Семей полигоны туралы заңды қайта қарайтын кез келді
2017 ж. 20 қараша
5523
2
«Абыралыға баратын кім бар?»
«Қырық жыл полигон зардабын тартқан, әлі де тартып келе жатқан Абыралы өңіріне мемлекеттік деңгейде көңіл бөлетін кез жетті деп ойлаймыз. 1989 жылы арнайы Жарлық шығарып, атом аждаһасын біржола тұншықтырған Елбасымыздың қамқорлығына Қайнар халқының айтар алғысы шексіз. Дегенмен де дәл қазіргі уақытта талай таланттарды дүниеге әкелген шежірелі өлке назардан тыс қалып, өңірдегі халық саны жылдан-жылға азайып, мектеп-тердің жабылып жатқаны бізді қатты алаңдатады. Қазір шекаралық және бұрын жабылып қалған аудандар мемлекет қамқорлығына алынып, тіпті кейбірінің қайта құрылғалы жатқанын естиміз. Бұл ретте Абыралы өңіріне де басымдық беріліп, аймақ халқына тиісті жағдайлар жасалса дейміз. Ядролық сынақ зардабын тартқан, ат төбеліндей аз қалған жұрттың бар тілегі, арман-аңсары – осы», дейді Абыралы ауылының 81 жастағы тұрғыны Мүбарак Ағыбаев.
27 жыл жөндеу көрмеген жол
«Есіміңді естігенде ел дір етеді, Дегелеңге қарағанда дегбір кетеді» деп Серік Ақсұңқарұлы жырлаған Абыралы өңіріне жақында арнайы барып, бұрынғы ауданның бүгінгі тыныс-тіршілігімен танысқанымызда түйіні тарқамаған мәселелердің тым көп екендігін аңғардық. 1928 жылы Абыралы ауданы алғаш рет құрылғанда халықтың саны 40 мыңның үстінде болса, 1990 жылы екінші рет еңсе тіктегенде 12 мыңға әрең жуықтаған екен. Ал қазіргі санын айтудың өзі қиын. Бұрынғы аудан орталығы Қайнар, Алғабас, Абыралы, Ақбұлақ, Айнабұлақ ауылдарын қоса алғанда бар болғаны 5 мыңға тарта халық қалып отыр. Осы бес мың тұрғынды толғандырған, айтыла-айтыла әбден жауыр болған, әлі шешімін таппаған мәселенің үлкені – жол. Жергілікті қариялардың айтуынша, 300 шақырымға жуық «Семей-Қайнар» бағытындағы тас жол соңғы рет 1990 жылы Абыралы ауданы құрылған кезде асфальтталыпты. Яғни 27 жыл жөнделмеген жол полигон зардабын шеккен жұртқа «жығылғанға жұдырық болып», ел еңсесін көтертпей келеді. Мәселен Семей қаласы мен Қайнар ауылының арасы 270 шақырым десек, осы жолды тұрғындар 6-7 сағат әупірімдеп жүруге мәжбүр. Жолдың ең сорақысы Қаражыра кенішіне бұрылар тұстан басталып, Қайнар ауылына дейін жалғасады. Шұрық-тесік жолдың
кейбір тұсының шұңқырлары 30-40 сантиметрге дейін жетеді. Бұл жолда жылдамдықты арттыру туралы әңгіме қозғаудың өзі артық. «Не қолға, не аяққа маза жоқ. Машинаның коробкасына да тыным жоқ. Жылдамдықты ауыстырасың да отырасың. Қалаға жеткенше дөңгелегің төрт бұрыш болады. Денсаулығымыз да жоқ. Абыралы өңірінің талай тұрғыны осы жолдың кесірінен атамекенін тастап, қалаға көшіп кетті. Бұл жолды жөндейтін кез жеткен жоқ па? Мұндағы халықтың қамын ойлайтын біреу бар ма, жоқ па өзі?», деп налиды туған жерден кіндігін үзгісі келмейтін Ақбұлақ ауылының тұрғыны Төлеуғазы Мадиянов ақсақал.
