйел – Лейла Махажанова дегеніміз кім? Ол бұл іске қайдан араласып жүр? Ол былай екен. Л.Қасымбекова оның 1982 жылдан бері білетін дос қызы екен. Екеуі институтта бірге оқыпты. Гүлшат Ермекбаеваны да көптен біледі екен. Екеуі де Алматыда тұрады. Оған Л.Қасымбекованы 2012 жылы наурызда Алматыға бір келгенінде таныстырыпты. Бұдан соң, Ләйлә Қасымбекова мұнда 2014 жылы ауырып келіпті. Сол келісінде, оны «Экомед» клиникасына ертіп барып, дәрігерге көрсетіпті. Сол жолы Ләйлә Қасымбекова бұған Роза Қуатова деген әйелдің өзіне «проценттік өсіммен» алған ақшасын сұрап, тыныштық бермей жүргенін айтып, жылапты. Одан соң Л.Қасымбекова, бұл «мұңын», «өз шаруасымен» Шымкентке бір келгенінде, Гүлшат Ермекбаеваға да шағынып, одан өзінің Роза Қуатовадан «проценттік өсіммен» қарызға алған ақшасына (200 мың долларына) байланысты жазатын тілхатына куә ретінде қол қойып беруін өтініпті. Осы арада Нұржанованың, Диктофондағы 2015 жылы наурыздың бас кезінде, біз үйіне барғанда, әлгі кәсіпкерлікпен айналысып, өзіне ақша жіберуге тиіс «екі әйел» туралы айтқан тағы бір әнгімесі ойға оралады. Бұл әнгімеде Г.Ермекбаева мен Л.Махажанованың, әлденендей сауда – саттықпен айналысып жүргені, артынан бұларды қарауылдап екі адамның еріп жүретіні айтылады. Бұл сөзді, қашан ақша жіберетінін звондап сұрағанда, Нұржановаға Ермекбаеваның өзі айтыпты. Сонда, олар бұл жерде қандай сауда-саттықпен айналысып жүр? Артынан қарауылдап екі адам еріп жүретіндей, бұл неғылған сауда? Егер бұл, мәселен, құпия түрде есірткі сатумен айналысу болмаса, қандай сауда болуы мүмкін? Тергеу хаттамасы бойынша Мәжімбеков бұл жайында аталған екі әйелден ештеңе сұрамапты да, олар да оған бұл жайында ләм деп ауыз ашпапты. Енді Л.Қасымбековадан «проценттік өсіммен» ақша алам деп, өз ақшасына қолы жетпей жүрген үшінші әйел – Роза Қуатованың Қалалық ПБ–ның бастығы А.Бейсенбаевтың атына жазған арызындағы мына жолдарға назар аударып көрейік. Бұл әлгі Л.Қасымбекованың өзі істейтін «Валюта» ауыстыру пунктінде 2013 жылдың 15 наурызында Р.Қуатовадан алған 200 мың долларының өтеу мерзімін ұзартып, тілхатын қайта жазып, Г.Ермекбаеваға куә ретінде қол қойдырғаннан кейін болған әнгіме еді. – Енді, – деді Л.Қасымбекова Р.Қуатоваға Г.Ермекбаеваны нұсқап–мендегі ақшаңды осы әйелден аласың. Бұл әйел Гүлшат менің әпшем болады. Шолаққорғандық. Мал бордақылайтын жеке кәсіппен айналысқалы жүр. Жақында «Казагрофинанс» банкісінен 7 миллион доллар ақша алмақшы. Сенің ақшаңды сол ақшадан қайтарады. Г.Ермекбаева Л.Қасымбекованың бұл сөзін қоштап: – Иә ақшаңды енді менен аласың – деп қойды. Бұған қоса, өзінің бұл ақшаны алу үшін аталған банкіге 500 мың доллар құйығанын «растайтын» құжаттарын да көрсетті. Мен оның бұл айтқан сөздеріне онша сенбедім. Сол себепті, оған Қасымбекованы нұсқап: – Олай болса, жаңағы, мына сіңліңіз (Л.