Бұл жол Семейге қарасты Знаменка және Абай ауданына қарайтын Саржал, Тоқтамыс ауылдарының да үстімен өтеді. Соңғы жылдары сырқатына ем іздеген жұрт жиі баратын «Қоңыр әулие» үңгіріне де осы жол арқылы жылдам жетуге болады. Яғни бұл күре жолды Абыралының 5 мың тұрғынын қоса алғанда 10 мыңға жуық халық пайдаланады. Осы жолғы сапарымызда жолдың Саржал ауылына дейінгі аумағына жамау жұмыстары жүргізіліп жатқанын байқадық. Абыралылықтар жөндеу жұмыстары Қайнар ауылынан басталса деген өтініш айтады.
400 оқушыдан 40 оқушы қалған
Абыралы атырабының ең өзекті, өткір де тағдыршешті мәселелерінің бірі –халықты ұстап тұратын, жұмыспен қамтитын мектептердің жабылып, жабылмағанында оқушылар қатарының сиреп бара жатқандығы. Тоғыз жылдық мектепті қалт-құлт етіп әзер сақтап отырған Абыралы, Ақбұлақ, Айнабұлақ секілді ауылдардың жабылудың аз-ақ алдында тұрғаны жергілікті жұртты алаңдатып отыр. Биыл Төлеужан Ысмайылов, Тұрсын Жұртбай, Бауыржан Жақып сынды ақын-жазушылар туған Таңат (бұрынғы Соц. Қазақстан) ауылы жабылып, Ақбұлақ ауылына қосылғаны сөзімізге дәлел. Кезінде мыңға тарта халқы болған Абыралы ауылында бүгінде 60-қа жуық отбасы қалыпты. Бұрын Абыралы аудан боп тұрған шақта ауылдағы 3 қабатты мектепте 400-ден астам оқушы білім алыпты. Қазір кең сарайдай білім ордасында бар болғаны 36 оқушы оқып жатыр. «Тұрақты жұмыс болмағаннан кейін бәрі шұбырып қалаға кетті. Қазір ауылда негізінен зейнетақысына қараған қариялар қалды. Әрине, мал өсіріп, тіршілігін жасап жатқан бірен-саран жастар бар. Бірақ оларға көрсетілетін қолдау аз. Бұл жақтағы халықтың жайы белгілі ғой. Қан тамыры, жүрек ауруы бұрыннан бар. Көп адамдар аяқтан жүре алмайды. Полигонның зардабы көп тиді ғой бізге. Бұрын көмір түсіріп беріп, көмектесуші еді. Қазір оны алып тастаған-ау деймін», дейді денсаулығына байланысты Абыралыға жаз уағында келіп, қыста Семейді пана қылатын, сексеннің сеңгіріне шыққан Әбдуахит Жүнісов ақсақал.
Семей полигоны туралы заңды қайта қарайтын кез жетті
Алпыс үйлі Абыралы ауылын ғана емес, Қайнар, Алғабас, Ақбұлақ, Айнабұлақ секілді елді мекендердің тұрғындары ядролық сынақ қасіретін шеккен Абыралы атырабы мемлекет назарына алынып, халқын зейнеткерлікке ерте шығарса, өзге де жеңілдіктер қарастырылса деген тілектерін жеткізіп жатты. 1992 жылғы «Семей ядролық полигонындағы ядролық сынақтар салдарынан зардап шеккен азаматтарды әлеуметтік қорғау» туралы Заңға сәйкес Абыралы өңірі жоғары радиациялық қауіпті аймақ танылып, өңір тұрғындарына заңдық тұрғыдан әртүрлі жеңілдіктер жасалған болатын. Жеңілдіктер жасалғанымен, түсініксіз тұстары да жоқ емес. «Мен 1958 жылдың желтоқсан айында дүниеге келгенмін. Түсінбейтінім, осы жылдың шілде айына дейін дүниеге келгендер 50 жастан жеңілдікпен зейнеткерлікке шығып кетті де, біз қалып қойдық. Мен секілді, яғни 1958 жылдың шілдесінен кейін туғандар Абыралы өңірінде аз емес. Біз де полигон зардабын тарттық. Ауасын жұтып, суын ішіп, осы аймақта қаншама жыл тұрдық. «Ала қойды бөле қырыққан жүнге жарымайды» дегендей, халықтың қамын ойлап, жеңілдік жасағаннан кейін жарты жылға бөлмей, жыл соңына дейін есепке алса болмай ма?», дейді бұрынғы Таңат ауылының тұрғыны Әбіл Көшербайұлы.