Қасымбекова) айтқан ақшаны маған берем деп, өз қолыңызбен тілхат жазып беріңіз, – деп едім, ол: «Мен ондай тілхат бере алмаймын. Егер мен олай деп тілхат беретін болсам, онда сен, ертең қарызыңды менен де, Қасымбековадан да талап етіп, екеумізден де ақша алуың мүмкін», – деп «көрегендік» танытты. Роза Қуатова Г.Ермекбаевадан меселі қайтқан соң, енді бұл талап-тілегін Л.Қасымбекованың өзіне айтты. – Онда сен тілхатыңды дұрыстап қайта жаз. Жазғанда, өзің айтып отырғандай, менің өзіңнен аласы ақшамды, енді осы әпшең Гүлшат Ермекбаевадан алатынымды көрсетіп жаз. Оны нотариус арқылы қуәләндір, – деді. Алайда, Л.Қасымбекова бұлай деп жазғысы келмеді. – Тілхатқа Г.Ермекбаева куә ретінде қол қойып отыр ғой. Сол да жетпей ме? – деді, Л.Қасымбекова Р.Қуатованың бұл сөзін жақтырмай. – Ау, жарқыным, не деп отырсың өзі?! Бұл жерде Ермекбаева сен айтқан ақшаны маған «берем» деп емес, жәй әшейін, өзіңнің жаңағы маған айтқан «Мен енді ақшаңды осы әйелге берем, енді ақшаңды осыдан аласың» деген құр сөзіңе куә ретінде ғана қол қойып отыр емес пе? Сен кімді ақымақ қылып отырсың? Ертең мына әпшең: «Мен сені танымаймын, мен сенен ақша алған жоқпын» десе, мен не деймін? Қайтіп дәлелдеймін оны? Сұмдық қой, алаяқтық қой бұларың? Құдайым, мені қайдан жолықтырды екен, сендердей бәлелерге?! Әлгі жерде бұдан әрі сөйлеуге шамам келмеді. Жүрегім ауырып, құлап, «Жедел жәрдем» келіп, укол салған соң ғана есімді жидым. Ақырында, денсаулығымнан айрылдым. Екі рет инфаркт болып, екеуінде де операция жасаттым. Оның үстіне «қант диабетіне» шалдықтым. Қазір екінші топтағы мүгедекпін. Ал енді Р.Қуатованың осы айтқандарын қалайша өтірік дей аласыз?! Әйтпесе, Р.Қуатованың ақшасын сұрап, ұялы телефоны арқылы айтқан өтінішіне Л.Қасымбекованың берген жауап хатына қараңыз. Қасымбекова Қуатоваға 2014 жылдың 22 ақпаны мен сол жылдың 28 сәуір аралығында осындай сегіз хат жолдапты. Бұл хаттарды Р.Қуатова арызымен қосып, Қалалық ПБ бастығы А.Бейсенбаевтың атына да жолдапты. Оның бір-екеуінің мазмұны мынадай: Отправитель: Лейла Қасымбекова (+77715676867).05–03.2014г. «Олай деп қорқытпаяқ қойыңыз.Туседі. Сол кезде аласыз. Жоқ ақшаны қайдан беремін қазір». Отправитель (+77715676867) 16.03.2014г.вр:18:36. «Жазылып кетіңіз. Алла шипасын берсін бәрі нормально болады.Только сабыр етініз. Барынша жүгіріп жүр ғой Гулшат». Бұл арада Л.Қасымбекова : «Гүлшат барынша жүгіріп жүр ғой» деп кімді мегзеп отыр? Гүлшат Ермекбаеваны, оның өзінен алған Р.Қуатованың ақшасын қайтару үшін әрекеттеніп жүргенін айтып отыр емес пе? Мұны қалайша өтірік дерсің?! Әйтпесе, біз жоғарыда тоқталып өткен «Валюта» ауыстыру пунктінде Қасымбекованың Р.Қуатоваға: «Енді мендегі ақшаңды осы әйелден аласың» деп Гүлшат Ермекбаеваны қолымен нұсқаған кезін алайық. Не деп еді сонда, Г.Ермекбаева? Л.Қасымбекованың сөзін қоштап : «Ия, енді ақшаңды менен аласың»деген жоқ па еді? Мұны қалайша өтірік дей аларсыз? Алайда, тергеу хаттамасында бұл дәлелдемелер туралы бір ауыз сөз жоқ. Тергеуші Н.Мәжімбеков, қолында 4–5 айдан бері жатқан Р.Қуатованың Қалалық ПБ бастығы А. Бейсенбаевтың атына жолданған хатын оқымаған ба сонда? Әлде, оқыса да бұл жерін айтқысы келмеді ме екен? Осы арада Нұржанованың Диктофондағы тағы бір сөзі еске түседі. Онда кәсіпкерлікпен айналысып, «Казагрофинанс» банксінен көп ақша алмақшы боп жүрген әлгі «екі әйелдің» Нұржановаға «ақша жіберіп тұрамыз» деп, оның зейнеткерлік книжкасының нөміріне дейін жазып алып кеткені айтылған еді. Ал бұл екі әйел (Гүлшат Ермекбаева мен Лейла Махажанова) болса, тергеушіге берген жауаптарынан, көріп отырсыз, Нұржанованың бұл сөзін үзілді-кесілді жоққа шығарып: «Біз ешқандай кәсіпкерлікпен айналысқан емеспіз, Нұржановаға, ондай ақша салып тұрамыз деп ешқандай уәде берген емеспіз деп отыр емес пе? Ендеше, әлгі Нұржанованың қызы Л.Қасымбекованың Л. Досымовадан алған – 41600 доллар, О. Досымовадан алған – 30 мың доллар, Г. Өтегеновадан алған - 2 000 000 теңге мен 10 мың доллар, Р. Қуатовадан алған – 200 000 мың доллар ақшаның бәрі қайда кетеді?! Сонда, бұл жерде кім өтірік айтып отыр? Бізге қызының жұрттан қарызға алған ақшаларының бәрін осы екі әйелге бергенін айтып, енді соларға «маған ақша салады» деп сенім артып, бізге: «Қызымның қарызын өзім өтеймін, қызым өліп қалса да» деп ант-су ішкендей уәде берген Нұржановаға ма, жоқ әлде, Нұржановаға «ақша саламыз» деп зейнеткерлік кенешкесінің нөмріне дейін жазып алып кеткен – Г.Ермекбаева мен Махажановаға ма? Тергеу хаттамасында бұл жөнінде тергеуші Н.Мәжімбеков тарапынан екі әйелге қойылған бір ауыз сұрақ та, олар тарапынан қайтарылған бір ауыз жауап та жоқ. Ақырында, тергеуші Н.Мәжімбеков, аталған қылмыстық – топ К.Нұржанова мен оның қызы Л.Қасымбековадан және екі әйел – Г.Ермекбаева мен Л.Махажановадан ешқандай алаяқтық қылмыстың «белгісін таппай», істі тағы да қысқартып, бізге енді «сотқа барыңдар» деп отыр. Біз тергеуші Н.Мәжімбековтың бұл тұжырымымен келісе алмаймыз. Бұл іс бұлайша жеңіл желпі қарап, оп-оңай қысқартып жаба салатын іс емес. Біз бұл істі – белгілі бір қылмыстық топтың, Л.Қасымбекованың рак ауруымен ауыратынын есепке алып, алдын ала тереңен ойластырып ,өзара ұйымдасып істеген ісі деп білеміз. Керек болса, Н.Мәжімбековке, бұл істің барысы жайында нұсқау беріп, бақылап отыратын оның бастықтарымен де байланысты болуы, ал бұларға оның аржағындағы тағы бір «мықтылардың» ықпал етуі мүмкін. Осы арада Нұржанованың Диктофондағы тағы бір сөзі еріксіз еске түседі. Бұл оның, әлгі біз үйінде болып, сыртқа шыққан кезде біздің баламызбен сөзге келіп қалған, өз баласына жақтасып, шаптыға сөйлеп: «Менің де «адамым бар, прокурор балам бар, звондасам, қазір жетіп келет те, сендерді алат та кетет», – деп бізге күш көрсету тұрғысынан сөйлеген сөзі еді. Бақсақ, Нұржанованың бұл дөң айбаты бекер емес екен. Оны біз: әлгі тергеуші Б.Пилдебаевтан кейін Н.Мәжімбековке келіп түскен ісіміздің қозғалыс, бет алысынан, дәлірек айтқанда: тергеуші Н.Мәжімбековтің Л.Қасымбековадан төрт ай бойы бір жауап алмай, тек ол көз жұмған соң ғана, нақа бір осы сәтті күтіп отырғандай, жедел түрде істі қысқартып, прокуратураға өткізе салуынан; Г.Ермекбаева мен Л.