Ел тәуелсіздігінің елең-алаң шағында қабылданған бұл заңға қатысты Семей өңірі жұртшылығы арасында түрлі пікірлер айтылып жүр. Дені аталған заң полигоннан зардап шеккен тұрғындарды өз деңгейінде қорғай алмай отыр, сондықтан құжатқа заман талабына сай өзгерістер мен толықтырулар енгізетін кез жетті дегенге саяды. Осы өзекті мәселені облыстық мәслихаттың депутаты Марат Құрманбай көптен бері көтеріп, құзырлы орындардың алдына қойып келеді. «Біріншіден, ең жоғары радиациялық қауіпті аймақ мәртебесін иеленген Абыралы өңіріне төтенше радиациялық қауіпті аймақ мәртебесін беру қажет. Өйткені бұрынғы Абыралы ауданының құрамындағы Қайнар, Абыралы, Алғабас (Доғалаң), Айнабұлақ, Ақбұлақ, Таңат (бұрынғы Соц. Қазақстан) ауылдары полигон ошағының дәл түбінде орналасқан. Екіншіден, Семей ядролық сынақ полигонындағы ядролық сынақтардың салдарынан зардап шеккен, төтенше және ең жоғары радиациялық қауіпті аймақта тұратын азаматтардың зейнеткерлікке шығу жасын төмендету керек. Үшіншіден, Зейнетақымен қамсыздандыру туралы» 1997 жылғы 20 маусымдағы заңның 9-бабы 2-тармағындағы «кемiнде 10 жыл» деген сөздерді алып тастаса жөн болар еді. Яғни, осы заңда 1949 жылдың 29 тамызынан 1963 жылдың 5 шілдесі аралығында 10 жыл тұрған азаматтар ерлер 50 жастан, әйелдер 45 жастан зейнеткерлік төлем алуға құқылы деген бап бар. Осы баптың негізінде қазір 1949-1953 жылдардың 5 шілдесіне дейінгі 5 жыл ішінде туған азаматтар зейнеткерлік төлем алып отыр және көбі қайтыс болып кетті. Ал 1953 жылдың 6 шілдесінен бастап полигон жабылғанға дейін осында туып, осында тұрған азаматтар неліктен экологиялық зиянсыз аймақтардың зейнеткерлік жас мөлшерімен теңестіріліп, ерлер – 63, әйелдер 58 жаста зейнеткерлікке шығуы тиіс? Төртіншіден, төтенше және ең жоғары радиациялық қауіпті аймақтарда тұрып жатқан және зейнетке шыққан азаматтардың үстемеақы алу құқығын шектемей, оны толық көлемде жүзеге асыру үшін, яғни «Семей ядролық сынақ полигонындағы ядролық сынақтардың салдарынан зардап шеккен азаматтарды әлеуметтік қорғау туралы» 1992 жылғы 18 желтоқсандағы заңның 13-бабындағы «1998 жылғы 1 қаңтарға дейiн» деген сөздерді де алып тастау қажет деп санаймыз. Осы заңға қосымша етіп, зардап шеккен аймақ тұрғындарына экологиялық жәрдемақы төлеу мәселелерін қарастырған жөн. Бесіншіден, полигон аумағында мал шаруашылығымен айналысып жатқан меншік иелеріне салық жеңілдіктерін қарастыру қажет. Алтыншыдан, Семей ядролық сынақ полигоны аумағындағы ауыл шаруашылығы мақсатында пайдалануға болатын жерлер жергілікті шаруа қожалықтарына малдарын өсіріп, кәсібін өрістету үшін заңды түрде берілсе дейміз. Сонымен қатар Ресей Федерациясының 2002 жылы қабылдаған «Семей ядролық сынақ полигонынан зардап шеккен азаматтарға әлеуметтік кепілдік туралы» заңында көрсетілген жеңілдіктер біздің заңға да енгізілсе дейміз. Өйткені осы заң аясында 1949-1963 жылдары Семей ядролық сынақ полигонынан зардап шегіп, Ресей Федерациясы аумағында тұрып жатқан азаматтарға түрлі көлемде, соның ішінде 10 жыл ерте зейнеткерлікке шығуға мүмкіндік берілген», дейді депутат.