Махажанованың тергеу хаттамасындағы жазған түсініктемелері бойынша «Сүттен ақ, судан таза» болып көрінуіне жол ашып, олардың алаяқтық-қылмыстық іс-әрекеттерінің шын мәнісіндегі боямасыз бет-пердесін ашып көрсететін Диктофондағы Нұржанованың сөздерін елеусіз қалдыруынан; Ақырында, Әл-Фараби аудандық прокуратурасының (А.Меңлібаев) Н.Мәжімбековтің жүргізген бұл былықпай істеріне дер кезінде тиісті шара көру орнына, көзжұмбайлықпен қарап, үнсіздік танытуынан айқын аңғардық. Нәтижесінде – не болу керек болса, сол болды. «Әй дерлік әжесі, қой дерлік кожасы» жоқ Мәжімбеков мырза, ақыры білгенін істеп тынды: істі тағы да (үшінші рет) қысқартып, бізге енді бұл іс бойынша сотқа жүгінуге «кеңес» берді. Алайда, біз оның бұл «кеңесін» мақұл көрмедік. Істі қайта бұзуды талап етіп, Әл-фараби аудандық прокуратурасына (С.Орманов) арыздандық. Алайда, Тергеуші Мәжімбековтың қаулысымен, прокуратураның (А.Меңлібаев) бекітуімен жабылып архивке кеткен бұл істі алдырып, қайта қараған прокуратура қызметкері Ә.Әбдіқұлов істі тағыда «бұзуға негіз жоқ» деген шешім шығарды. Бұл шешіміне: «Сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында Г.Ермекбаеваның көрсетілген қылмысқа қатысы барын және оның Л.Қасымбековадан Л.Досымоваға тиесілі ақшасын алғандығын дәлелдейтін мәліметтер анықталмаған» деген еш қисынға келмейтін, түсініксіз дәлел келтірді. Ау, бұл арада Ермекбаеваның бізге қатысы қанша? Бұл жерде әңгіме оның Нұржанованың зейнеткерлік есеп-шотына ақша салып тұрмақшы болған сөзінде, сосын, Нұржанованың өз кезегінде ол ақшаны Л.Досымоваға беріп, қызының қарызын өтемекші болған уәдесінде болып отыр емес пе?! Әбдіқұловтың ол жағынан хабары жоқ сияқты. Әбдіқұлов мырза аталған «шешімінде» біздің ісімізді бұзуға негіз жоқтығының енді бір себебін «Мәжімбеков жүргізген тергеу нәтижесі бойынша» Л.Қасымбекованың қайтыс болып кеткендігімен түсіндіріпті. Ал сол Мәжімбеков бұл істі қалай тексерді? Біз арыз берген соң, Қасымбековадан көзі тірі кезінде төрт ай бойы бір рет те жауап алмай, тек ол қайтыс болған соң ғана, нақа бір төрт айдан бері осы сәтті күтіп отырғандай, істі жедел түрде жауып, прокуратураға өткізе салды емес пе? Сонда, осы да «тексерген» , осы да «тергеу нәтижесі» ме? Әбдіқұлов мырза бұл жағына бас ауыртпайды. Оның ойынша: Қасымбекова қайтыс болған. Іс осымен бітті. Қызы үшін шешесі жауап бермейді.Ал егер алаяқ қызының қылмысына шешесінің алаяқтықпен тікелей қатысы болып, «қызымның қарызын өзім берем» деп өтірік алдап, жұрттың бәрін құрғақ уәдемен қанқақсатып отырса ше? Әбдіқұловқа бұл жағы есеп емес. Қысқасы, тергеуші Мәжімбеков біздің ісімізді соңғы рет (үшінші рет) қалай жапса, Әбдіқұлов та «Жауырды жаба тоқып», жоқтан – бар, бардан-жоқ жасап, «бұл істі бұзуға негіз жоқ» деген шешімді солай шығарып отыр. Аудандық прокуратура шешіміне нарза боп, облыстық прокуратураға (И.Иманов) жазған арызымыздың жауабы да (әзірлеген Н.