Расында, көрші елдің жоғарыда аталған заңында Ресейге Қазақстаннан көшіп барған азаматтарға дәріханалар мен емдік-профилактикалық мекемелерде кезексіз қызмет көрсету, өндірістік тауарларды сатып алу үшін ай сайын 394 рубль 83 тиын көлемінде ақшалай өтемақы төлеу, жеке тұрғын үй құрылысына қажет жер телімімен қамтамасыз ету секілді көптеген жеңілдіктер қарастырылған. М.Құрманбай Абыралы өңірі халқының әл-ауқатын, денсаулығын жақсартуға бағытталған мәселелерді шешу мақсатында әзірленген осы ұсыныстарды Парламент Мәжілісіне, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне жібергенімен тиісті нәтиже шықпай отырғанын айтады. Парламент Мәжілісінің депутаты Нұртай Сабильянов Абыралы өңіріне келіп, халықпен жүздесіп, пікірлерін тыңдап, кейін Үкімет төрағасына депутаттық сауал жолдапты. Соның нәтижесінде биыл мемлекеттік бағдарлама арқылы Қайнар ауылына су құбырын тарту жұмыстары басталыпты. Облыстық мәслихат депутаты елдің пікірін ескерусіз қалдырмаған халық қалаулысына Абыралы жұрты риза болғанымен, түйіні тарқамаған мәселелердің әлі де көптігін алға тартады.
Жергілікті жұрт жалғыз аурухананың жабылмауын тілейді
Бұрын аудан орталығы болған Қайнар ауылында да жыл санап халықтың саны азайып бара жатқаны байқалады. Қазір Қайнарда 1800-ге жуық адам тұрады. Осы өңірдің тумасы, белгілі жазушы Сапарғали Бегалин есімін иеленген мектепте 204 оқушы, даярлық тобында – 25, шағын орталықта 38 бала білім алуда. Төрт министр, 14 академик, 12 ғылым докторы мен профессор, 25 ғылым кандидаты және 24 ақын-жазушы түлеп ұшқан білім ордасында бір кездері 600-700 оқушыға дейін оқыпты. Соңғы жылдары мұндағы оқушылар саны да кеміп барады. Мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Маржан Жақыпова осыған қарамастан ұстаздар қауымы оқушыларға заман талабына сай білім беруге тырысып жатқандықтарын жеткізді. «Біздің мектепте өз ісінің шебері дерлік білікті мұғалімдер аз емес. Облыс орталығынан шалғайда орналассақ та, жолымыз нашар болса да, ұстаздарымызды біліктілікті арттыру курстарынан қалдырмай жіберіп отырамыз. Мектеп түлектері мен осында бұрын қызмет істеген ардагер ұстаздардың ұрпақтары бізге көмектесіп тұрады. Қайнар ауылының тумасы, академик Асқарбек Құсайынов жыл сайын мектепті үздік бітірген бір түлекке 100 мың теңге көлемінде шәкіртақы тағайындап отырады. Біздегі мәселе – материалдық базаның төмендігі. Мектептегі компьютерлер ескірген, парталардың көбі сынған, орындық жетіспейді. Интернет мектепте жалғыз ғана компьютерге қосылған. Осы бізге қолбайлау болып тұр», дейді ұстаз.
Халықты жұмыспен қамтып отырған мекемелердің бірі – Абыралы ауруханасы. Бүгінде мұнда техникалық қызметкерлерді қоса алғанда 90-ға тарта адам жұмыс істейді. Медицина мекемесінің полигоннан зәбір көрген халыққа көрсетіп отырған көмегі зор. Өйткені бұл аурухана Алғабас, Абыралы, Ақбұлақ, Айнабұлақ, Таңат ауылдарына, яғни ұзын саны 5 мыңға жуық халыққа қызмет көрсетеді. Жиырма төсектік емхананың күндіз он, тәулік бойы тағы да он адамды жатқызып ем-дом жасауға мүмкіндігі бар. «Ауруханамызда 8 білікті дәрігер, 42 орта медицина қызметкері еңбек етеді. Алғабас, Қайнар, Ақбұлақ секілді ауылдарда жедел жәрдем көліктеріміз бар. Біздегі бір қиын мәселе – рентген аппараты әбден ескіріп, жұмысқа жарамай қалды. Бұл құрылғыны 40 жылдан артық пайдаландық. Ауыстырмаса болмайды. Онсыз сапалы медициналық қызмет көрсету мүмкін емес», дейді аурухананың бас дәрігері Әкімбай Шақантаев.