Ағабеков) егіздің сыңарыңдай осыған ұқсас болып шықты. Бұл мырза да біздің істі бұзып қайта тергеуге жіберуге сұранған талабымызды негізсіз деп тауып, мұнысын: «Тергеу барысында Ермекбаеваның әрекетінде қылмыс құрамы белгілерінің жоқтығы анақталмағандығымен» түсіндіріпті. Дұрыс-ақ дейік. Ал, Ағабеков мырза бұл «анықтамасын» Мәжімбеков жүргізген тергеу хаттамасындағы Ермекбаеваның бастан- аяқ ойдан шығарылған өтірікке құрылған жалған жауаптарынан басқа қандай дәлелге сүйеніп айтып отыр? Оған жауап жоқ. Оның есесіне Ағабеков мырза, жоғарыда келтіргеніміздей, аталмыш тергеу хаттамасындағы Ермекбаеваның бұл жауаптары жайлы; Р.Қуатова ақшасына сұрау сап звондағанда, Л.Қасымбекованың: «Гүлшат сол үшін жүгіріп жүр ғой....» деп Ермекбаеваға сілтеме жасап берген жауабының телефонаграммалық («соткалық») жазбасы жайлы; сол секілді, әлгі біз ақшамызды сұрап үйіне барғанда, К.Нұржанованың: «Ермекбаеваның өзінің есеп-шотына ақша салатыны, бізге қызының қарызын сол ақшадан өтейтіні» жайлы айтқан, біз диктофонға жазып алған уәдесі туралы ләм демейді. Қысқасы, Н.Ағабеков дайындап, И.Иманов қол қойған бұл жауаптан: «Нұржанова айтты» деген бір ауыз сөзді де, тіпті, «Нұржанова», «Диктафон» деген атауды да таба алмайсыз. Сонда, Әл-Фараби аудандық прокуратурасы мен Оңтүстік Қазақстан облыстық прокуратурасының басшылығы кімнің мүддесін қорғап отыр? Алаяқ Л.Қасымбекованың қармағана ілініп, «он проценттік» өсім түгілі, өз ақшаларына зар боп қалған төрт әйелдің бе, әлде, оның шешесі К.Нұржановамен сыбайлас алматылық екі әйелдің бе?Әлде?.... ...Осы тұста бұрынғы облыстық прокурор И. Иманов басқа жаққа ауысып, орнына жаңа прокурор (Н.Әбдіров) келді де, енді арызымызды сол кісінің атына жазумызға тура келді.Алайда, жаңа прокурор дан алған жауабымыз да, мұның алдындағы облыс прокуроры И.Имановтың атына жазған арызымызға алған жауапқа ұқсас болып шықты. Бұл жауаптан да (әзірлеген аға прокурор М.Өтегенов) «диктафон» деген атау сөзді кездестіре алмадық.Өтегеновтің айтуынша, мұның себебі, неге екені белгісіз, өзі тексеруге алған «істе» бұл «диктофон» жазбасы тіркелмепті.Бұл жайында о баста бұл іспен айналысқан, бұл диктофон көшірмесін біздің қолымыздан «тілхат» беріп алған Шымкент қалалық полиция басқармасының тергеушісі Н. Мәжімбековтен де сұрастырып көрмепті.Ақырында не керек, бұдан соң Өтегеновке үйден алып келіп, өзіміздегі диктофон жазбасын тыңдатып көрсетуімізге тура келді.Әйтсе де, бұдан кейін «бұл тыңдауға» байланысты Өтегеновтің бізге берген «анықтамалық» жауабы да, мұның алдындағы бұрынғы прокурор И.Иманов қол қойған (әзірлеген Н.Ағабеков) жауап секілді, аталмыш қылмыстық топ мүшелерінің іс-әрекетінен ешқандай алаяқтық қылмыстың ізін таппай, істі қысқартып жауып тастаған, тергеу ісіне барынша қолдау білдіріп, біздің арыз хатымызда келтірілген дәлел-дәйектерімізді көрнеу-көзге теріске шығарған жауап алдық. Соның бір мысалы, біз жоғарыда тоқталып өткен Л.Қасымбекованың Р.Қуатовадан 10 проценттік өсіммен екі айға қарызға алған ақшасының (200 мың долларының) өтеу мерзімін ұзартып тілхатын қайта жазғаны, сосын, оған куа ретінде Ермекбаеваға қол қойдырып, Р.Қуатоваға: «Енді мендегі ақшаңды осы әйелден аласың» дегені, Г.Ермекбаеваның Р.Қуатоваға: «Иә, енді ақшаңды менен аласың» деп Л.Қасымбекованың бұл сөзін қоштай сөйлегені, бұлардың бұл құйтырқы қылықтарының астарын ұнатпаған Р.Қуатова, әлгі екеуіне: «Олай болса, маған солай деп тілхат беріңдер» дегенде, олардың бұлай етуден бас тартқаны, мұның аяғы Р.Қуатованың сол арада ес-түссіз құлап, «Жедел-жәрдеммен» ауруханадан бір-ақ шыққаны бар емес пе?Ал, аға прокурор М.Өтегенов болса, «мұнда тұрған не бар?» дегендей, «анықтамасында»: «Л.Қасымбекова мен Г.Ермекбаеваның бұл іс-әрекетінде қандай да бір қылмыстық құқық бұзушылық бар деп пайымдауға негіз жоқ» деген тұжырым жасады. Қалай екені түсініксіз, М.Өтегенов мырза «анықтамасының» енді бір жерінде бұл тұжырымына қарама-қайшы кеп, Л.Қасымбекованы әлгі «Валюта» ауыстыру пунктіндегі кездесуде, Р.Қуатова проценттік өсіммен қарыз алған ақшасының (200 мың доллорының) өтеу мерзімін ұзартып қайта жазған тілхатының мағынасын өзгертіп, оның орнына, Л.Қасымбекованы: ол ақшаны Р.Қуатовадан осы арада алған ғып, оған Г.Ермекбаеваны: «әпшем» деп таныстырып, алған ақшаны оған кәсіпкерлікпен айналысу үшін беретінін айтқан ғып көрсеткен. М.Өтегенов мырза, «анықтамасының» ендігі бір тармағында, әлгі біз үйден алып келіп өзіне тыңдатқан диктофон жазбасына тоқталып былай дейді: «Бұдан бөлек, К.Нұржановамен араларыңызда болған әңгімені басып алған аудиожазба тексеріліп, Г.Ермекбаева мен К.Нұржанованың алаяқтық қылмысқа қатыстылығы анықталмаған». Апыр-ау, «Мен не деймін, қобызым не дейді».Маналы бері осы алты беттік арыз-хатымыздың бүткіл өнбойында сөз еткеніміздің бәрі осы К.Нұржанова мен Г.Ермекбаеваның алаяқтық ісіне қатысты болып отыр емес пе? Басқасын былай қойғанда, К.Нұржанованың әлгі біз үйне барғанда: «Қызымның қарызын өзім беремін, қызым өліп қалса да» деп (Кейіннен тергеуші Б.Пилдебаевқа берген жауабында: «Мен бұлай деп айтқан жоқпын» деп бұл сөзінен жазба түрде таңып кеткен), біз диктофонға жазып алған, иманын алға тартып, ант-су ішіп айтқандай сөзі ше?! Әйтпесе, Г.Ермекбаеваның: «Банктен ақша алған соң, ақша салам» деп К.Нұржанованың жеке куәлігі мен зейнеткерлік есеп-шотының нөмірлерін жазып алып кеткені, кейіннен тергеуші Н.Мәжімбеков жауап алғанда, бұл айтқандарының барлығы өтірік болып шығып, Г.Ермекбаеваның бұрын-соңды ешқандай кәсіпкерлікпен айналыспағаны, бұл үшін ешқандай банктен ақша алып көрмегені әшкере болды емес пе?!. Сонда Өтегеновтің ойынша, мұның да ешқандай алаяқтыққа қатысы жоқ болғаны ма?!. М.Өтегенов мырзаның аталмыш «анықтамаға» байланысты айтқан соңғы сөзі- әлгі біздің, өзі тыңдап көрген аудио жазбамыздағы К.Нұржанованың: «Қызымның қарызын өзім төлеймін» деген уәделік сөзіне қатысты болды. Бұл «уәжіміздің» азаматтық тәртіпте сотқа жүгіну арқылы қаралуға жататынын айта келіп, осыған орай, біздің ҚР ҚПК-нің 106-бабына сәйкес азаматтық тәртіппен тергеу судьясына шағымдануға болатынымызды көрсетті.