Біраз уақыт бұрын осы аурухананы ықшамдап, дәрігерлік амбулаторияға айналдыру жөнінде сөз шыққанымен, құзырлы орындар полигон аймағындағы жалғыз аурухананы қысқартудың орынсыз екендігін түсініп, шешімдерін өзгерткен секілді. Абыралы өңірінен депутаттыққа сайланған М.Құрманбай қазан айында осы мәселені облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшылығының алдына қойып, арнайы комиссия құрып, жағдайды өз көздерімен көріп, жұртшылықтың пікірін тыңдап қайту жөнінде ұсыныс білдіріпті. Өскемендегі шенділер бұрынғы жабылып қалған ауданның жағдайымен жақынырақ танысса, халықты шаршатқан шұрық-тесік жолмен жүріп көрсе, бір сәт болсын қиындықты сезінсе мұндағы елдің мұңын түсінер, түсінсе қысқарту туралы емес, өңірді өркендету жайында сөз қозғар, деп үміттенеді қамкөңіл жұрт.
Жалпы, Қайнар ауылы тоғыз жолдың торабында орналасқан. Елді мекеннен 17 шақырым жерден «Аягөз-Қарқаралы» трассасы өтеді. Қарауыл, Қарқаралы мен Баршатас ауылы (180 шақырым), Курчатов (200 шақырым) пен Баянауыл (250 шақырым) да Қайнарға алыс емес. «Бұл жердің болашағы зор. Іргемізде алтын шығаратын Мейізек кен орны тұр. Қазба байлықтары да аз емес. Биыл Қайнар ауылына су құбырын тарту жұмыстары басталды. Бұл жұмыстар 2018 жылы аяқталуға тиіс. Сонымен қатар ауылға интернет тарту мәселесін қолға алып жатырмыз. Ауылда ұялы байланыс жұмыс істейді», дейді ауыл әкімі Сағынғали Қапақов.
Қайнар, Алғабас, Абыралы, Ақбұлақ, Айнабұлақ секілді үлкенді-кішілі ауылдар 300 шақырым шалғайда жатса да тікелей Семей қаласына қарайды. Бұрынғы облыс орталығы Семейде 400 мыңға жуық тұрғын бар екенін, қаланың жыл сайын жырға айналатын жылу, жарық секілді мәселелері көптігін ескерсек, Абыралы халқының «Семей бізге қарайласпайды» деген уәжін де, өз қотырымызды өзіміз қаситын, өз алдымызға жеке аудан болсақ деген өтініш-тілегін де түсінуге болатын секілді. Дегенмен шежірелі өңірдің халқының еңсе тіктеуіне аз да болса өз үлестерін қосып, қолдан келген көмектерін көрсетіп жатқан азаматтар да бар. Бұл ретте 2009 жылы құрылған «Абыралы-Дегелең» қоғамдық қорын атап өтуге болады. Қор Абыралы өңірінде полигон құрбандарына арнап биіктігі 15 метрлік монумент тұрғызып, Ұлы Жеңістің 65 жылдық мерейтойына орай «Ұлы Отан соғысына аттанған абыралылықтар» деген атпен 1500-ден астам майдангердің аты-жөні жазылған тақтатасты ашты. Абыралы көтерілісінің 80 жылдығы қарсаңында Қайнар ауылының орталығында «Бабалар ерлігі – тәуелсіздік тірегі» деген атпен тарихи ескерткіштің бой көтеруіне сеп болды.
Түйін
Қазір Абыралы деп аузыңды ашсаң, жұрттың көбі құдды жаттап алғандай бір ғана сөзді айта жөнеледі. «Ядролық сынақ полигонынан қасірет шеккен азалы Абыралы ғой» демейді, «әлгі кинода бір кісі «Абыралыға баратын кім бар, Абыралыға баратын кім бар?» деп айғайлаушы еді ғой. Сол Абыралы ма?» дейді. Бітті. Сөйткен Абыралыда, 40 жылда 470 жарылыс жасалған Абыралыға бүгінде баратын да, тұратын да адам қалмай барады. Сондықтан Абыралы өңірі ядролық сынақ зардабын тартқан аймақ ретінде тез арада мемлекет қамқорлығына алынып, проблемалары жан-жақты сараланып, арнайы кешенді бағдарлама қабылдануы керек секілді.
Азамат ҚАСЫМ
«Егемен Қазақстан»