Алайда, осы тұста тағы да тұйыққа тірелгендей болдық. Облыс прокурорының аталмыш «анықтамалық» «ақыл-кеңесі» бойынша, Еңбекші аудандық соты төрағасының міндетін атқарушы С.Шыналиеваның атына жазған арызымызды тергеу судьясы Қ.Анарбаев, аталған 106-бап талаптарына сай тергеп-тексеру жүргізбестен «қанағаттандырусыз» қалдырып, оның орнына, біздің бұл жөнінде облсотқа арызданумыз туралы қаулы шығарды. Бірақ біздің бұл арызды жазуға қолымыз бармады. Себебі, облсоттың біздің бұл арызымызды да қанағаттандырусыз қалдырмасына күмән келтірдік.Шынын айтқанда сенбедік. Сол себепті, Сізден Бұл істің қайта тексерілуіне ықпал етуіңізді сұранамыз.Тексергенде, о баста қалай тексеруге алынса, солай-қылмыстық іс ретінде тексерілуге тиіс.Бұл ретте, жоғарыда аталғандай, Қалалық ішкі істер басқармасының тергеушісі Н.Мәжімбеков пен Облыстық прокурор көмекшілері Н.Ағабеков, М.Өтегенов сияқты, қылмыстық топтың басты «главары» Л.Қасымбекованың қайтыс болып кеткенін сылтауратып, біздің осынау арыз-хатымызда айтылған шындық фактілерді қасақана бұрмалай көрсетіп, қылмыстық істің азаматтық іске айналуына жол берілмеуі тиіс. Аталған қылмыстық топ мүшелері Л.Қасымбекованың рак ауруымен ауырып жатқан кезін және сол аурудан қайтыс болып кеткенін пайдаланып, алаяқтық жолмен жұрттан алған ақшаларын өздеріне қайтарып беріп, заң жүзінде жазасын алуы тиіс.Сонымен бірге, бұл «тірліктері» үшін, аталған полиция тергеушісі мен прокурор көмекшілері және бұлармен бірге, олардың басшылары да жауап беруі керек деп білеміз. Р.S. Осыдан соң, ҚР Бас прокурорының атына жазған осы арыз - хатымызға орай, Облыстық прокурордың орынбасары Ә.Қожахметовтың бізге қайтарған жауабын алдық. Жауапты дайындаған – аға прокурор М.Өтегенов мырза. Ол бұл жолғы жауабында ҚР заңының 11 бабын алға тартып, бізге ендігі жерде: «Қайта жасалған өтініштерде жаңа дәлелдер немесе жаңадан анықталған мән-жайлар келтірілмеген жағдайда, оны қараудың тоқтатылатындығын» ескертіпті. Апыр-ау, М.Өтегенов мырза керек етіп отырған сондай дәлелдемелер мен мән-жайлардың бәрі – осы біз сөз етіп отырған, біз Бас прокуратураға жолдаған, одан, бізге жауап қайтару үшін өзінің қолына келіп түскен арыз-хатымызда жеріне жеткізіле айтылған жоқ па еді? Ендіше, онсыз да о бастан алаяқтық - қылмыстық іс екені өзінен өзі айнадағыдай айқын көрініп тұрған бұл істің азаматтық емес, нағыз алаяқтық-қылмыстық іс екенін көрсету үшін, тағы да бұдан артық қандай «дәлелдемелер» мен «мән-жайлар» керек болды екен, бұл құзырлы прокурор мырзаларға? Бұған қоса айтарымыз: - жуырда бас прокуратура тәртіптік комиссиясының тексеру қорытындысы бойынша, бас прокурор Қ.Қожамжаровтың бұйрығымен бірқатар облыс прокурорлары мен прокурор орынбасарлары орындарынан босатылды. Олардың қатарында жоғарыдағы біз сөз еткен жауап хатқа қол қоюшы Оңтүстік Қазақстан облыстық прокурорының орынбасары А.А.Қожахметов мырза да бар.О. Шаяхметов,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі